«Қазақстан – біздің ең жақын одақтастарымыздың бірі. Біз Қазақстанмен бірегей қарым-қатынас орнаттық... Иә, бұл толық мағынасында айтар болсақ, орыс тілді ел». Владимир Путиннің өткен жылдың 23 желтоқсанында баспасөз мәслихатында осылай деп, еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы дамуын қорытындылады. Осыған қарап ресейлік саяси құрылымдардың біздің елге қарсы ақпараттық шабуылдары тоқтатауы мүмкін, деген болжам жасап отырмыз. Яғни, сондай сенім ұялайды. Олар бір жыл бойы түймедей нәрсені түйедей етіп көрсетуге медиа-ресурстарын Қазақстанға бағыттап келді. Сөйтіп, өзекті тақырыптардың арқасында рейтингін көтеруге тырысты.
Әрине, мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық туралы айтылған мұндай пікірлерге біздің қоғамның «еті өліп кетті», деуге болады. Сондықтан, мұны Ресейдің кезекті рет өзін жақсы жағынан көрсетпек болғысы келгені деп қабылдады. Сонымен бірге, Ресейде біздің елімізді халықаралық қатынастардың тәуелсіз субъектісі ретінде қарастыруға яғни, алдағы уақытта қалай даму керектігін, қай жолмен жүретіндігін өзі шешеді, дегенді әлі қабылдай алмағандығын көрсетті
Расында да, соңғы кезде қазақстандықтар ресейлік саясаткерлер тарапынан Қазақстанның тарихына, жеріне, егемендігіне қатысты толассыз айтылып келе жатқан алуан түрлі пікірлерге таңғалудан қалды. Енді осының бәрін қойып, Қазақстанның тілінің болашағы туралы сөз қозғауға шықты.
Осыны көре отырып, кейде мен Ресей басшылығына біз туралы айтқан шынайы ойлары үшін алғыс айтқым келеді. Әйтпесе, тек қана ресми жаңалықтардан ғана хабардар болып, босаңсып кетер ме едік. Шындығында сырт көз сыншы. Сондықтан, өзгелердің еліміздің мемлекеттік тілінің отыз жылдағы даму нәтижесі туралы айтқаны біз үшін маңызды. Бұл өзімізді бағалау үшін де қажет.
Шынында да, егемендік алғалы бері жүріп өткен кезеңді қоса алғанда, елтаңба, әнұран, ұлттық валюта сияқты атрибуттардың болуына қарамастан, Мәскеуге тәуелділік күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқанын мойындау керек. Оны көптеген саладан байқауға болады. Атап айтар болсақ, Қазақстанның ҰҚШҰ әскери ұйымы мен ЕАЭО-ның экономикалық ұйымына мүшелігінен бастап, Ресейдің ақпараттық алаңына дейін Қазақстанды Ресейге тәуелді етіп көрсетуге тырысады. Оның үстіне ресейлік телеарналардың бәрі бізде емін-еркін көрсетіледі. Өкінішке қарай, арамызда өткен кеңестік кезеңге деген сағынышын баса алмай жүргендер әлі де бар. Олар Ресей жақтан айтылатын әрбір ой пікірге қосылып отырады.
Әрине, Ресеймен өзара тиімді екіжақты ынтымақтастық Қазақстан Республикасының тұрақты дамуы мен қауіпсіздігінің қажетті шарты болып табылады. Бірақ мұндай ынтымақтастық екі тараптың мүдделерінің қатаң теңгеріміне, яғни теңдік пен әділеттілікке құрылуы тиіс.
Тәуелсіздік кезеңінде Қазақстанда тек қоғам мен мемлекеттің ұлттық мүдделеріне негізделген ішкі және сыртқы саясатты құрудың көптеген мүмкіндіктері болды. Сол отыз жылдың ішінде аграрлық елдерден экономикасы қарыштап дамыған көшбасшысыға айналған Корея Республикасы, Біріккен Араб Әмірліктері сияқты мемлекеттердің мысалдары баршаға мәлім. Ал, халқы көп емес, кең байтақ жері мен табиғи байлығы бір өзіне жетіп артылатын Қазақстан кедейшіліктен арыла алмай отыр. Мәселен, әлі күнге дейін ауылда тұрақты интернет жоқ, мектептерді техникалық тұрғыдан қамтамасыз ету өте төмен. Әлі күнге дейін оқушылар үш аусыммен оқиды. Мұның қалай болғанын басқаларға айтып түсіндіру қиынға соғатыны анық.
