Алматыда коронавирус пандемиясының төртінші толқыны ақырындап бәсеңдеп келеді. Тап қазір қаланың 10 мың тұрғыны емделіп жатыр. Қазір резервтегі төсек-орындарды қоса есептегенде стационарларда шамамен 64% орын толған.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өткен тәулікте, 12 қыркүйекте тіркелген 719 адамның 690-ы симптом белгілерімен, тағы 29 адам симптомсыз тіркелген. Жексенбі күні 211 адам ауруханаға жатқызылған.
Жалпы қалада сыйымдылығы 5230 орын болатын инфекциялық стационарларда 3383 адам емделіп жатыр. Олардың арасында 107 бала төсекке таңылған. Ал реанимация және қарқынды терапия бөлімдерінде 316 науқас жатыр. 52 адам ӨЖЖ, 120 науқас инвазивті емес ӨЖЖ-ымен және 107 сырқат High flow аппаратымен тыныстап жатыр. Сондай-ақ, БМСК мен Телемедицина орталығының мобильді топтарымен бірге үй жағдайында 6934 науқас амбулаторлық деңгейде бақылауға алынған.
Өткен сенбіде жиыны 18 адам коронавирус пен оған ұқсас пневмониядан қайтыс болған.
Ресми дерекке қарағанда, Алматы қаласында биыл ақпаннан бері 910 мың адам екпенің алғашқы, оның ішінде 795 мыңы толық дозасын алған. Әкімдік мәліметінше, әзірге 160 егу пункті мен 237 егу бригадасында 1028 медқызметкер жұмыс істейді.
Эпидкартада бірнеше айдан бері «қызыл аймақта» тұрған Алматы қаласында пандемия басталғалы 165 мыңнан аса адам ауырған, оның 50 мыңға жуығы тамызда анықталған. Қазір республикада анықталған күнделікті есептің ширек бөлігі Алматы қаласына тиесілі болып отыр.
Эпидахуалдың нашарлауына байланысты қалыпты жағдайда қолданылып жүрген 5-7 мың арасындағы төсек-орын 8910-ға дейін көбейтілген. Стационарлардағы орын саны артып, тіпті жаңа резервтік филиалдар уақытша іске қосылған еді. Дүйсенбі бұл 5230 орынға дейін қысқартылды.