Ресейдің 90 мыңнан астам әскері Украина шекарасына жақын маңда жиналып жатқаны мәлім. Украина жоғары лауазымдылары Ресейді ауқымды басып кіруге дайындалып жатыр және ақпанға қарай басып кіруі мүмкін деп қауіптенеді. Ресейдің әскери қимылы мен Польша-Беларусь шекарасындағы босқындар дағдарысының бір уақытта болуы да көптеген сарапшылардың Шығыс Еуропадағы қауіпсіздік мәселесіне алаңдауына себеп болды. Себебі, Путин осы оқиғалар тізбегінде өзінің қандай да бір әскери-саяси мақсатына жетуге тырысып отыр деп санайды.
Бір күн бұрын сайтымызда осы тақырыпта шағын сараптама жарияланған, онда Мәскеудің кезекті әскери қимылы Уашингтонды шешім жасауда тығырыққа тірегені айтылған-ды. Путиннің нақты нені мақсат еткенін тап басып таба алмағандықтан Байден әкімшілігі жауап шараларын қалай ұйымдастыруды ұзақ талқылау үстінде. Ал, Киев тарабы Ресей қимылының қауіпті екенін айтып қайта-қайта дабыл қағып отыр. Расында да жағдай Украина әскери барлау қызметі мәлімдегендей салмақты ма? Алдымен осыны қаузап көрелік.
Украина Әскери барлау басқармасының болжам-дерегі
Украина Әскери барлау қызметінің басшысы Буданов Ресейдің әскери басып алу ықтималдығы жоғары деп мәлімдеді. Ол кеі күн бұрын АҚШ-тың Military Times басылымына берген сұхбатында әскери басып алудың ең ықтимал уақыты келесі жылдың қаңтар айының соңы мен ақпан айының басы деп көрсеткен. Оның мәліметінше, Украина шекарасына жақын аумақта Ресейдің 92 мыңнан астам әскері жиналып тұр, болжамға сәйкес, шабуыл әдістеріне әуе және жердегі артиллерия соққыларына қоса, брондалған кластерлік шабуылдар мен Украинаның шығысындағы әуе десантының шабуылдары кіреді. Ал, оңтүстіктегі теңіз арқылы шабуыл ықтималдығы Қара теңіздегі маңызды порт Одессадаға және шығыстағы Азов жағалауындағы бұрынғы кеңестік және украиндық болат өндіру базасы Мариупольге теңізге арқылы кіруі мүмкін делінген.
Буданов бұған Ресейдің басқыншылық әрекеті әскери шабуылдармен шектелмейтіні, Украинада тұрақсыздық пен үрей тудыру үшін халықты үкіметке қарсы шерулер мен наразылық шараларына бастау әрекеттері қатар жүруі мүмкін деп те қосымшалаған.
Аталған шабуыл қауіптеріне қарсы Украина әскери барлау қызметінің жетекшісі АҚШ-тан Украинаға электронды соғыс мүмкіндігіне қолдау көрсетуге шақырған. Айталық, әуе қорғанысы мен зымыранға қарсы және ұшқышсыз ұшу аппараттары жүйелерін қамтыған әскери қолдау беруге шақырады. Айта кету керек, Құрама Штаттар берген танкке қарсы зымырандар мен ұшқышсыз ұшу құрылғылары қазір Украина шығысы Донбастағы сепаратистерге қарсы соғыста қолданылып келеді.
Не үшін «қаңтардың соңы мен ақпан айының басы»?
Будановтың Ресейдің ықтимал шабуыл уақыты қаңтардың соңы мен ақпан айының бас шені деп көрсетуіне де өзіндік қисынды себептер бар. Украинаның шығысындағы сазды дала жаз, күз немесе жазғытұры уақытта ресейлік танктер үшін үлкен қолайсыздықтар алып келеді. Қимыл қозғалысы нашарлаған ресейлік ауыр техникалар Таулы Қарабақтағыдай ұшқышсыз ұшу құрылғыларының нысанасына оңай ілінеді. Ал, жер тоңы тереңдеген қаңтар, ақпан айлары танктердің қозғалысына тиімді бола түспек. Бұдан тыс, бұл уақытта Ресейде әскерге шақырылғандар да жаттығудан толық өтіп болады.
Кезекті әскер топтаудың қандай «өзгешелігі» бар?
