Қазақстанда коронавирус пен оған ұқсас пневмонияға шалдыққандар саны тағы 1,9 мыңға артып, жалпы есебі 1 млн 15 мыңнан асты. Қазан айында 52,5 мың науқас анықталып, 980-нен аса адам көз жұмған. Бұл салыстырмалы түрде былтырғыдан айтарлықтай жоғары. Сәрсенбіде ковид пневмониясымен тіркелгендер күрт көбейді.
Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметінше, елде 28 қазанда коронавирус (КВИ+) жұққан 1697 адам, ал 27-сі күні коронавирус пневмониясына (КВИ-) шалдыққан 239 адам тіркелді. Сондай-ақ, сәрсенбіде 28 қазақстандық аурудан қайтыс болды. Былтыр дәл осы уақытта ресми статистикада тәулігіне көп дегенде 450-ге дейін науқас және 5-6 өлім жағдайы тіркелетін, стационарларда жатқан сырқаттар саны 3 мың шамасында еді. Қазір бұл көрсеткіш еселеп өсіп отыр, бүгінде елде 48,7 мың адам (КВИ+ бойынша 43 мыңдай, КВИ- бойынша 5,8 мың) ауырып жатыр.
#COVID Өткен күні ПТР тесті арқылы коронавирус жұққаны расталған науқастар қатары тағы артты. Олардың басым бөлігі немесе 13%-ы әдеттегідей жоғары динамикада тұрған бір ғана Алматы (222) қаласына, 14%-ы Павлодар (236) облысына тиесілі. Бір күнде тіркелген науқастардың үштен бірі астана және Алматы қаласы мен облысына жатады. Астана (136), Қарағанды (136), СҚО (163), Ақмола (142), Қостанай (131), ШҚО (120), Алматы облысы (134), БҚО (48), Ақтөбе (54), Шымкент (34), Қызылорда (46), Түркістан (30), Атырау (24), Жамбыл (30), Маңғыстау (11) облыстарының басым бөлігінде аурушаңдық біршама артқаны байқалды. Бейсенбіде аурудан айыққан 2141 адам үйіне шығарылған. 27 қазанда жиыны 25 адам қайтыс болған.
#COVID_пневмониясы Қазанның 27-сі ақпараты бір тәулікке кешігіп берілетін коронавирус пневмониясына шалдыққан 239 науқас есепке алынды. Бұл алдыңғы күн, сейсенбіге қарағанда 91 науқасқа көп. Ведомство дерегінше, бұл күні Алматы облысы (54), ШҚО (36), Шымкент (25), Жамбылда (20), Қарағанды (16), Қостанай (15), Ақтөбе (13), Ақмола (12), Павлодарда (10) анықталған. Сонымен қоса, 295 адам айығып шыққан, тағы 3 адам көз жұмған.
#Жалпы ДенМин дерегіне қарағанда, емделіп жатқан 48 мың науқастың 8 мыңы ауруханада, 40 мыңы амбулаторлық бақылауда. 587 науқастың жағдайы нашар, ондағы 154 адамның хәлі өте ауыр. Бұдан өзге 107 сырқат өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр.
Эпидкартада «жасыл аймақтағы» Шымкент, Атырау, Түркістан, Маңғыстау, БҚО, Жамбыл облыстарынан басқа астана, Қарағанды, ШҚО, Қызылорда, Ақтөбе облыстары, Алматы қаласы мен облысы «сары аймаққа» өткен. Басқа 5 аймақ (ШҚО, Қостанай, Павлодар, Ақмола, СҚО) тұтастай «қызыл аймақта» тұр.
ДенМиннің QT редакциясына берген мәліметінше, індет тараған 2020-2021 жылдары ПТР тесті оң көрсеткен 1407 сынама секвенирленген (штамм түрін анықтайтын талдау). Сәйкесінше, биыл көктем-жазда геномдық зерттеу нәтижесінде елдің басым бөлігінен вирустың бразилиялық, британдық, оңтүстікафрикалық, үндістандық және нигериялық штамдары анықталған.
Биылғы жаз мезгілі қазақстандықтар үшін қаралы хабарға толы болды. Пандемия басталғалы 1,5 жылдың ішінде анықталған барлық аурушаңдық пен өлім жағдайының жартысы тек өткен жазда, төртінші толқында тіркелді. Жазғы үш айда бас-аяғы 420 мың адам ауырса, 6,6 мыңнан аса адам көз жұмды. Қыркүйек айының өзінде 99 мыңдай науқас есепке алынған және 2117 адам қайтыс болған. Ал қазан айында 52,5 мың ауру және 981 өлім жағдайы тіркелген.
Былтыр 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 936 мыңнан, 1 тамыздан бергі коронавирус пневмониясы 79 мыңнан асқан. ДДСҰ дерекқоры мен Ұлттық статистикада Қазақстанда ауырғандар саны 1 млн 15 мыңға жетті. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді.
Пандемияның бас-аяғы 20 айында жалпы вирус жұққандардан 20,5 мың адам (КВИ+ / U07.1 – 12 053, КВИ- / U07.2 – 5025, ілеспе аурулардан – 3415) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінгендерді жалпы статистикаға енгізбейді. Бұған қарсы сарапшылардың сөзіне қарағанда, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған.
Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Джонс Хопкинс университеті және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 37-орынға орнықты.
Үкіметтің соңғы дерегіне қарағанда, Қазақстанда 7,4 млн адам коронавирусқа қарсы вакцинаны толық алған, ал кемінде бірінші дозасы егілген жұрттың саны 8,2 млн-нан асады. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қараша айының үшінші онкүндігінен бастап вакцина алғанына жарты жыл өткендер үшін ревакциянация науқаны жүргізілетінін мәлімдеген.