Алдын ала жүргізілген сауалнама бойынша, Алматы қаласындағы (жасөспірім баласы бар – QT) ата-аналардың 20%-ы балаларына Pfizer вакцинасын салдыруға ниетті. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы вакцинаға қарсы ата-аналарға барынша түсіндіріп жатқанын жеткізді. Басқарма басшысының орынбасары Светлана Сұлтанғазиева алдағы уақытта аталған екпеге ынталы ата-аналардың қатары артарына сенімді. Вакцинаның құны әзірге белгісіз.
Күні кеше ел көптен күткен АҚШ-Германия вакцинасының Қазақстанға жоспарлы мерзімінен жарты жылға кештетіп жеткізілуіне орай бүгін Алматы қаласының ӨКҚ алаңында арнайы брифинг өтті.
Басқарма басшылығының мәліметінше, вакцинация алатын контингент қатарына 12-18 жас аралығында 170 мыңнан аса бала, 20 мыңдай жүкті әйел, сондай-ақ емізулі баласы бар 60 мыңнан астам ана енгізілген. Светлана Сұлтанғазиева антиваксер ата-аналардың назарына «былтыр ауруханада 505, биыл 3,8 мыңнан аса бала» емделуге мәжбүр болғанын ескертті.
«Түсіндіру жұмыстары жалғасып жатыр, ата-аналардың 20%-ы, шамамен 34 мыңы баласына екпе салғызуға келісіп отыр. Десе де бұл сан үнемі өзгеріп отырады. ...Жүкті әйелдерді 16-дан 37 аптаға дейін екі компоненттен, ал босанғаннан кейін 42 күн өткен соң вакциналауды ұсынамыз», – деді ол.
Жасөспірімдер арасында алғашқы болып 16-18 жастағы (17 жас 11 ай) балалар вакцина алады. Кейін кему ретімен 15, 14, 13, 12 жастағыларға мүмкіндік беріледі.
«Республикалық қаражат арқылы алынып жатыр. Әр қаптамада алты адамға арналған алты доза болады. Флаконның құны министрліктен құжаттар келіп түскеннен кейін белгілі болады», – деді ол QT редакциясының тілшісі қойған сұраққа.
СЭС басшысының орынбасары Әсел Қалықова қалаға Pfizer вакцинасының 46 мың дозасы бөлінгенін растады. Препарат мектеп медпунктінде сақталмайды. Қажетіне қарай өтінім санына сәйкес жеткізіліп отырады.
Департамент басшылығы ревакцинациядан өтушілер үшін Pfizer екпесінің қашан қолжетімді болатынын әзірге нақты айта алмады.
Pfizer препаратын салдырғысы келетіндер тұрғылықты жері бойынша емханаға барып, тіркелуі керек. Вакцинаның қосымша дозалары болған кезде олар екпе алатын болады.
Pfizer вакцинасы – ДДСҰ мен ЕО алғаш мойындаған бірегей, тиімділігі 95%-дана сатын коронавирусқа қарсы екпе. Қазақстанда алтыншы вакцина ретінде тіркелген вакцина қазір АҚШ, Ұлыбритания, Канада және ЕО-да қолданылады.
Үкіметтің соңғы дерегіне қарағанда, Қазақстанда 7,7 млн адам коронавирусқа қарсы вакцинаны толық алған, ал кемінде бірінші дозасы егілген жұрттың саны 8,4 млн-нан асады. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой 22 қарашадан бастап вакцина алғанына жарты жыл өткендер үшін ревакциянация науқаны жүргізілетінін мәлімдеген.