Ресейдің Украина шекарасына әскер топтауы биылға екінші рет болып отыр. Бұл аумақта көктемде 150 мыңнан астам қарулы күші жинақталған, ал қыркүйекте ауқымды әскери жаттығуын өткізді. Көктемдегі ауқымды әскери орналастыру сол кезде Шығыс Еуропаның үрейін ұшырғаны рас, бірақ бірқатар Батыс елдері лидерлері Путинге қоңырау шалып сөйлескеннен кейін қауіп сейілген еді.
Бұл рет мүлде басқаша болды, көктемдегі әскери әрекеті дабыралы, жариялы болған, ауыр әскери қолдың кескін-суреттері әлеуметтік желіге де жарияланған. Соған қарап Мәскеудің әскери күшін даңғазалап, кезекті қыр көрсетуі деп танылған.
Бұл рет бәрі де жасырын болды, түнделетіп әскер топталып, әрі бұл әрекетті бүркемеледі немесе жоққа шығарып отыр. Бірнеше күн бұрын Ресей СІМ басшысы Лавров Батыс БАҚ-тарын «жалған жаңалықтар» таратты деп айыптаса, Путиннің баспасөз өкілі кеше ғана (22 қараша) «Батыс елдері Ресейді агрессор ретінде көрсету үшін ақпараттық-насихаттық соғыс ашып жатыр» деп мәлімдеді.
Кезекті әскери қимылдың өзгеше тағы бір тұсы – Украина әскери барлау мәліметтерне сенер болсақ, Ресей тек таңдаулы жасақтарын ғана топтап отыр. Орыс әскерінің жиналған нүктесі Украина шекарасына шамамен 100 шақырым қашықтықта, алайда ірі калибрлі ауыр артиллерия мен «Искандер» секілді тактикалық зымыран кешендері сияқты ауыр техникалар көп.
Украина шабуылға төтеп бере ала ма?
Украина армиясы үшін әлі де көптеген пробелмалардың бар екені анық. Дегенмен, көптеген ақпараттарда, сарапшылар пікірінде Украина армиясының жаунгерлік күш-қуаты 7 жыл бұрынғымен салыстырғанда жақсарып қалғаны айтылады. Егер расымен де Ресейдің қарулы басып кіруі орын алатын болса, міндетті түрде түрлі деңгейдегі қарсылыққа тап болары сөзссіз. Екі тараптың тұтас әскери қуатын салыстыру қиын әрине, бірақ қарсылықтың қанша уақытқа созылатынын тап басып ешкім де айта алмайды.
Украинаға Батыс елдерінен, НАТО мүшелерінен қауырт әскери қолдау жөнелтілген жағдайда соғыс ұзақ уақытқа созылуы да мүмкін. Қалай болмасын жедел жеңіске жеткісі келетін Ресейдің де, шабуылды тойтарып тастағысы келетін Украинаның да соққылары қатал, майдан даласы сұрапыл да қатыгез болатын болжауға болады.
Әскери сарапшылар арасында Ресейдің алғашқы әскери шабуылындағы шығыны 50 пайызға дейін жетеді деп болжайтындар да бар. Егер бұл болжам шындыққа сай келсе, мұндай ауыр шығын Путинді атық тәуекелге апармауы мүмкін. Бірақ, қалайда «төбелесті бастаушы» не қорыққаннан, не өзіне сенгенінен соққы жұмсайтын болар. Егер ол «өзіне сенуші болса» бұның нәтижесі үлкен геосаяси өзгерістерге жол ашуы мүмкін.
Ресейге қарулы басып кіру не үшін керек болар еді?
Қазірге, Ресейдің қарулы басып кіру әрекеті де тек болжам күйінде тұр, сондықтан оған нақыты бірдеңе деу қиын. Дегенмен, көптеген болжамдарды, сарапталған мүмкіндіктерді жинақтайтын болсақ Ресей мариупольді басып алуға мына мақсаттарға жету үшін баратын еді (Украинада өз дегенін орнатудан тыс):
- Қырым түбегі мен Ресей бақылауындағы Донбасс аймағындағы байланысты ашып, Қырым түбегінің су тапшылығы мәселесін шеше алады;
- Украинаның оңтүстігіндегі басты қала Одессаны бақылау да көлік дәлізін ашып, Приднестровье республикасының қоршауын жеңілдетуі мүмкіндік туады;
- Приднестровьены қолдау шығыны мен тәуекелі азаяды. 2014 жылғы Украина дағдарысынан кейін Ресей армиясы орналасқан Молдовадағы бұл аумақ анклавқа айналды да, Мәскеудің ондағы сепаратистік күштерді қолдауы үлкен шығындар мен тәуекелдерді талап етті.
