Жамбыл облысы Байзақ ауданында болған жарылыстан 15 адамның мүрдесі табылып, марқұмдардың аты-жөні нақтыланды.
Түр-түсін тануға келмейтін 3 мүрденің ДНҚ сынама үлгілері Шымкент қаласындағы зертханасында талданып, қорытындысы сейсенбі күні сағат 10.20-да туыстарына айтылды. Мәйітхана алдына жиналған марқұмдардың жақындарына үш азаматтың нақтыланған жеке дері хабарланды.
ТЖ қызметінің көпшілік ортасында айтқан сөзіне қарағанда, үш қызметкер, олар – 25 жастағы Әділет Әділбек Қанатұлы, 22 жастағы Кеңес Әліби Бексұлтанұлы, 26 жастағы Қуатбек Гафан Жомартұлы.
Дүйсенбі кешке қарай №3 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл басшысы, жуырда 41 жасқа толған майор Заикин Сергей Владимировичтің денесі табылған. Оны жолдасы қолындағы неке жүзігінен таныған.
Өлімі нақтыланғандар:
- Ефрейтор Р.С.Жанболатов – 40 жаста
- Сержант М.С.Мершімбай – 40 жаста
- Старшина Е.Е.Нәдірбеков – 41 жаста
- Азаматтық қызметкер О.Д.Дәлібаев – 59 жаста
- Оңтүстік өңірдің әскери прокуроры А.Қ.Қапезов – 44 жаста
- Сержант-өрт сөндіруші А.С.Темірболатов – 28 жаста
- Полковник М.К.Айманов – 45 жаста
- Подполковник А.Н.Микропуло – 50 жаста
- Сержант, аға өрт құтқарушысы Е.Қ.Сандыбаев – 30 жаста
- Сержант, аға өрт құтқарушысы Т.Қ.Төребеков – 40 жаста
- Майор С.Ж.Әлімбеков – 36 жаста
- Майор, қарауыл басшысы С.В.Заикин – 41 жаста
- Аға сержант, жүргізуші Г.Ж.Қуатбек – 26 жаста
- Қатардағы өрт сөндіруші Ә.Б.Кеңес – 22 жаста
- Кіші сержант, өрт құтқарушысы Ә.Қ.Әділбек – 25 жаста
Қазіргі таңда оқиға орнында болған 16-шы қызметкер, 33 жастағы кіші сержант Бауыржан Дәуітбаев Талғатұлын іздестіру жүріп жатыр. Оның үш ұлы және бір қызы бар, сондай-ақ әйелі бесінші перзентіне аяғы ауыр.
Бұл үш марқұмның жеке дерегі дүйсенбі белгілі болған. Қорғаныс министрлігінің Бас инспекция басқармасының басшысы Жұмабек Хасенов бауырын іздеген қызметкерлердің туыстары мен сондағы QT тілшісіне кеше, 30 тамыз кешке дейін хабарлауға уәде берген. Бірақ түпкілікті ақпарат бүгін жарияланды.