Қытай қорғаныс саласына бөлетін қаржысын 7,1 пайызға көбейтті. Биылғы жылға арналған бюджет жоспарында қорғаныс шығындарын 1,45 триллион юань (шамамен 230 миллиард АҚШ доллары) деп бекітті. Сәйкесінше, биыл елдің ЖІӨ өсімін 5,5 пайыз болады деп белгілеген еді, демек, арттырылған қорғаныс бюджетінің пайыздық көрсеткіші елдің ЖІӨ өсімінің межелі көрсеткішінен де жоғары. Бұған қарай отырып, Қытай әскери қуатын қарқынды түрде арттыруға кіріскенін білеміз.
Әр елдегі сарапшылардың пайымдауынша, Қытайдың осы қисапсыз қорғаныс қаражатының 40 пайыздан астамы үшінші ұрпақ ұшақ тасымалдаушы кемені (авианосец) жасауға және ядролық арсеналын арттыруға жұмсалмақ. Бұл арқылы Қытай өзінің Халық-Азаттық армиясын «әлемдік деңгейге» көтеру мақсатына жетпек, әрі Тайуанға (Тайвань) шабуыл жасаған жағдайда АҚШ-тың араласуға деген тәуекелін әлсіретуді көздейді.
Егер статистикалық мәліметтерге қарайтын болсақ, Қытай әскери шығыдары жылдан жылға көбейіп келеді, оған қоса жыл сайын қорғаныс шығындарын бекіткен кезде бұрынғыдай жалпы ішкі өнімнің өсу деңгейіне қарайламайтын болды. 2019 жылдан бері Қытай қорғаныс бюджетін әр жолы максималды деңгейде көбейтті.
Қазір Қытай басшысы Ши Жінпің (Си Цзинпиң) армияны басқарудың жаңа стратегиясын ұсынып, оны «Жаңа дәуірдегі армияны күшейту мен басқарудың сегіз табандылығы» деп атауда. Онда негізінен армияны заңмен басқаруды негіз ету және ҚКП-ның армияны басқаруын қамтамасыз ету көзделген. Ал, Шидің бұл бастамаларын осы реткі Бүкілқытайлық халық өкілдер жиналысындағы армия өкілдері қолдап шықты.
Қытайдың әскери бюджетін көбейтуге нелер ықпал етті?
Қытай Халық Республикасының билігіндегі коммунистік партиясында жаһанды ауқымды амбицияның бар екені белгілі. Жалпы Қытай қарқынды түрде жаһандық көшбасшылыққа ұмтылып жатқан держава. Ал, жаһандық көшбасшылықты қамтамасыз ету үшін қуатты армияға мұқтаж екені айтпаса да белгілі. Дегенмен, соңғы жылдары Қытайдың жедел түрде қорғаныс шығындарын арттыруына әсер еткен бірқатар факторлар бар.
Ең алдымен АҚШ пен оның Үнді-Тынық мұхит аймағындағы одақтастары мен серіктерінің ортақ қорғаныс стратегиясы Қытайды аталған аймақтағы әскери әлеуетін, қарсыласу мен өзін қорғануға және тиісті кезде шабуыл жасауға қабілетті армияға мүдделі етті.
Бұған қоса АҚШ, Британия және Аустралия сынды үш елдің жаңа қорғаныс ытымақтастығын дамытуы, соның ішінде Қытаймен Үнді-Тынық мұхит аймағында тікелей байланысқа түсетін Аустралияға сүңгуір кеме жасаудың технологияларын беруі Қытайдың кезекті қорғаныс бюджетін көбейтуіне алып келген себептің бірі.
Сондай-ақ, Ресей мен Украина арасындағы соғыс та Қытайға дабыл болып қағылды. Бұл соғыс әлем елдерінің қайқтығыстар мен шиеленістерді шешудегі метотикасын өзгертті. Ендігі жерде қақтығыстар мен шиеленістерді толықтай қарулы күш арқылы шешу сынды қауіпті шешімдер көптеген елдер мен аймақтарда орын алуы бек мүмкін. Қытай жаһандық осындай бетбұрыста өзінің орынын бекемдеу мен ұлттық мүдделерін қамтамасыз етуде қарулы күштердің маңызын терең сезінді.
Шидің өз ойлағаны бар
Қытай басшысы әскери салаға мол қаржы бөлу арқылы өзінің билік орнын бекемдеуді де көздеуі де мүмкін. Отандық тәуелсіз сарапшылардың бірі Ерлан Мазан осындай болжам ұсынады. Биыл күзде, мүмкін қазан айының аяғында ҚКП-ның ХХ съезі өтеді. Съезде Си Цзинпиң қалыптасқан дәстүрді бұзып үшінші мәрте ОК төрағасы болып сайланбақн Осыған байланысты кландар мен саяси топтар арасында шиеленрісті күрес жүріп жатқаны даусыз. Си үшін армия тараптың қолдауы өте маңызды. Әскери шығыстың күрт өсуі осы қолдауды нығайта түсудің шарасы болуы да ықтимал», – дейді Ерлан Мазан өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Отандық сарапшының бұл сөзін Аустралия ұлттық университетінің Азия-Тынық мұхиты колледжінің оқытушысы айтқан пікір де толықтыра түседі. Ол VOA агенттігіне берген пікірінде Қытай Коммунистік партиясының 20-шы ұлттық съезі өтетін жылы әскерге бөлінетін қаржының осыншама көбейтілуінде саяси мақсаттың бар деген көзқарасын айтқан. Оның пікірінше, Ши алға қойған «Қытай арманы» мен «қуатты армия арманы» арасында терең сабақтастық бар, бұл Қытай басшысының билік элитасы ортасындағы орынын бекемдеуге қызмет етеді деп санайды.
Түйін
Қытай қорғаныс шығындарының қарқынды көбеюі оның әскери қуатына, ядролық қуатына сондай-ақ, нақты ұрыс қабілетінің артуына алып келері анық. Бұл өз кезегінде жаһандық қауіпсіздік теңгерімінің қайта жаңалануына, ең кемінде Үнді-Тынық мұхит аймағындағы қару-жарақ жарысының қарқын алуына түрткі болады. Осыдан барып тұтас жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылық, бейбітшілікке жаңа сын-қатерлер өсіп шығады. Тағы бір маңызды мәселе Тайуан. Қазіргі кезде демократия мен авторитарлы елдер арасындағы шекара болып тұрған Тайуанға төнетін қауіптің деңгейі тағы бір сатыға жоғарлады. Оның үстіне Қытай армиясының жалпы қуаты мен теңіздегі соғыс қуатының артуы АҚШ-тың Тайуанға араша түсуге деген тәуекелін барған сайын төмендетіп келеді.