Ауқымды басып алу болмаса әскер неге топталды?
Украиналық саясаттанушы Владимир Фесенко кезекті Ресей әскерінің қимылына қарата басқаша баға береді. Оның айтуынша Ресей жыл сайын көктем,күз айларында әскери жаттығу өткізіп, Украинаға қарсы әскери орналастыруды ұлғайтып келеді, алайда кезекті әскери орналастыруның деңгейі кең ауқымды жаппай басқыншылық соғысты бастау үшін жеткіліксіз. Фесенконың ойынша кезекті жиналған әскер ауқымды басып кіруге емес, өзгеше мақсаттарда қолданылуы мүмкін. Айталық, Ресей қыста Украинаны энергия дағдарысымен қысқысы келеді, сонымен бір уақытта Украинаның шығысы мен оңтүстігіндегі орыстілді аймақтарда сепаратистік тәртіпсіздіктерді қатар өршітуді жоспарлайды. Айталық, Одесса, Халиков сияқты жерлерде демонстрацияға шыққан орыстілді тұрғындарды қорғаймыз деген желеумен аралас соғыс ашып, Украинаны бөлу үшін жекелеген облыстар мен қалаларды басып алуға әскери пайдалануы мүмкін. Фесеконың айтуынша кезекті жиналған әскерлер осындай мақсаттарға қолданылуы мүмкін.
Украиналық саясаттанушының бұл болжамы дәл келетін болса, онда Ресейдің қазіргі топтап отырған әскерінің саны мен қуаты аталған мақсаттарды орындауға жеткілкіті.
Саяси мақсат үшін
«Ешқандай шабуыл болмайды» дейтін көзқарастардың да өзіндік дәйегі мен тиянағы бар. Айталық, Путин өзге саяси мақсаттарға жету үшін Батыс пен Украинаға осындай қысым түсіріп отыр деуге болады. Көктемдегі әскери қорқытудан кейін Байден маусымда Путинмен кездескен еді, бұл рет те Мәскеу өзге мақсаттарға қол жеткізгісі келіп отырған болуы ғажап емес. Айталық, батыстық лидерлерді Путинге қайта кездесіп, келіссөз өткізуге мәжбүрлеу; ЕО-ға өтетін «Солтүстік ағыс-2» газ құбырының жобасын ертерек мақұлдату; немесе Украина мәселесін Ресей қойған шарттар негізінде шешу т.б. секілді.
Бұған жақын пікірді екі күн бұрын Украина ресмилері де айтқан болатын. Украина Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің бас хатшысы Данилов Ресейді аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылықты барынша әлсіретіп, сол арқылы Батыспен келіссөздер кезінде салмағын арттыруды көздейді деген. Елдің СІМ басшысы болса Ресейдің мақсатын: «Украиналықтардың басқыншылыққа қарсы тұрудағы табандылығын, ерік-жігерін, екіншіден Украина мен оның одақтастары арасындағы байланыстың қаншалықты тығыздығын», – сынап отыр деп көрсеткен. Премьер-министрі де жағдай шиеленісте тұрғанымен Ресейдің ауқымды басып кіруінің нақты белгілері жоқ дейді.
Жалпы сарап
Біз соңғы жылдары Ресейдің Украинаға қаратқан әскери қысымының артып келе жатқанын көріп отырмыз. Бір есептен, Украина соңғы 7 жылда Ресейдің саяси-әскери қысымында жасауға бой үйретіп алды десек те болады. Сондай-ақ, Ресейдің әскери, саяси, экономика және энергетика салаларындағы мүмкіндіктеріне қарай отырып бұл қысымның әлі де жалғаса беретінін де анық байқаймыз. Қазіргідей әскер топтау, сол арқылы Украинаны және оның Батыстық қолдаушыларын алаңдату бұл да жыл өте қалыпты жағдайға айналып кетуі де ғажап емес.
Ал, біз тұрғысынан келген де, солтүстік көршіміздің Орта Азияға бағытталған қысымының да күшейгенін біле отырып, дәл Украинадағыдай қысымға қаншалықты қарсы тұра аламыз деген заңды сауал туындайды. Дәтке қуат, қазір Ресейдің Ураина секілді «бас ауыруы» бар, егер ол болмағанда қалай болады? Ұқасас тағдырлы Украина жағдайынан қаншалық сабақ алып отырмыз? Осының бәрі бізге үлкен қауіпке қатысты үлкен жауапкершілікті, үлкен дайындықтық міндеттейді.