Бейжіңде өткен қысқы олимпиада ойындарында Қазақстан жеңіліс тапты. Анығырақ айтқанда, біздің команда олимпиадаға жәй ғана қатысып қайтты. Яғни, спортшыларды бастап апарғандар басты міндет жарыста жеңіп шығу емес, қатысқанның өзі жетістік деген қағиданы ұстанды. Елге оралған соң Қазақстан құрамасының ту ұстаушысы, олимпиадада төртінші орынға тұрақтаған Абзал Әжғалиев спортшыларға жағдайдың жоқтығын айтып, оған нақты деректер келтірді.
Әжғалиевтен өзге спортшылар орта есеппен ондық пен отыздықтың қатарында болды. Олардың арасында жаңадан бастағандар да, еңбек сіңірген спорт шеберлері де бар. Бұл жолы қазақстандық спортшылар бәрі жабылып,ауыз толтырып айтарлықтай көрсеткішке қол жеткізе алмады.
Осы жолы ғана емес, былтырғы жазғы олимпиада да біздің ел үшін сәтсіз болғаны белгілі. Осыдан кейін-ақ нәтиже шығаруға болар еді ғой. Қай тұсымыз ақсап тұр? Неге баса көңіл бөлген жөн? Не кедергі? Яғни, спортшыларымыз не себепті жеңіс тұғырына көтеріле алмай халқын қуанта алмай жүр,- деген сауал туындайды.
Сарапшылардың айтуынша, сала мамандары барлық жауапкершілікті спортшыларымызға артып қойған. Сөйтіп, оларда жеңіске деген ұмтылыс жоқ. Бойларынан отансүйгіштік қасиет те табылмайды, деп құтылады. Бірақ, шын мәнінде бәрі олай емес.
Олимпиадалық деңгейдегі әдістемелік спорттық дайындықты ішкі мотивациясыз жүргізу мүмкін емес. Яғни, спортшының жүрегі туған елім деп соғып тұруы тиіс. Ол жан-тәнімен Отанын сүюі тиіс. Сонда ғана көк туды желбірете алатындықтарын осы жерде өскен әрбір қазақстандық олимпиадашы жақсы біледі. Халықаралық жарыстарда әнұранды ойнатып, тудың көкке көтерткізу барлық спортшының асқақ арманы. Оған жету үшін барлық күш-жігерін жұмсайтыны да анық. Бұл жерде қазақстандық спортшылардың патриотизмі туралы мәселені қозғаудың өзі артық. Өйткені, олардың барлығы тәуелсіздік алғаннан кейін дүниеге келген ұрпақ.
Біздің спортшылар туралы айтсақ, қандай жарыс болсын соңғы рет қатысып жатқандай өнер көрсетеді. Бүкіл уақыттарын зая кетіреді. Оған бар күш-жігерін сарп еткен соң денсаулыққа да кері әсері тиіп жатады. Сондықтан, мүмкін емес нәрсені істеуге тырысқанда ауыр жарақаттар алып, кейіннен психологиялық күйзеліске ұшырап депрессияға түседі. Мәселен, дәл сондай жарақатының кесірінен ақпан айында небәрі 22 жасында аса дарынды мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева спорттық мансабын мерзімінен бұрын аяқтады.
Тағы бір мәселе, елімізде қанша олимпиадалық дәрежедегі спортшы дайындалды? Олардың нақты саны қанша? Осы сұраққа жауап жоқ. Бұлай деп отырғанымыздың себебі, дәл сол спортшылар техникалық және адам ресурстарын қажет ететін қысқы ойындарда біздің көрсеткіштерімізді қамтамасыз етеді. Олимпиада ойындарына жолдама ұтып алатын чемпиондардың санынан-ақ ол мемлекеттегі спортқа деген жанашырлықты байқауға болады.
Америка Құрама Штаттары, Қытай, Скандинавия елдері мен Канада сияқты алпауыттар бірнеше ондаған (кейде жүздеген) спортшыларға арналған олимпиадалық дайындық кестесін іске қоса отырып, мықты дегендердің өзін іріктеп, ішінен ең үздіктерді іріктеп алады. Бұл ұлттық құрамадағы оқыстан болатын түрлі жағдайлардың алдын алатыны рас. Өмір болған соң адам ауырмай тұрмайды. Одан өзге де адами факторлар орын алып жатады. Сондықтан, бұл жүйенің пайдасы болмаса зияны тимейтіні дәлелденген дүние.
