Ресей-Украина соғысының басталғанына екі айдан асса да Қытай өзінің ұстанымын әлі де түсініксіз күйде ұстап келеді. Буча қаласындағы жағдайға байланысты халықаралық қауымдастық Ресейді әскери қылмыспен айыптап жатқан тұста, ресми Бейжің бұны «Буча оқиғасының дүрбелеңі» деп қана атады.
Қытайлық ресмилер мен ақпарат құралдары Буча оқиғасы бойынша бір ғана Ресейді кінәлауға болмайды деген ұстанымдарын ашық жазып жатыр. 4 сәуірде Еуропалық сыртқы әрекеттер қызметі өзінің ресми сайтында жариялаған мақаласында қытайлық шенеуніктер мен БАҚ-ының бұл ұстанымдарына баса назар аударды. Бейжің өзін мемлекеттердің тұтастығын сақтау жөніндегі халықаралық қауымдастықтың негізгі қағидаттарын қорғайтындарын айта отырып, Ресейдің Украинаға басып кіруіне қатысты НАТО-ның шығысқа кеңеюін және Ресейдің заңды ұлттық қауіпсіздік мүдделерін елемеген Батысты айыптайды. Аталған мақалада Қытайдың осы бір ұстанымын өз-өзіне қайшылық деп бағалай келе, Украина жағдайында Қытай ішкі және сыртқы аудиторияға АҚШ пен Батыс әлемін айыптауға негізделген ескі метотын жалғастырып жатыр деп санайды.
Қытай тарабы Еуропалық сыртқы әрекеттер қызметінің аталған жазбасына сол күні-ақ жауап беріп, Қытайдың ресми ұстанымын мақсатты түрде бұрмалап отыр деп айыптады.
Батыс пен Ресей қатынасы дағдарыстың терең батпағына батқан қазіргі кезде, Батыс пен Қытай қатынасы да сол бағытқа қарай дамып бара жатқанын көріп отырмыз. Қытай Украина жағдайында Ресей мен Батыс елдерінің қайшылығын пайдалана отырып, өзінің геосаяси мүдделеріне оңтайлы позицияны берік қармануға күш салары анық. Тіпті, «қырғыи-қабақ соғыс жылдарындағыдай» Ресейге байланысты Қытай өзінің позициясын геосаяси саудаға салуы да мүмкін.
Сарапшылар Бейжіңнің Украина мәселесіне қатысты түсініксіз, қарама-қайшылыққа толы позициясын жалғастыру және оны қорғауы Еуропа Одағы үшін Қытайдың сенімсіздігін арттырып келеді. Бұның салдарынан Еуропа кеңістігінде Қытайдың АҚШ-қа қарсы жүргізген бәсекелестік ойынында сәтсіздікке ұшырады.