Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы оқ-дәрі қоймасы жарылған №28349 әскери бөлімі аумағынан 15-ші мәйіт табылды.

Оқиға орнынан ақпарат таратып жүрген QT тілшісі бүгін, 30 тамыз кешкісін сағат 18.20-да әскери бөлімнің шыға берісінде орналасқан бекеттен марқұмның сүйегін арқалаған көлікті көрген. Туысынан хабар тосқан екі топ көлікті тоқтатып қарап көрді.

Кіші сержанттар Әділет Әділбеков пен Бауыржан Дәуітбаевтың туыстары төрт күннен бері олардан бейхабар отыр. Жарылыс болған кезде екеуі де қойма маңында қызмет барысында болған.

Бұл деректі сәлден кейін ТЖМ растады. Мәйітті қорғаныс министрлігінің саперлері тапқан, қазір марқұмның кім екені анықталып жатыр.

Апаттан көз жұмғандардың арасында өрт сөндірушілер, төтенше жағдай министрлігінің, әскери бөлімнің, әскери күзет пен әскери прокуратураның қызметкерлері бар.

26 тамыз Байзақ ауданындағы әскери бөлімнің қоймасынан өрт шығып, арты бірнеше дүркін жойқын жарылысқа ұласқан. Соңғы ресми дерекке сай, төтенше оқиға салдарынан 15 адам қаза тауып, 100 шақты адам зардап шеккен.

Әскери бөлімнің түбіндегі Қайнар шағын ауылында 17 үйде 90-ға тарта тұрғын мекендейді. Аудан көлемінде 118 үй-нысан бүлінген. Аймақтағы атқарушы билік өкілдері екі ай мерзімде барлық материалдық және инфроқұрылым шығындарын қалыпқа келтіруге уәде берді.

Оқиға болған кезде хабар-ошарсыз кеткен екі адамды әлі іздеп жатыр.  Оларды табу үшін кинолог, иісшіл иттер, саперлер, әскерилер, ТЖ мамандары, жалпы жиыны 40-тан аса техника, 180-дей адам жұмылдырылған.

The Qazaq Times