Өкінішке қарай, Қазақстанда қолда бар ашық ақпаратқа сүйенсек, біздегі спортшылардың тізім қысқа қайырылады. Тіпті оны жоқ жоқ деуге де болады. Анығын айтқанда, күтпеген жерден бір олимпиадашы саптан шығып қалса, ол бірден байқалып қалады. Денис Теннің өлімі мен Элизабет Тұрсынбаеваның ауыр жарақаты біздің қазіргі спорттағы жағдайымызды көпке жайып салды.
Олардың орнын басатын кандидаттардың жоқтығынан, жастары белгіленген мөлшерден, яғни шектеуден асып кеткен спортшылардың өзі өнер көрсетуге мәжбүр. Жаттығу кезінде кездейсоқ жарақат алу немесе жалғыз үміткер спортшының ауырып қалуы бізді автоматты түрде олимпиада медалінен айырады. Мысалы, могулдан ұлттық құраманың көшбасшысы, фристайлдан Оңтүстік Кореяда үшінші орын алған тәжірибелі шаңғышы Юлия Галышеваға қатысты дәл сондай жағдай болды.
Барлық спорт түрі елімізде бұқаралық деңгейге өтіп, кеңінен танымал болғанда ғана үздік спортшылардың да қатары көбейеді. Қазақстан ойындарға 34 адамнан құралған үлкен команда шығарды. Ал, мамандарға Бейжіңде олимпиада ойындарының 15 бағыт бойынша өткенін ескеру қажет. Басқаша айтқанда, орта есеппен оның біреуіне 2 спортшы шығып отырады. Олардың дайындық деңгейі әртүрлі болуы мүмкін.
Қарапайым математика көрсеткендей, егер бірінші бестіктегі үміткер қатардан шығып қалса, осы отыздықтағы екінші спортшыны оның орнында өнер көрсетіп медаль алуы екіталай. Міне, Қытайда осындай көріністерді біздің команда басынан өткерді.
Егер, Қазақстандағы бұқаралық қысқы спорт түрлерінің аянышты жағдайын білсеңіз, бұған таңғалмайсыз. Өкінішке қарай, тәуелсіздік алған отыз жыл ішінде олимпиадашылар «гидропондық өсіру» әдісімен дайындалды. Әзірліктің ауқымы өте тар болды. Спортқа балаларын әкелген ата-аналар мен аздаған спортшылар әулеті балалары үшін ештеңе аямағанымен нәтиже шығара алмай қамықты. Олар тіпті қаржысын да аямады. Мұның бәрін спортсүйер қауым жақсы біледі.
Бұл ретте бізде дәстүрлі жолды таңдауға жол берілмеді. Атап айтқанда, АҚШ немесе Канада елдеріндегі сияқты көптеген дарынды спортшылардың арасынан үздіктерді іріктеу жағы мүлде еленбеді. Ал, шын мәнінде оның болашағы мен стратегиялық сипаты жалпақ жұртқа белгілі. Өйткені, бұл жол қалың бұқараны спортжетістігіне жетелейді. Сайып келгенде, ол олимпиадалық команда үшін сарқылмас ресурс болып табылады. Сонымен қатар, оның нәтижесі даңқ тұғырына шығаратынын Норвегия тағы бір мәрте дәлелдеп берді.
Мәселен, Норвегияда 5,3 миллион азаматтың 4,7 миллионы тұрақты түрде спортпен шұғылданады. Ең шағын елді мекеннің өзінде стадион, мұз айдыны, бассейн, шаңғы трассалары бар. Онда бірінші сыныптан бастап барлық бала тамаша жабдықталған спорт секцияларына тегін барады. Соның нәтижесінде бұл ел Қытай, Ресей сияқты алпауыт елдерден әлдеқайда озып, қысқы Олимпиада ойындарында ең көп алтын медаль алды.
Жер көлемі мен тұрғындар санының азды-көптігіне қарамастан, кез-келген ел спорттан жоғары көрсеткішке жете алады. Мысалы, халқы екі миллионнан аспайтын Латвия қысқы ойындарға 57 спортшы апарды. Әрине бұл таңғаларлық жағдай. Өзімізді олармен адам саны жағынан салыстырсақ, онда біз олимпиадаға 500 спортшыдан тұратын команда жасақтауымыз керек еді.
