Қасым-Жомарт Тоқаев "тәуелсіздіктің 30 жылдығынабайланысты рақымшылық туралы" заңға қол қойды. Бұл туралы Орталық Азия жаңалықтар қызметі жазды.

Аталған заң орта және жеңіл қылмыстар үшін сотталғандарды мерзімінен бұрын бостандыққа шығаруды көздейді. Сонымен бірге ауыр және аса ауыр қылмыспен сотталғандардың жаза мерзімін азайтады. Заң ең алдымен ардагерлерге, кәмелеттік жасқа толмағандарға, зейнет жасындағы әйелдер мен ер азаматтарға және бірінші, екінші топтағы мүгедектер мен қоғамға аса қауіп тудырмайтын азаматтарға жеңілдік жасайды.

Осыған дейін ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың мәліметі бойынша, рақымшылыққа 14 мыңнан астам адам ілігуі мүмкін. Түрмеден мыңнан астам адам босатылатын болса, 3,8 мың адам пробация қызметінің тіркеуінен шығарылады. Сонымен бірге тоғыз мыңға жуық сотталушының жаза мерзімі қысқартылады.

Қазір Қазақстанның 64 колониясы мен 16 тергеу абақтысында 34 мыңнан астам адам отыр. ІІМ мәліметіне сәйкес, олардың 93 пайызы ауыр және аса ауыр қылмыспен сотталғандар. Бұдан бөлек 32 мың адам пробация қызметінің тіркеуінде тұр.