Теориялық тұрғыдан алғанда, отыз жылда біз қазіргіден мүлде басқа мемлекет құра алар едік. Шындап келгенде, қазіргі уақытта халықтың саяси жүйесі мен мәдениеті бұрынғы КСРО-дан мұра болып қалған дәстүрлерден алшақ емес. Нағыз көппартиялық жүйенің жоқтығы, бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысына шектеу қою, басқа пікірді қабылдамау, сыбайлас жемқорлық, азаматтық қоғамның әлсіздігі сияқты мәселелер көптеген посткеңестік мемлекеттерге тән. Бұл біздің де осал тұсымыз екені анық. Ал Кремльдің саяси экономикалық және ақпараттық қысымы Қазақстанның тәуелсіздігін нығайту міндеттерін жедел шешу қажеттігін растайды.
«Қазақстан әлі шынайы егемендікке қол жеткізе алған жоқ. Ел кеңестік отаршылдық дәстүрді жалғастырып келе жатыр», деген мәжіліс депутаты Қазбек Исаның пікірімен белгілі дәрежеде келісуге де болады. Өкінішке қарай, 1916 жылғы көтеріліс болсын, 1931-1933 жылдардағы ашаршылық болсын, 1986 жылғы Желтоқсан қасіреті болсын, т.б. біздің заман тұрғысынан бағалауды қажет ететін осындай «ақтаңдақтар» әлі де көп.
Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстанды нығайтып, қазақ тілін дамытудағы күш-жігерін өкінішке қарай, мемлекеттік аппарат жүзеге асыра алмады. Оны тиімсіз жұмыс тәсілі мен шенеуніктердің өздері ойлап тапқан сыбайлас жемқорлық жүйесі басып тастады.
Қазіргі Қазақстанды кеңестік тоталитаризмнің жаңғырығы әлі де мазалайды. Бұл сөзімізге көптеген деректер дәлел. Мәселен, 2020 жылы Қазақстан демократия, баспасөз бостандығы индексі бойынша Зимбабве, Руанда, Өзбекстан, Ресей және Гондурас сынды анти-көшбасшылардан кейінгі орындарға ие болып, сәйкесінше 128 бен 155 орындарды иеленді. Бұл бұрынғы саяси жүйенің келеңсіз тұстары сақталып қалған деген ойды растай түседі. Мәселен, маңдайша тақталарды, көше белгілерін және басқа да қоғамдық орындарды жобалауды тілдік қайталау тәжірибесі қазақ тілінің қолданыс аясының тарылуына, тоқырауына әкелер еді. Әзер дегенде бұл мәселе өткен жылдың соңында ғана өз шешімін тапты.
Тәуелсіздік тұсында қазақ тілін дамытудың түрлі мемлекеттік жобалары мен бағдарламалары жүзеге асырылып, оған қыруар бюджет қаражаты жұмсалды. Дегенмен, оның бәрі нақты нәтиже бермеді. Осындай «бос жұмыстың» нәтижесінде стратегияның мақсаты мен жиырма бірінші ғасырдың объективті түсінігі туралы ұғымның мән-мағынасы жоғалды. Бұл ретте ұлт бірлігі, халықтың ынтымағы, стратегиялық игілік жөнінде сөз қозғау да қиын. Бірақ, дәл осы айтылғандар басты басымдыққа ие екені даусыз.
Мәселен, соңғы қабылданған 2011-2020 жылдарға арналған тілдерді дамыту бағдарламасы көп жағынан жоспарлаған нәтижеге жете алмады. Танымал деген әлеуметтанушылардың өздері 2020 жылы қазақ тілін меңгерген халық үлесінің тоқсан пайызға дейін өсетінін растауға батылы баруы екіталай. Сондай-ақ, мектеп бітіруші түлектердің барлығының мемлекеттік тілді бастапқыда жоспарланғандай В1 деңгейінде меңгеруін қамтамасыз ете алмағанымыз да анық. Қазіргі қазақ тілін дамыту жобалары мен бағдарламалары стратегиялық мақсаттарды белгілемей, тек аралық міндеттерді орындауға бағытталып жатыр.
Мұндай тапсырмаларды директиваға жазып алып, одан да көп ақша жұмсау оңай болуы мүмкін. Бірақ олар бүкіл қоғам үшін айтарлықтай табысқа қол жеткізуге әсер етпейді. Соның нәтижесінде азаматтарымыз жоғарыда айтылған әдеттерді қалыптастырады. Бұлай жалғаса беретін болса, көрші елдің басшылары біздің ішкі мәселемізді байыппен талқылауын тоқтатпақ емес. Өздеріне тиімсіз шешімдер шыға қалса, дабыра салуды қоймайды. Ал, біздің қоғам қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған мемлекеттік жобалардың нәтиже бермейтініне әбден үйреніп алды. Мұндайда ежелгі грек философы Пифагордың «әдет пен құлдық үйлеседі» деген дана сөзі еске түседі.....
Шәріп Ишмұхамедов, A+Analytics