Латвия мұндай жетістікке бұқаралық спортты дамыту арқылы қол жеткізе алды. Қазақстан болса, Ұлттық Олимпиада комитеті атынан оператор арқылы қомақты ақша құя отырып, оны шетелдік спортшыларды сатып алуға, лауазымды тұлғаларға жалақы төлеуге, сондай-ақ адам түсінбейтін түсініксіз қызметтерге жұмсады. Енді оның анық-қанығын анықтау құзырлы органдардың еншісінде.
Қысқы спорт түрлерінің жаппай бұқаралық сипатқа ие болуы үшін және оны халықтың бәріне бірдей қолжетімді болатындай етіп дамыту үшін мемлекет пен бизнес иелері біріккені абзал. Барлық жерде, атап айтқанда үлкен қалалардан бастап, шағын ауылдарға дейін спорт нысандарымен қамтамасыз етілуі тиіс. Осы бағытта ауқымды құрылыс жүргізілуі қажет. Оған біздің елдің мүмкіндігі жетеді.
Мәселен, Түркістаннан келген дарынды баланың атағы жер жарған хоккейші, Солтүстік Қазақстан облысының шалғайбір ауылынан келген қызға атақты мәнерлеп сырғанаушы болуға мүмкіндік беру үшін мұндай жұмысты қазірден бастау керек екенін түсіну керек. Біз осыған дереу кіріссек те, оның нәтижесін бірден көре алмаймыз. Яғни, жоғары көрсеткішке төрт жылдан соң, 2026 жылы Италиядағы қысқы олимпиада ойындарында де жетпейміз. Тек қана жиырма жылдан кейін ғана жергілікті жаттықтырушылар дайындаған спортшылар Қазақстанның атын әлемге танытуы әбден мүмкін.
Сонымен қатар, бұқаралық қысқы спорт түрлерін дамыту -ірі жарыстар өткізгеннен кейін үнемі қаңырап бос тұратын спорт нысандарына жаңа тыныс бермек. Ұлтымызды сауықтыруға, барша қазақстандықтардың салауатты өмір салтын ұстануына, спортпен айналысуына, жастар арасындағы суицидті азайтуға, түптеп келгенде, қазақты шыныққан шымыр, дені сау ұлт болып қалыптасуына септігін тизібек.
Жоғарыда айтылғандарға қоса, бұл қарапайым қазақстандықтардың да, басқарушы элитаның да психологиясын оң бағытта өзгертуге көмектеседі. Олимпиадалардағы жеңістер таңдаған бағыттың дұрыстығының дәлелі ретінде керек. Сондай-ақ, ол бұрынғы тоталитарлық қоғамға тән саяси режимді заңдастырдыңу тетігі ретінде қажет.
Егер мемлекет қысқы спорт түрлерімен айналысуды қолжетімді етуге шындап кірісер болса, онда олимпиада жеңістеріне деген көзқарасты түбегейлі өзгертеді. Өйткені бұл мемлекеттің ауқымды әлеуметтік бағдарламасының бір бөлігі ретінде қабылданады. Олимпиада алаңындағы жеңіс пен жеңіліске қарамастан, әрбір азамат біздің онсыз да спортсүйер ел екенімізді жақсы түсінеді. Себебі, ол күн сайын спорт секциялары мен арнайы орталықтардағы арнайы жаттығуларға баратын балаларының ертеңіне сеніммен қарайды.
Егер бәрі біз атап өткендей болса, Қазақстан болжаммен Тәуелсіздігіне жарты ғасыр толған кезде нағыз спорты дамыған алпауыт елдермен қатар тұра алады. Бұл 2042 жылғы қысқы олимпиадаға тұспа-тұс келеді. Біз ол кезде жарыстан ұтамыз ба әлде ұтыламыз ба оның маңызы болмай қалады. Өйткені, Қазақстан өз азаматтарының қамын ойлайтын елдің тамаша үлгісін көрсетеді,-деп сенейік. Сонда ғана әлем жұрты қазір норвегтер туралы айтқандай, қазақтар туралы жақсы пікір айтатын болады ...
Фархад Қасенов, саясаттанушы