Қалыптасқан ауқымды геосаяси дағдарысқа қатысты көптен бері пікір білдірмеген Ресей президенті Владимир Путин АҚШ Ресейді соғысқа итермелеп жатыр деген мағынада мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, Уашингтон Ресейге көбірек санкция салу үшін тараптардың қайшылығын пайдаланып отыр.
Президент Путин Венгрия премьер-министрі Виктор Орбанмен Мәскеудегі кездесуі кезінде: «АҚШ Уркинаның қауіпсіздігі үшін оншалықты алаңдап жатпағаны көрінеді... АҚШ-тың басты мақсаты Ресейдің дамуын тоқтату, бұл үшін Украинаны құрал қатарында қолданғысы келеді», – деген пікірін ортаға салған.
Осымен қатар Украинаға сапарлай барған Британияның бас уәзірі (премьер-министрі) Борис Жонсон: «Ресей Ураинаның басына мылтық кезеп тұр», – деп салды. Ол сондай-ақ, Ресей қол салатын болса Украина армиясы қарсы тұруға дайын екенін де айтып өткен. «Ресей қайшылықты ретке келтіріп, диалогқа келеді деп үміттенемін», – деп қосымшалайды Жонсон.
Бұл сапарында ағылшын премьері Жонсон Британияның Украина қарулы күштерін қолдау мақсатында 119 млн АҚШ доллары көмек беретінін де мәлімдеді.
Украина президенті Зеленский болса Ресей Украинаға соғыс ашатын болса бұл соғыс тек Ресей-Украина арасындағы ғана емес, Ресей мен Еуропа арасындағы соғыс болатынын ескертті. Бұған қоса ол Батысты Ресей соғыс ашсын-ашпасын қатаң санкциялар салуға шақырды.
Кремль басшысының сөзіне сенсек, Құрама Штаттар Ресейдің Еуропадағы НАТО әрекеттеріне қатысты алаңдаушылығына көңіл аударып отырған жоқ. Бұған дейінгі келіссөздерде Мәскеу тарабының посткеңестік елдердің НАТО-ға қосылмауы, ұйымның шығысқа жылжымауы секілді талаптары кері қайтарылған еді.
Ресей басшылары Украинаға қарсы соғыс ашу жоспарымыз жоқ дегенімен, шекара маңындағы 100 мыңнан астам әскері мен ауыр әскери техникаларын кері қайтармай отыр. Келер аптада Германияда тараптар шешуші келіссөз отырысын өткізеді. Соғыстың болатын-болмайтыны осы келіссөз отырысына қатысты деген пікірлерде шығып жатыр. Қазір тараптардың ұстанымындағы қайшылық дағдарыс пен соғыстың білтесі болып тұр деуге болады.