Ресей мен Украина арасындағы ықтимал соғыс қатері қазір көптеген елдің баса назар аударатын тақырыбы. Бұл мәселеге әр тарап өз тұрғысынан көз тастап, аймақтағы өз мүддесіне төнетін қауіп-қетер мен жаңа мүмкіндіктерді қарастырып жатқаны сөзссіз. Көптен бері Қытай ақпарат құралдары да Ресей мен Украина арасындағы соғыстың туу мүмкіндігін, оның себебі мен салдары туралы талқылап келеді. Онсыз да Қытай аймақтағы геосаяси жағдайға баса назар аударады, себебі бұл жаһандық ірі жобаларына, өзінің ұзақ мерзімді стратегиялары мен кейбір ұлттық мүдделеріне әсер етеді.
Сонымен, Ресей мен Украина арасындағы соғыс қатері және НАТО-Ресей арасындағы жағдай Қытайға қандай әсер болуы мүмкін?
Жалпы жағынан айтар болсақ, қазіргі қалыптасқан жағдай Қытай үшін тиімсіз. Ресейдің 100 мыңнан астам әскері Украина шекарасында тұр, Беларусь жерінде бірлескен әскери жаттығу басталу алдында. Бұл Шығыс Еуропада Ураина-Ресей ғана емес, НАТО-Ресей арасындағы соғыс қаупін арттырып отыр. Ал, аймақтағы соғыс немесе қазіргідей тұрақсыздық Қытай үшін тиімді шарт емес. Себебі, Қытайдың теміржол тасымалы арқылы тауар тасымалының едәуір бөлігі Ресей-Беларусь-Польша арқылы Еуропаның ішкі аймақтарымен жалғасады. Оның үстіне Қытай Украинаның да, Ресейдің де ең үлкен сауда серігі, екі ел арасындағы қақтығыс Қытайдың сауда және шикізат тасымалына тікелей әсер етері анық.
«Өртке оранған Жаңа Жібек жолы»
Көп жылдан бері Қытай өндірісі мен экономикасының дамуында теңіз тасымалының маңызы жоғары болып келген. Африка құрлығынан, Парсы шығанағынан, Оңтүстік-Солтүстік Америкадан, Аустралиядан келетін шикізат тасымалы Қытайды белгілі деңгейде Малака бұғазы мен Оңтүстік Қытай теңізіндегі тұрақтылыққа, Шығыс Қытай теңізінің қауіпсіздігіне тәуелді еткен болатын. Сауда соғысынан басталып, соңы жаһандық көшбасшылыққа таласқа ұласқан АҚШ-Қытай қатынасынан кейін Құрама Штаттар мен оның Үнді-Тынық мұхит аймағындағы одақтастары мен серіктері Қытайдың осы алып геосаяси аймақтағы ықпалын тежеуге кірісті. Бұл Қытайдың теңіз-мұхиттағы адымын тұсап, Қытай ықпалы еріксіз өзінің батыс, оңтүстік және солтүстік-батыс аймақтарымен шектесетін елдерге қарай ғысады деген болжамдар жасалған. Бұл болжамдар белгілі деңгейде расталған да.
Теңіз жолы тұсалған Қытай Мьянма арқылы Үнді мұхитқа, Пәкістан арқылы Парсы шығанағы мен Қызыл теңізге, Орталық Азия арқылы Каспий мен Оңтүстік Кавказды басып Еуропаның орта тұсына шығуға қам қылды. Бұған қоса Ресейдің кең территориясы арқылы да сауда-тасымал жолы жоғарыдай айтқандай Польшаға, Норман жазығына жетіп жатты. Осы жолдарды жүйеге келтіріп, инфрақұрлымдық дамуын қалыптастыратын «Бір белдеу, бір жол» жобасы, яғни «Жаңа Жібек жолы» жобасын Қытай басшысы Ши Жинпиң (Си Цзиньпин) Қазақстандағы сапары кезінде ортаға қойған еді. Содан бері аталмыш жобадағы Қазақстанның маңызы айрықша болып келген-дүр. Алайда, «Қаңтар оқиғаларынан» кейін Қазақстан арқылы Ресейге, Каспийге, Оңтүстік Кавказға өтетін тасымал жолының тәуекелі қиындай түсті. «Жаңа Жібек жолының» бұдан өңтүстікке таман өтіп жатқан тармағына Ауғанстан әсері де қолайлы ықпал жасап тұрған жоқ. Енді міне Қытай тасымалының Еуропаға жалғасатын тағы бір бөлігінде соғыс қатері күшейіп тұр.
