Ақтау қаласының №2 соты Oil Construction Company (ОСС) мұнайшыларының қамаудағы кәсіподақ төрағасы Әмин Елеусіновтің орнына учаске бастығы Берік Бекбаевты сайлау туралы «конференция шешімін» бұзуды сұраған талап арызын қанағаттандырмады

Бұл туралы жазған centralasian.org хабарына қарағанда, судья мұнайшылар белсендісі Құспан Қосшағұловты ОСС кәсіподақ ұйымы қоғамдық бірлестігінің төрағасы міндетін атқарушы етіп сайлаған кәсіподақтың басқарма мүшелерінің 1 наурыздағы отырысы хаттамасының заңсыз деп танылғанын мәлімдеді.

Сот отырысына куә ретінде шақырылған ОСС компаниясының жұмысшылары Сағыныш Нұрғалиев пен Руслан Әбуов "ешқандай конференцияның болмағанын", өздеріне "кәсіподақтың жаңа төрағасын сайлау туралы әлдебір қағазға мәжбүрлеп қол қойдыртқанын" айтты.

ОСС мұнайшылары кәсіподағының төрағасы міндетін атқарушы Берік Бекбаевтың тарапынан куәлік етуге келген Нұрбек Есенбаев «конференцияда» хатшы ретінде тек қол қойғанын, бірақ оған қанша адам қатысқанын білмейтінін айтты. Ал жүргізуші Ақылбек Әкімиязов "ешқандай жиналысты да, хатшыны да көрмегенін", бірақ қол қойғанын айтты.

Мұнайшылар кәсіподақты қорғап қалу үшін ары қарай арызданатындарын айтты.

ОСС жұмысшыларының кәсіподағы басшысы Әмин Елеусінов Ақтауда биыл қаңтардың 5-інен 21-іне дейін кәсіподақ кеңсесінде өткен мұнайшылардың жаппай аштық акциясы кезінде ұсталып, Астанаға жеткізілген соң екі айға қамауға алынған. Оған "қылмыстық сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденді, талан-таражға салды", "билік өкілдеріне бағынбады, оларды ғайбаттады, кедергі келтірді" деген айыптар тағылған. Онымен бірге қамауға алынған ОСС кәсіподағының еңбек инспекторы Нұрбек Құшақбаев "заңсыз ереуілге қатысуды жалғастыруға арандатты" деп айыпталып, 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сот одан Techno Trading компаниясы талап еткен 25 миллион 200 мың теңгеге жуық "материалдық шығынды" өндіріп беруге үкім кесті.

“The Qazaq Times”