2021 жыл Қазақстан үшін күтпеген оқиғаларға толы болды. Елдің саяси кеңістігіндегі процестер мен оқиғалар билік пен оған ықпал ететін топтардың жасырын қақтығысын айқын көрсетіп берді. Саяси-әлеуметтік үдерістердің себептері мен динамикасын зерттеу ел мен қоғамның одан әрі даму бағыты туралы қорытынды жасауға мүмкіндік береді. Яғни, 2021 жыл Қазақстанның жаңа тарихында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстанымы мен көзқарасына баға беретін әр түрлі оқиғалар мен қаралы даталардан тұрды. Оған қоса, Қазақстан билігі әлі күнге дейін ресми түрде Кеңес Одағына қарсы «көтеріліс» немесе «төңкеріс» деп мойындамаған Алматы қаласында болған Желтоқсан оқиғасына биыл 35 жыл толып отыр. Сол кезде халық Мәскеудің Қазақстанда жүргізген саяси диктатурасына бағынбады. Онысын алғаш рет көтеріліске шығып байқатқан болатын. Сонымен қатар, биыл Жаңаөзен оқиғасына да 10 жыл толды. Жұртшылық осы уақытқа дейін қарусыз азаматтар оққа ұшқан оқиғаның шығу себептері мен оған кінәлілерге қатысты мәселе жайында Қ.Тоқаевтың ресми ұстанымын білгісі келеді.
2021 жылдың басынан бастап, Президент Қ.Тоқаев пен үкіметтің арасындағы қарым-қатынасқа қатысты алаңдатарлық ескертулер пайда бола бастады. 2020 жылдың қазан айында өткен Ұлттық Қоғамдық Сенім Кеңесінің отырысында Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев 2021 жылды «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы» деп жариялау туралы шешімін жариялады. «Бұл жүріп өткен жолымызды тағы бір саралап, қорытынды жасауға мүмкіндік береді», деген еді. Бірақ, үкіметтің ресми сайтында 2021 жыл «Қазақстанда балалар мен жасөспірімдер оқуын қолдау жылы» деп жарияланғаны туралы хабарлама әлі де тұр. Бұл ғана емес Үкімет пен Президенттің бір-бірімен сәйкес келмейтін пікірлері мен шешімдері жыл бойы жиі қайталанды.
2021 жылдың басындағы ең маңызды оқиға еліміздің 5 саяси партиясы қатысқан Қазақстан Парламенті Мәжілісінің сайлауы болды. Қазір сайлау науқаны кезіндегі жаңашыл бастамаға толы партиялардың бағдарламаларын да, содан кейін парламенттің төменгі палатасына депутат болып кеткендерді ешкім есіне түсіре алмайтыны анық. Науқанның басты ерекшелігі – бұл Нұрсұлтан Назарбаев биліктен кеткеннен кейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттігі тұсында өткен алғашқы сайлау болғандығы. Сайлау Президент Қ.Тоқаевтың 2019, 2020 жылдардағы халыққа жолдауларында уәде еткен саяси өзгерістердің басталуына бетбұрыс жасайтын кезеңі болуы мүмкін еді.
Бірақ оппозиция сайлауға қатыспады. Ашық ақпарат болмады. Қоғамдық ұйымдардың сайлауға дейін және кейін жасалатын әлеуметтік сауалнамасы дұрыс жүргізілмеді. Сайлауда елдегі партиялар ғана емес,сайлауды ұйымдастырып, оны өткізіп берген Орталық сайлау комиссиясы да әдеттегідей жеңісін тойлады. Халық үшін бір ғана тосынсый болды. Ол сайлауға бойкот жариялаған (ЖСДП) Қазақстанның Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы. Мұны бәсекелестерін саяси тұрғыдан болмаса да, ең болмағанда психологиялық тұрғыдан жеңуге нақты мүмкіндіктері болған оппозициялық партияның «саяси суициді» десе әбден болады. Сайлау биліктің саяси бәсекелестікке төтеп бере алмайтындығын және Қазақстанның саяси саласында көппартиялық жүйе құруға дайын еместігінің тағы бір мысалы болды. Тіпті дәстүрлі түрде авторитаризм мен жабықтығы үшін сынға алынатын Өзбекстанның өзі 2021 жылғы сайлауға жаңа партиялардың қатысуына мүмкіндік берді. Солардың қатарында жаңадан тіркелген экологиялық партиясы да бар. Осыған қарап жақын арада біздің оғамда наразылық мүддесін ашық білдіретін оппозиция көшбасшылары мен саяси партиялар құрылатын шығар деген ой туады. 2021 жылдың келесі маңызды оқиғасы, біздің абыройымызға орай, «көлеңкеде» қалған Еуропалық Одақ Парламентінің Қазақстанға қатысты қарары болғанын айта кеткен жөн. Онда ел тарихында алғаш рет Қазақстан билігіне ЕО-ның санкцияларын қолдануы мүмкін екендігі көрсетілді. Бұл елдегі адам құқықтарының бұзылуына жол берген шенеуніктерге қарсы пайдаланылады. Оған дейін Еуроодақтың Қазақстанға қатысты қарарларында тек ауызша үндеу мен ұсыныстар ғана болатын. Сондықтан, мұны 2021 жылы жаңадан басталған қауіпті ағым десек те болады. Өйткені, Еуроодақ пен араның «салқындай» бастағаны Қазақстан экономикасына жақсылық әкелмейтіні анық. Қайта оның құлдырауына әкеліп соғады.
