Бұгін тіркелмеген Демократиялық партияның жетекшісі, саясаткер Жанболат Мамай «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбекке қарсы кассациялық шағым түсіргенін мәлімдеді. 

Саясаткер Жанболат Мамай: «Нұр Отан» төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің жемқорлығын жан-жақты әшкере еткеніміз белгілі. Бірақ, Алматы соттары біз келтірген дәлелдерге назар аудармай, шешімді тапсырыс бойынша Байбектің пайдасына шығарғаны мәлім. Бүгін мен сол шешімдермен келіспейтінімді білдіріп, ҚР Жоғары сотына кассациялық шағым жолдадым.

Назарбаев жеке билігін масқара болып тапсырылғалы бері елде «әділдік, шындық болады» деген уәделер үйіп төгіліп беріліп жатыр. Бұрын мызғымас қамал болып тұрған Әлия Назарбаеваның Оператор РОП басшылығына қатысты да қылмыстық іс қозғалуда. Олай болса, Назарбаевтың «Нұр Отандағы» бірінші орынбасары болған, оның кластасының ұлы болғаны үшін Алматы әкімі еткен, басқа да лауазымды қызметтерге тағайындалған Байбектің жемқорлығына қатысты сот шешімі шыға ма? Біздің қолымыздағы қаншама дәлелдер далаға кетпей, Жоғары сотта әділ қарала ма? Міне, соны көрейік.
Байбекті «ақтап» шыққан Әуезов ауданы мен Алматы қаласы сот шешімдері жоққа шығарылуы тиіс деп санаймын. Біздің келтірген дәлелдеріміз, дәйектеріміз бен құжаттарымыз есепке алынып, сот шешімі біздің пайдамызға шығарылуы тиіс! Алматыны тонаған Байбек мұнымен қоймай, біздің жүргізуші куәлігімізге дейін тартып алғаны белгілі. Міне, осы сорақы сот шешімдерінің барлығы күшін жоюы керек. Әрине, әділдік, шындық болса.
Ендігі сөз — Жоғары сотта. Бұрынғыдай байбектердің мүддесін қорғап, шындықты тұншықтыра ма, әлде ақиқатты ту етіп шешім шығара ма — жақында көреміз.  —деген өзінің ФБ-дағы парақшасында.
Бұған дейін саясаткер Жанболат Мамай биліктегі "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің жемқорлыққа қатысы бар екендігін дәлелдейтін бейне жазба жарялаған болатын. Осыған байланысты өткен жылдың сәуірінде Байбек Мамайды сотқа беріп сот үкімі Байбектің пайдасына шешілген. Алайда Мамай бейне баянды өшіруден бас тартқан болатын.