Қазақстанда коронавирус пен оған ұқсас пневмонияға шалдыққандар саны тағы 4,4 мың артып, жалпы есебі 900 мыңнан асты. Осылайша Қазақстан «жағымсыз статистикада» дүниежүзінде халқы ең көп ауырған 36-шы мемлекет ретінде бірнеше аптадан бері өз орнында қалып отыр.

Төртінші толқын екпіндей бастаған шілде айының ортасына қарай тәуліктік сырқаттар саны 5 мыңның, тамызға қарай 7 мыңның үстіне шыққан, індет қарқыны екі аптадан бері 4-5 мың кейске маңайлады.  Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметінше, елде 8 қыркүйекте коронавирус (КВИ+) жұққан 4106 адам, ал 7-сі күні  коронавирус пневмониясына (КВИ-) шалдыққан 302 адам тіркелді және сейсенбіде 103 қазақстандық (таңертең 86 адам делінген еді, ДенМин түзетуінен кейін ақпарат өңделді – QT) аурудан қайтыс болды. Қазір елде 84 мың адам (КВИ+ бойынша 76 мың, КВИ- бойынша 8 мыңдай) ауырып жатыр.

#COVID Өткен күні ПТР тесті арқылы коронавирус жұққаны расталған науқастар қатары тағы артты. Олардың басым бөлігі немесе 24%-ы әдеттегідей жоғары динамикада тұрған бір ғана Алматы (976) қаласына тиесілі. Сейсенбіге қарағанда кеше Қарағанды (529), Алматы (330), ШҚО (201), Атырау (127), БҚО (124) өңірлерінде науқастар саны күрт артты.  Ал астана (329), Павлодар (229), Ақтөбе (222), Ақмола (201), Маңғыстау (185), Қостанай (178) облыстарында эпидахуал елеулі дәрежеде өзгере қоймады. Шымкент (150), Қызылорда (92), СҚО (81), Жамбыл (79), Түркістан (53) өңірлерінде дерт қарқыны тұрақты. Кеше, сәрсенбіде аурудан айыққан 6926 адам үйіне шығарылған. 7 қыркүйекте жиыны 89 адам қайтыс болған.

#COVID_пневмониясы Қыркүйектің 7-сі ақпараты бір тәулікке кешігіп берілетін коронавирус пневмониясына шалдыққан 302 науқас есепке алынды. Ведомство дерегінше, бұл күні сырқаттар Алматы (59) облысы,  Шымкент (47), Жамбыл (40), Атырау (20), Маңғыстау (20) облыстары мен Алматы (19) қаласында көптеп анықталған. Сонымен қоса, 132 адам айығып шыққан, тағы 14 адам көз жұмған.

#Жалпы  ДенМин дерегіне қарағанда, емделіп жатқан 84 мың науқастың 18 мыңы ауруханада, 65 мыңы амбулаторлық бақылауда. 1390 науқастың жағдайы нашар, ондағы 346 адамның хәлі өте ауыр. Бұдан өзге 197 сырқат өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр.

Эпидкартада «жасыл аймақтағы» Түркістан облысынан басқа ШҚО, СҚО, Жамбыл, Қызылорда өңірлері «сары аймаққа» өткен. Басқа 12 аймақ тұтастай «қызыл аймақта» тұр.

ДенМиннің QT редакциясына берген мәліметінше, 11 наурыз бен 12 шілде аралығында ПТР тесті оң көрсеткен 1311 сынама секвенирленген (штамм түрін анықтайтын талдау). Сәйкесінше, биыл көктем-жазда геномдық зерттеу нәтижесінде елдің басым бөлігінен вирустың бразилиялық, британдық, оңтүстікафрикалық және үндістандық штамдары анықталған.

Биылғы жаз мезгілі қазақстандықтар үшін қаралы хабарға толы болды. Пандемия басталғалы 1,5 жылдың ішінде анықталған барлық аурушаңдық пен өлім жағдайының жартысы тек өткен жазда, төртінші толқында тіркелді. Үш айда бас-аяғы 420 мың адам ауырса, 6,6 мыңнан аса адам көз жұмды.

Былтыр 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 828 мыңнан асса, 1 тамыздан былайғы коронавирус пневмониясы 72 мыңға жуықтаған. ДДСҰ дерекқоры мен Ұлттық статистикада Қазақстанда ауырғандар саны 900 мыңға жетті. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді.

Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардан 17,3 мыңнан аса адам (КВИ+ / U07.1 – 10 076, КВИ- / U07.2 – 4611, ілеспе аурулардан – 2633) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінгендерді жалпы статистикаға енгізбейді. Бұған қарсы сарапшылардың сөзіне қарағанда, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған.

Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Джонс Хопкинс университеті және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 36-орынға орнықты.

Үкіметтің соңғы дерегіне қарағанда, Қазақстанда 5,7 млн адам коронавирусқа қарсы вакцинаны толық алған, ал кемінде бірінші дозасы егілген жұрттың саны 6,9 млн-нан асады.

The Qazaq Times