Алматы қаласында төртінші толқын қаупі сейілер емес, тап қазір 19 мыңнан аса адам емделіп жатыр. Қазір резервтегі төсек-орындарды қоса есептегенде стационарларда 67% орын толған.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өткен тәулікте тіркелген 1517 адамның 1429-ы симптом белгілерімен, тағы 88 адам симптомсыз түрде тіркелген. 16 тамызда 651 адам ауруханаға жатқызылған. Бұл өзге айлардағы көрсеткіштен әлдеқайда жоғары.
Жалпы қалада сыйымдылығы 8910 орын болатын инфекциялық стационарларда 5963 адам емделіп жатыр. Олардың арасында 195 бала төсекке таңылған. Ал реанимация және қарқынды терапия бөлімдерінде 430 науқас жатыр. 65 адам ӨЖЖ, 173 науқас инвазивті емес ӨЖЖ-ымен және 180 сырқат High flow аппаратымен тыныстап жатыр. Сондай-ақ, БМСК мен Телемедицина орталығының мобильді топтарымен бірге үй жағдайында 13 221 науқас амбулаторлық деңгейде бақылауға алынған.
Ресми дерекке қарағанда, Алматы қаласында биыл ақпаннан бері 818 мың адам екпенің алғашқы, оның ішінде 647 мыңы толық дозасын алған. Әкімдік мәліметінше, әзірге 160 егу пункті мен 237 егу бригадасында 1028 медқызметкер жұмыс істейді. Жалпы пандемия басталғалы қалада 130 мыңнан аса адам ауырған, оның 23 мыңнан астамы кейінгі екі аптада анықталған.
Эпидахуалдың нашарлауына байланысты қалыпты жағдайдағы 7011 төсек-орын 8910-ға дейін көбейтілген. Стационарлардағы орын саны артып, тіпті жаңа резервтік филиалдар уақытша іске қосылған.
Жұмыс күндері күшейген шектеумен істеп, демалыс күндері жұмысын тоқтатын түрлі ұйым-мекемелерге қатысты карантин режимі 1 қыркүйекке дейін ұзарды.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі QT редакциясының сұрауымен коронавирус жұққан сырқаттарды емдеуге арналған төсек-орындар қорының есебін ұсынды:
- Орталық қалалық клиникалық ауруханада 700 орын бар.
Одан бөлек филиалдары:
Қалалық тері-венерологиялық диспансерінде 30;
«A-class Medical» медорталығында 80;
«Astana International» қонақ үйінде 240 орын дайындалған.
- Алматы қалалық Жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасында төсек қоры жүзге артып, жалпы саны 400-ге жетті.
Филиалдары:
«Оқу-клиникалық орталығында» ЖШС 130;
«ХАҚ» медициналық орталығында 150 орын әзір тұр.
- И.Жекенова атындағы жұқпалы аурулар ауруханасында (Дегдар көшесі, 10/2) 540;
«Қалалық ревматологиялық орталықта» 80;
«Медициналық көмек орталығында» ЖШС 125;
С. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ жаңа жатақханасы базасында 520 төсек-орын жүктемесі қамтамасыз етілді.
- «Фтизиопульмонология орталығына» қарасты «Халық арена» филиалында 1000 төсек-орынға шақталған стационар жұмыс істеп келеді.
Туберкулезге қарсы диспансерінде 100;
- Қалалық №4 көпсалалы ауруханада 60;
Гуманитарлық-педагогикалық колледжінің жатақханасының базасында 300 орын құрылған.
- «Қалалық кардиологиялық орталығы» жүрек-қантамыр жүйесі аурулары бар КВИ инфекциясын жұқтырған науқастарды емдеу үшін жұқпалы аурулар ауруханасына ауыстырылды.
«Astra» қонақ үйінде 160 орын бар.
- ҰОС мүгедектеріне арналған госпиталінде 100 орын дайындалған.
Осыған дейін бас санитар дәрігер Жандарбек Бекшин бір күнде ауруханаға жатқызылғандар саны 500-ден асса, қалада локдаун күшейтіліп, блок-бекет қойылатыны туралы наурыз айындағы критерийдің қазір күшін жойғанын мәлімдеген.
Бекшиннің болжауынша, шілде айында басталған төртінші толқынның шарықтау шегі 11-12 тамыз күндері өтуі керек болған. Дегенмен әлі де Алматы қаласы республикадағы ең үлкен індет ошағы ретінде тәулігіне 1,5 мыңнан кем емес жағдай тіркеліп жатыр.