Путинге керегі осы ма еді? Онсыз да Ресейдің Батыс елдерімен қарым-қатынасы нашар күйде тұрған, Украинаға шабуыл жасалғаннан кейін Мәскеу тіпті де ауыр саяси-экономикалық соққы алды. Қазір Ресей Батыстың күйретуші санкцияларына тап болып, әлем елдері жағынан «басқыншы мемлекет» қатарында қаралып жатыр. Бұғаттау мен шектеулер осымен ғана шектелмейді, Батыс әлемі Ресейді түбегейлі оқшаулап тастауға кіріскендей.
Көптеген сарапшылар, Украинаға шабуыл жасаудың алдында Путиннің жалпы геосаяси жағдайға қатысты пікірлері мен оны жеткізудегі тәсілдерінің оғаштығына назар аударды. Оның ЛНР мен ДНР-ге қатысты шешімдері және Украинаға шабуыл жасауы «шындықтан алыстап қалған саясаткер» деп бағалауға жол ашты. Тіпті, кейбір елдің лидерлері, ресмилері «ақыл-есінің дұрыстығына күмән келтіремін» деп те жатты. Алайда, бұған дейінгі Путиннің мінез-құлқы мен саяси портретіне қатысты ұзақ уақыттық әлеуметтік және құпия барлау мәліметтеріне негізделген бағалау нәтижелері бұған қайшы. Бұған дейінгі бағалауларда 69 жастағы Путинді салқынқанды, айлакер, қауіпті және авантюрист деп қарайды.
Сонда, бұндай Путинге керегі осы ма еді? Жалпы, Украинадағы соғыс әне-міне болады, болмайды деп тұрған тұста «Путин қауіпті ойынға бәс тіккелі отыр» деген болжамдар айтылып еді. Ендігі жағдайдан қарағанда Путиннің қойған бәсі өзі үшін ғана емес, әлем үшін де қауіпті болып бара жатқан жоқ па?
«Путиндік Ресейді бағаламау әрқашан дұрыс емес», – деген еді Орталық Барлау Агенттігінің (ЦРУ ары қарай ОБА немесе CIA) диркторы Бернс ақпан айындағы Конгресс алдындағы жауап беру кезінде. Жалпы АҚШ барлау қызметінің бұрынғы лауазымдылары дерліктей Путинді «ақылсыз» немесе «есі ауысқан» деп бағалау үлкен қателік болатынын үнемі ескертіп келеді. Айталық, СІА-дің отставкадағы құпия агенттерінің бірі Дэниел Хоффман осыдан бірнеше күн бұрын VOA агенттігіне берген жауабында: «Путиннің жай ғана КГБ-нің салқынқанды есепшісі болғаны туралы дерек жоқ...», – дей келіп Ресейдің Шешенстандағы, Грузиядағы, Қырымдағы және Сүриядағы сәтті әскери авантюралары туралы айтады. Ол және: «Менің ойымша ол ешқандай қателік жіберген жоқ», – деп Путиннің бұған дейінгі "сәтті әрекеттеріне" көз жібереді.
Осы аталған Хоффман, сондай-ақ, ОБА Ұлттық қарсы барлау құпия қызметі директорының бұрынғы орынбасары Марк Келтон және өзге де АҚШ барлау қызметінің бұрынғы лауазымдылары, отставкадағы агенттерінің Путин жөніндегі пікірі былайғы саясаттанушылар мен саясаткерлерден өзгеше. Олар Путин қазіргі әлемдік жағдайға қарай отырып, өзінің дегеніне жетуге орай келді деп санағанын әрі жаһандық жағдайдағы кейбір нәтижелер онышабыттандырды деген қорытынды жасайды.
Олардың айтып отырған «Путинді шабыттандырған нәтижелерді» былай деп түсіндіруге болады: Құрама Штаттарда кейінгі кезде кейбір ішкі саяси келіспеушіліктер ашық көрінді, оның үстіне Ауғанстаннан әскер шегіндіру секілді шешімдер «АҚШ-тың әлсіз жақтары ретінде» көрніс тапты деуге болады. Жалпы кейінгі геосаяси жағдайлар АҚШ пен оның одақтастарының шетелдегі қақтығыстарға араласқысы келмейді деген қортындыға жақын болды. Оның үстіне АҚШ пен Қытай қатынасының статегиялық бәсекелестік деңгейіне өтуі де Путинді шабыттандыра түскені айдан анық. Ресей үшін Қытай ұзақ уақыттың жасырын жатқан бәселес әріптесі болғанымен, «Батыспен қарсыласудай» қазіргі жағдайда бір шепте болатындай көрінсе керек-ті.
Дегенмен, Путинге қатысты бағалауларға көз салып отырсақ, америкалық барлау қызметкерлерінің пікірін толықтыра түсетін тағы бір көзқарастарды кездестіреміз. Мысалға, грузиялық сарапшы Молли МакКьюдің (кезінде Грузия президені мен Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің кеңесшісі болған) пікірінше Путин «өзінің және Ресейдің көзқарасындағы билік пен мұра үшін күрескісі келеді» (аталған пікір Policy Forum порталынан келтірілді).
Ал, Путиннің Украинаға шабуыл жасаудан бұрын жасаған мәлімдемесіне қарап оның мінез-құлқында өзгеріс бар деген сарапшылар да өздерінің ойланарлық уәждерін келтіреді. Бұған Торонто университетінің саясаттану кафедрасының доценті Сева Гуницкийдің VOA-ға берге пікірін көрсетуге болады. Ол пікірінде: «Бұл жолғы айырмашылық – қорқынышты үн мен әрең жасырылған ашу. Бұл уәждеме емес, қоқан-лоққы сөз болды, әрі ол өзінің қалпы мен мимикасын қорқытатындай етіп өзгертті», – деген сөздерді келтіреді.
Расында да Путиннің үркіте-қорқыта жасаған кейінгі мәлімдемелері оның өзіне жақын әскери және саяси тұлғалардан басқа ауқымды қоғамдық көзқарастар мен жеке тұлғалардан алыстап бара жатқанын да байқатады. Бұндай жағдайды барлық авторитарлық жетекшілердің басында болатын жағдай деп санайтындар да бар. Былайша айтқанда, түрлі өзге көзқарастарға сенуді қойып, керісінше оларға қатаң ұстаныммен қарап, бағалау есептерінде де бұндай көзқарастарға сенуден барынша сақ тұратын дарабилеушілердің ортақ мінез-құлқы деуге де келеді.
Не десек те Путин расында «шындықтан алшақтап», қазіргі жаһандық геосаяси жағдайды тура бағаламай жатқан күнде де, тіпті «ақыл-есі тұрақты болмаған» жағдайда да өзге елдердің, әсіресе Батыстың Путинді «ақылсыз» деп қабылдауы қауіпті. Себебі, Путинді ақылсыз деп есептеу белгілі деңгейде Путиннің өзіне де керек. Мынадай қарулы күш қолданылған шиеленісті жағдайда ел лидерлері ақылды, парасатты қарсыласынан көрі ақылсыз жетекшілерден қорқады. Бұл өз кезегінде кейбір ұстанымдардың босауына, белгілі деңгейде Ресейдің мүддесін қанағаттандыруға қарай бұрылып кетуге де әсер етуі мүмкін.