6 қазан, сәрсенбіде АҚШ пен Қытай қатынасында елеулі бір оқиға болды. Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі мен ҚКП-ның бас дипломаты арасында 6 сағатқа созылған жабық есікті кездесу өтті. Салливан мен Яң Жие-чы (Ян Цзечи/Yang Jie Chi) арасындағы кездесу Швейцарияның Цюрих қаласында болған. Бұған қарап екі ел қатынасында елеулі өзгерістер болуы мүмкін деп болжауға болады.
Мұндай жабық есікте өтетін кездесудің мазмұны туралы ақпарат құралдары тек там-тұмдап ғана мәлімет алары белгілі. Екі тарап та ресми мәлімдемелерінде кездесудің мазмұны туралы мардымды ештеңе айтпаса да «ашық әрі терең тақырыптарды талқылағаны» анық. Бірақ, Цюрих саммитінің маңызы мен мәнін білу үшін осы мәліметтер де жеткілікті.
Сонымен, кездесуге қатысты екі елдің саяси астарлы сөздерге толы ресми мәлімдемелері мен агенттері жер-әлемді тіміскілеп, тың тыңдап жүретін бірнеше ірі ақпарат агенттіктерінің хабарларына сүйене отырып, Салливан мен Яң АҚШ-Қытай қатынасының аса бір шиеленісті тұсында айрықша маңызға ие кездесу өткізгенін біле аламыз.
Ақ үйдің кездесуге қатысты ресми мәлімдемесінен білгеніміздей, Салливан Яңмен Қытайдағы адам құқығы, Шыңжаң, Гонконг, Оңтүстік Қытай теңізі және Тайуан (Тайвань) мәселерін ашық талқылағанын айтқан. Сондай-ақ, «транс-ұлттық үлкен қиындықтарды шешуге және қарым-қатынастағы тәукелдерді бағалау мен бақылауға ынтымақтасуға АҚШ та, Қытай да мүдделі» деген көзқарасын ортаға қойған.
АҚШ лауазымдысы өз елінің қорғаныс қуатын жалғасты арттыра беретінін, тіпті одақтастарымен, серіктерімен де тығыз байланысты дамыта беретінін, бірақ Қытаймен де жоғары деңгейдегі қатынасты сақтап қалатынын жеткізген. Ал, Қытай лауазымдысы аталған мәселер бойынша Бейжіңнің ең байыпты деген көзқарастары мен ұстанымдарын айта отырып Қытайдың «стратегиялық байланысты нығайту, келіспеушіліктерді дұрыс басқару, қақтығыстар мен қарама-қайшылықтарды болдырмау, өзара тиімділік пен жеңіске жету үшін әрекет етуге нақты шаралар қабылдауға келісетінін» жеткізген.
Бұл Байден әкімшілігі билікке келгеннен бергі АҚШ пен Қытай арасында екінші рет өтіп отырған жоғары деңгейдегі кездесу. Осыдан бұрын наурыз айында екі елдің жоғары лауазымды тұлғалары Аляскада кездескен еді. Онда да осы Салливан мен Яң болды және екі елдің СІМ басшылары Блинкен мен Уаң И қатысқан.
Екі кездесуде «ашық әрі терең талқылау» деген форматта өткені мәлім. Соған қарап, екі елдің билігі Байден мен Ши (Си Цзиньпин) арасындағы жоғары деңгейдегі бетпе-бет кездесу ұйымдастыруға дайындалып жүргенін болжай аламыз. Бұл болжамның өзіндік негіздері де бар, Яң мен Саливанның кездесуі екі ел арасындағы шиеленіс ушығып, Қытай ұшақтары Тайуан кеңістігіне жиі басып кіріп жатқан тұста болып отыр. Шиеленістердің ашық қақтығысқа ұласып кетуіне әр екі тарап та алаңдайды, сондықтан қалай да диалог сақтап, пікір алмасып келесі тараптың «буын шығарып» отыру Бейжің мен Уашингтон үшін бірдей керек-ті.
Бұған қоса, ежелден бергі дипломатиялық қатынастардың тәжірибелеріне сай бұндай ашық әрі терең талқылардың болуы мемлекет басшыларының арасындағы кездесудегі ықтимал қайшылықтарды жоюға көмектеседі. Тараптар кез-келген түйткіл бойынша қарсыласының не дейтінін, не ойлайтынын біледі, ары қарай келісімге де жол ашылады.
Аляскадағы «төрттік» кездесуге қарағанда, Цюрих кездесуі біршама жылы лебіздермен өткенін бірқатар ақпарат құралдары жазды. Осының өзі де екі держава арасында алдағы диалогтарға жол ашқандай. Бұның бәрін қорыта келгенде, алдағы уақытта АҚШ пен Қытай қатынасы түбегейлі жақсарып кетпеген күнде де бірқатар дипломатиялық қадамдар алға жылжып, Бейжің мен Уашингтон ортасында белсенді диалог орнауы мүмкін.