Қазақстан Ауғанстандағы қазақ диаспорасын елге қайтару мәселесін қарастырып жатыр. Бұл туралы 8 қыркүйекте ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
"Ауғанстандағы шиеленіскен мәселелерді реттеу үшін Қазақстан шетелдік серіктестерімен тізе қосып жұмыс істеп келеді. Біз, ең алдымен, сол жердегі отандастарымызды ұйымдасқан түрде эвакуациялауды қамтамасыз еттік. Енді, біз Ауғанстандағы қазақ диаспорасының мүшелерін, яғни қандастарымызды елге қайтару мәселесін қарастырып жатырмыз. Гуманитарлық ұстанымдарға сәйкес ауғанстандық 57 студенттің білім беру визаларын ұзарттық. Сонымен қатар бортында шетел азаматтары бар ұшақтарға жанармай құю үшін транзиттік әуе дәліздері мен қону алаңдарын ұсындық. БҰҰ-ның Ауғанстан жөніндегі агенттіктерінің қашықтағы уақытша кеңсесі Алматы қаласына орналастырылды" деді Тоқаев жаңадан тағайындалған төтенше және өкілетті елшілердің сенім грамоталарын тапсыру рәсімі кезінде.
Ауғанстанда "Талибан" тобы билік орнатқаннан кейін ұлты қазақ екенін айтып, Қазақстан үкіметінен Ауғанстаннан алып кетуді сұрап, өтінген азаматтар көбейген еді. Осы апта басында Қазақстанның Кабулдағы консулдығына барып, көмек сұраған, өздерін "ауған қазақтарымыз" деп таныстырған бір топ адам қабылдауға кіре алмай жүргеніне шағымданған.
Бұған дейін Қазақстан сыртқы істер министрлігі Ауғанстандағы қазақтарды Қазақстанға қайтару жөнінде іс-шара басталғанын, алайда ондағы саяси-әскери ахуалдың нашарлауына байланысты қазақтарды қайтарудың нақты мерзімі белгіленбегенін айтқан.