Жасырын мәселелердің, қақтығыстардың, билік органдарына деген сенімсіздіктің артып бара жатқандығын Қазақстанның жоғары лауазым иелерінің телефондарының тыңдалады-мыс деген ақпарат растауы мүмкін. Мәселен, сыбайлас жемқорлықты және ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) 2021 жылы шілдеде Президент Қ.Тоқаевтың, премьер-министр А. Маминнің және Алматы қаласының әкімі Б.Сағынтаевтың жеке телефондарын бұзып, тыңдауға шабуыл жасалуы мүмкін деген мәлімет таратты.
2021 жылы Қазақстанның саяси саласы тұрақтылық пен сенім үлгісіне айнала алмады. Яғни, атом электр станцияларын салу мәселесі, Сбербанкпен ынтымақтастық, Біріңғай Жинақтау Зейнетақы Қоры мен «Отбасы банкі» қызметі төңірегіндегі түсініксіз процестер мен шешімдер осыны көрсетті. Қуанышқа орай, үкіметтің мемлекеттік құрылымдардың цифрлық деректері мен Қазақстан азаматтары туралы деректерді «Сбербанк» цифрлық платформасының бақылауына көшіру туралы шешімі меморандумнан әрі аспай қалды. Қазақстан халқы берген құпияларды акционерлік қоғамның бақылауына сеніп тапсыру туралы үкімет шешімінің нәтижесін елестету де, болжау да қиын. Себебі кейбіреулер құпиясын ресейлік банкке емес, тіпті ата-анасына айтуға келіспейді. XXI ғасырдағы тәуелсіздік – бұл тек аумақтық тұтастық, тәуелсіз сыртқы саясат пен егеменді елдің валютасы ғана емес, сонымен қатар жеке деректер, мемлекеттің, ел халқының құпиясы. Сондықтан, ондай мағлұмат мемлекеттің өзінде сақталып, басқарылуы керек.
Өз кезегінде, Сбербанктің цифрлық платформасын сатып алу туралы шешімнің күшін жоюға, Қ.Тоқаевтың зейнетақы қорларын БЖЗҚ-дан шығару үшін ең төменгі жеткіліктілік шегін арттыруды кейінге қалдыруына әлеуметтік желінің аса зор ықпалы тиді. Себебі, онда қарапайым азаматтар ой-пікірлерін ашық айтты. Осы жолы ел тұрғындарының саяси сауаттылығы мен белсенділігі артқаны анық байқалды. Өкінішке қарай, 2021 жылы үкіметтің, жергілікті билік органдары мен құқық қорғау органдары шешетін кейбір кішігірім мәселелерге Президент Қ.Тоқаевтың өзі араласуына тура келді. Мәселен, дизель отынының тапшылығы, халықты жаппай вакцинациялаудың баяу жүргізілуі, заңсыз кесілген ағаштар, зейнетақы шегінің бірден артып кетуі және министрдің орынбасарлары мен әкімдік деңгейінде қаралатын қарапайым мәселелер көп жағдайда мемлекет басшысының араласуынан кейін ғана шешімін тапты.Үкімет пен жергілікті шенеуніктердің сылбыр қимылын ресейлік депутаттар мен саясаткерлер өз есебіне пайдалануға тырысып бақты. Олар «Қазақстанда ұлтшылдық қалыптасып, орыс тілі қысымға алынып жатыр»,-деп дабыра жасады.
2020-2021 жылдар еліміздің ұлтаралық келісімі жағынан да алаңдаушылық туғызды. Оған себеп бар. 2021 жылдың көктемінде Жамбыл облысының Масанчи ауылында болған оқиға бойынша сот процесі аяқталғаннан кейін дәл осыған ұқсас талай жайттың беті ашыла бастады. Бүкіл халық Алматы облысындағы Пиджим ауылы туралы білді. Тұрғындардың жолды бөлісе алмауы немесе түсініспеушіліктен болған ұрыс-төбелестің бәрі лезде әлеуметтік желіге шыға келетін болды. Мұндай кезде арандатушылар да аяқ астынан табылып жатты. Осылай келіспеушіліктен басталған оқиға этносаралық қақтығыстарға апарып соғады. Бұған көп жағдайда шенеуніктер мен қауіпсіздік қызметкерлерінің жәйбірақаттығы да себеп болып жатады.
Қорыта айтсақ, 2021 Қазақстан халқына арналған жолдауда және депутаттар мен партиялардың сайлауалды уәделерінде айтылған саяси реформалар мен өзгерістерге үміт артқан жыл болды. Бірақ жыл қорытындысы көңіл қуантпайды. Сарапшылардың айтуынша, елде саяси жүйенің осалдығы, транзиттік кезеңнің күрделілігі, қос биліктің белең алуы оптимистік емес, пессимистік болжамдарының орындалғанын көрсетеді. АЭС салу жоспарларына қатысты екіұшты мысалдар, Сбербанкпен, БЖЗҚ-мен, «Отбасы банкпен» ынтымақтастық туралы меморандум, вакцинация мен сыбайлас жемқорлық қатысты дау-дамай 2021 жылы биліктің қоғамдағы беделін нығайта алмады. Тіпті кейбір шенеуніктер үшін деградация деңгейінің шарықтау шегі Хаменова ханым болды. Ол өзінің мінез-құлқына сай екіжүзділік пен жағымпаздықтың үлгісін көрсетіп берді.
Шарип Ишмухамедов,
А+ Analytics