Қорғаныс министрлігінің Бас инспекция басқармасының басшысы, полковник Жұмабек Хасенов оқиға орнында QT тілшісіне берген жауабында бүгін 3 мәйіттің жеке дерегі анықталғанын хабарлады.
Оқиға орнында іздестіру жұмысының есебін күтіп отырған, із-түссіз жоғалған екі жігіттің туыстарына министрліктің ресми өкілі бірнеше сағатта бір шығып, жағдайды баяндап тұр. Ведомство өкілін ортаға алған топ жақындарының көз жұмғаны я тірі екені туралы сұраққа алды.
«Толық қорытынды шықты. 3 мәйіттің ДНҚ қорытындысы Шымкент қаласындағы зертханада зерделенді. Осында тосып отырғандардың алдына жай келмес үшін алдын ала сұратып алдым. Нақты тізімі кешкісін 19.00-ге дейін жарияланатын болады», – деді министрлік өкілі Жұмабек Хасенов.
Сағат 15.00-дегі дерек бойынша, жарылыс болған әскери бөлімнің аумағында 500-ден аса маман екі адамды іздестіріп жатыр.
«Топырақтың биіктігі 5-10 метр, саперлер бар аймақты жіті өқарап, күрекпен қазып жатыр. Техникамен айналаның бәрін қазбалай алмаймыз. Егер мүрде жатқан болса, оны бүлдіріп алуы мүмкін. Бейнежазбаға қарағанда, жарылыс толөыны негізінен қойманың оң жағын қатты соққылаған. Сол жағындағылардың көбі жараланса да тірі қалған. Хаттама бойынша, онда екінің бірі кіріп-шыға алмайды. Жарылыстың қатері толық жойылып, қауіп сейілді деген шешім шықпайынша, біздің өзіміз жолай алмаймыз. Тек арнайы мамандар жұмыс істеп жүр», – деді ол.
Қайнар ауылының кіреберісінде әскери пост орнатылған. Онда тек тұрғындар мен әскерилер, қалпына келтіру тобының өкілдері ғана өте алады.