Осының бәрі қандай да бір пікір дәлелді қажет етпейтін, болған ситуациядан көрініп тұрған картина. Демек, Қытай өзінің ең ірі сауда серігі саналатын Еуропалық Одаққа жалғасатын сауда-тасымал желісінің жағдайы мәз емес екенін біледі. Тіпті бұл жағдайды Тайуан ақпарат құралдары «Жаңа Жібек жолы өртке оранды» деп те жазып жатыр. Дәл мұндай жағдайда Бейжің Ресей мен Украина арасындағы соғыстың болуын қаламасы анық. Бірақ, мәселенің өзге де қырлары бар.
Тәуекелі үлкен ойынға бәс тігу
Путин үшін Украинаға соғыс ашу тәуекелі жоғары бәс ойыны деген пікір көп. Жеңу мен жеңілу неғайбыл, жеңіп шықса Еуропа мен АҚШ-ты дегеніне көндіруге мүмкіндігі бар, жеңілсе бұл Ресей үшін үлкен шегіністің бастамасы ғана.
Қытай тұрғысынан алғанда, Путиннің жеңісі ең әуелі Қытайдың Батыспен қарсыласуына үлкен ерік-жігер береді Тіпті, Тайуанды қарулы күшпен басып алуға батыл шешім жасауы да мүмкін. Ал, Ресей НАТО-дан жеңілген күнде де Қытай үшін тиімді жақтары жоқ емес, ол болса – Ресейдің әлсіреуінен кейін табиғи ресурстарға бай Сібір даласын игеруге мүмкіндік алады.
Ресейдің Шығыс Еуропаға қауіп төндіріп тұруы Қытайды қуандырады. Себебі, Үнді-Тынық мұхитында Қытайдың әскери кеңеюіне тосқауыл қойып тұрған АҚШ-тың күш-қуаты Шығыс Еуропа қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қарай ойысады. Бұл Қытай үшін жаңа стратегиялық мүмкіндіктер жаратуы да ғажап емес.
Ресей-АҚШ-Қытай: Үшбұрышты қатынас
Украинаға қауіп төндірудегі Путиннің басты мақсаты туралы болжамдар мен пікірлер алуан түрлі. Дегенмен, шындыққа ең жақыны АҚШ-ты келісімге көндіру десек болатындай. Егер Ресей АҚШ-ты өз дегеніне көндірген жағдайда онда түбегейлі ырықты күйге өтуі де мүмкін. Себебі, Шығыс Еуропада тыныштық қалпына келсе АҚШ пен Қытай қайшылығы қайта қыза түседі. Бұл Мәскеу үшін тау басында жатып екі жолбарыстың алысқанын көрумен бірдей.
Қанша жерден күрделі қайшылыққа, тіпті қақтығыс қаупіне жақын тұрса да Мәскеу мен Уашигтон арасында қарым-қатынасты ретке келтірудің бай тәжірибесі бар. Өткен ғасырдағы Қырғи-қабақ соғыс жылдарында тараптар қандайда бір теке-тірес серияларынан кейін қарым-қатынасты реттеудің бай тәжрибесін жинаған. Былайша айтқанда Мәскеу мен Уашингон бір-бірінің мінез-құлқын жыға тани алады. Керісінше, Бейжің мен Уашингтон арасындағы қарым-қатынас тарихы бұл деңгейде емес. Бұлар қақтығыс және оның алдын алу, қарым-қатынасты қалпына келтіру бойынша бір-бірінің метотына онша қанық болмаған, диалогтарда әлі де сенімсіздік, түсінспеушілік көбірек сақталып келеді.
Міне осы факторды есептегенде, Ресей мен АҚШ-тың өзара қақтығысқа жол беру мүмкіндігін азырақ. Трамп кезінде басталған АҚШ-тың қорғаныс стратегияларында Қытайды барынша басты орынға қойғанын да ескеруге тура келеді. Ауғанстаннан әскер шығару, Үнді-Тынық мұхитындағы қадамдарды кеңейту, Аустралия және Британияны қамтыған қауіпсіздік одағын құру, Жапония, Аустралия, Үндістанды қамтыған «Төрттік диалог» жобасын дамыту секілді қадамдары АҚШ-тың Қытайды шырмауықша шырмаған үлкен жоспарлары бар екенін көрсетеді. Соған қарағанда қақтығыстан бұрын тараптар белгілі консенусқа қол жеткізуі де мүмкі.
Ендігі әңгіме жағдайдың бақылаудан шығып кетпеуінде. Жаһандық соғыстар тұсында АҚШ та, Кеңес одағы да, Британия да соғысуды қаламаған елдер болып көрінді. Бірақ, бұлар соғыс тағдырын шешті. Сол секілді күтпеген жерден қақтығысқа жол ашылып кетсе қайсы бір держава да «соғысқым келмейді» деп қарап отырмайтыны анық. Әне, сол үшін бір-біріне қысым түсіру үшін жасалған осы бір қауіпті әрекеттердің бақылаудан шығып кетуі ғана алаңдатады.