Қытай қазірге дейін халықаралық қауымдастықта және ресми мәлімдемесінде Ресейдің Украинаға басып кіруін айыптаған емес. 24 ақпаннан бері Қытай Украина тақырыбында номиналды түрде бейтарап ұстанымды ұстанып келеді. Ал, Қытайдың ішкі ақпараттық үгіт-насихатында Ресейдің әрекетін «басып кіру», «агрессия» деп атаған емес, керісінше «Ресей-Украина арасындағы жанжал» деп көрсетті, әрі болған оқиғаға байланысты АҚШ бастаған Батыс елдері кінәлі деген мәліметтерді таратып келді. Қытай үкіметінің бұндай ішкі ақпараттық үгіт-насихаты қандай нәтиже берді?

Америкалық «Картер центр» зерттеу орталығы жүргізген сауалнама нәтижесіне сай, Қытайдағы желі қолданушылардың басым көбі Ресей-Украина соғысында Ресейді қолдау Қытайдың мүдделеріне сай келеді деп санайды. Эксперттер бұны Қытайдың ресейшіл және антиамерикалық бағыттағы үгіт-насихатының нәтижесі деп санайды.

Аталған сауалнаманы Канадалық RIWI зерттеу компаниясының тапсырысы бойынша «Картер центр» өткізген және сауалнамаларға 5 мыңнан астам қытайлық желі қолданушы қатысқан. Сауалнамаға қатысқан респонденттердің 75 пайызы «Ресейді қолдау Қытай мүдделіне сай ма» деген сұраққа «иә» деп жауап береді. Бұл жауапты таңдағандардың 40 пайызы Ресейді қолдау қытайлық мүддеге «орташа сай келеді» деп санайтын болса, 35 пайызы «толықтай сай келеді» деп қарайды.

Сауалнама нәтижесін талдаған эксперттер қытайлық әлеуметтік пікірді Қытайдағы ресейшіл ақпараттық орта қалыптастырып жатқанын айтады. Яғни, Қытайдағы Ресейді қолдайтын желі қолданушыларының ақпарат көзі негізінен ресми ақпарат құралдары және әлеуметтік желілер. Сондықтан да Ресей-Украина арасындағы соғыста көптеген қытайлықтар Батысқа қарсы көзқарас қалыптастырған.

Қытайдың ішкі және сыртқы ақпараттық үгіт-насихаты туралы бірқатар шетелдік сарапшылардың пікірі мынадай: Қытай Ресей-Украина арасындағы соғысты өз шінде және сыртқы үгіт-насихатында АҚШ бастаған Батыс елдерін айыптайтын әлеуметтік пікір қалыптастыруға ұтымды пайдалана алған.

Сауалнама нәтижесіне сай, 61 пайыз қатысушы Қытайды Ресей-Украина дағдарысын тоқтатуға ұмтылуын қалайды. Ал, медиация мүмкін болмаған жағдайда респонденттердің 60 пайызға жуығы Ресейге моральдық қолдау көрсету Қытайдың ең жақсы нұсқасы деп санайды.

Дегенмен, ішкі әлеуметтік пікірлер Қытай үкіметін ресми түрде Ресейді ашық қолдауға итермелейтіндей деңгейде емес. Былайша айтқанда, Қытайдағы бұндай әлеуметтік пікірге қазіргі АҚШ-Қытай қатынасы әсер етіп отыр. Соңғы жылдары Қытайдың АҚШ, Канада, Британия қатарлы бірқатар Батыс елдерімен мәлімелсі нашарлады. Сауда соғысы, дипломатиялық қайшылықтары күшейді. Бұл жағдайы табиғи түрде қазіргідей жаһандық жағдайда Батыспен ашық тіресуге өткен Ресейді қолдау, кемінде моральдық қолау көрсету пікірін ұлғайтқаны анық. Ал, Бейжің болса Батыс пен Ресей арасында өзінің ұстанымын дипломатиялық саудаға салып отыр деуге болады. Қай тарапты қолдаса да Қытай билігі оның өтеуіне өзіне тиімді және ұзақ мерзімдік келісімдерді талап етуі мүмкін.

The Qazaq Times