Ресей Украинаға басып кіруінің бір мақсаты ретінде НАТО-ның шығысқа қарай кеңеюіне бөгет қою деп көрсеткен еді. Алайда, дәл мұның керісінше Украинадағы жағдайдан кейін НАТО-ның аумағы тіпті де кеңейе түсетіндей. НАТО жақын арада Филяндия мен Швецияның өтініштерін қанағаттандырып, ұйымға қабылдауы мүмкін деп күтілуде. Егер бұл екі ел алянс құрамына кіретін болса, НАТО мүшелерінің саны 32-ге жетеді және Ресейдің солтүстік-батысмен тікелей шекараласатын болады.
НАТО (NATO/Солтүстік Атлантикалық Шарт ұйымы) – 73 жыл болған, әлемдегі ең ауқымды қорғаныс алянсы. Бұл ұйым Екінші дүниежүізілік соғыстан кейін құрылды, сол кездегі мақсаты Еуропаны Кеңестік Мәскеудің экспанциясынан қорғау болатын. Кез-келген бір мүшесіне қарсы шабуыл тұтас ұйымға жасалған шабуыл деп саналатын бұл ұйымның уақыт өткен сайын іргесі кеңіп, жаңа мүшелермен толықты. Сол тұста Кеңес одағы бұған қарсы «Варшава келісімін» түзген болатын, ол негізінен Еуропаның шығысындағы коммунистік елдерден құралған еді. Кеңес одағы құлай салысымен бұл ұйым да ыдырап, тіпті кейбір мүшелері қарсыласы саналып келген НАТО-ға кірді. Сөйткен НАТО бүгін расымен де Ресейдің шекарасына келіп жететін болды. Анығында бұған итермелеген Мәскеудің өзі еді.
АҚШ ақпарат құралдары Ақ үй мен Пентагонға сілтеме жасай отырып, Швеция мен Финляндияның НАТО-ға мүшелік өтініштері маусым айында қаралуы мүмкін екенін жазып жатыр.
Әрине, НАТО Украина үшін Ресеймен соғысып жатқан жоқ. Бұл үшін Солтүстік Атлантикалық Шарт Ұйымының құқықтық мүмкіндігі де жоқ. Егер, Ресей ұйымға тікелей мүше бір елге шабуыл жасаған жағдайда, айталық Лативия, Литива, Эстония немесе Польша секілді, онда НАТО өз күшін Ресейге қарсы жұмылдыра алады. Дегенмен, Украинаның қазірге дейін Ресейге күшті қарсылық көрсете алуында НАТО-ның қолдауын бөліп қарауға болмайды. Ресейдің танктерінен тартып түрлі ауыр әскери техникаларына және тікұшақтарына қарсы соғыс құралдарын көбіне-көп аталған ұйым мүшелері беріп отырды.
Украинада Ресей мен НАТО әскерінің тікелей соғысқа баруы, бұл жаһандық соғысқа бастап кетуі мүмкін еді. Дегенмен, қазір НАТО күштері Ресейге жақын Шығыс Еуропада орналасқан. Балтық жағалауындағы елдерден тартып, оңтүстігі Румынияға дейін мыңдаған НАТО сарбаздары Ресейдің Еуропа бағытын қоршап тұр. Ресми мәліметтерде Шығыс Еуропадағы НАТО әскерлерінің саны 40 мыңға жетеді. Оларға қоса сақадай сай тұрған 100-ден аса соғыс ұшағы, Ресейдің батыс, оңтүстік батыс, солтүстік-батысымен шектесетін теңіздерде 120 әскери кеме тұр. НАТО мүшелерінің үш бірдей әуе тасымал кемесі бұлардың сыртында. Егер алдағы уақытта Филняндия мен Швеция ұйымға мүше болса бұл елдерге де біріккен күштер орналастырылуы мүмкін. Бұл Ресейді батыс тараптан толықтай қоршауға қалдырғанмен бірдей.