Мамин араға бірнеше ай оздырып Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктерге Маңғыстау мен Қызылорда өңіріндегі жағдайды назарда ұстауды, күзгі жиын-терімге қамдануды тапсырды.

18 тамызда өткен үкімет отырысында құрғақшылықтың «салдарын жою үшін жедел шаралар қабылданды» деген үкімет басшысының сөзін әлеуметтік желі қолданушылары «еңбекті малданғыш шенеуніктердің ескі әдеті» ретінде сынап жатыр. Қуаңшылықтан жаны қысылған жұртқа Үкіметтен бұрын баяғыша жер-жерден ел азаматтары асарлатып, жылу жинап көмек ұйымдастырғаны белгілі.

Премьер-министрдің айтуынша, жем-шөп сатып алу үшін Үкімет резервінен Маңғыстау және Қызылорда облыстарына 3,6 млрд теңге, ал жем–шөп дайындауға қосымша 43,1 мың тонна арзан дизель отыны бөлінген.

 «Қабылданған шаралардың арқасында жем-шөппен қамтамасыз ету мәселесі жалпы тұрақталды. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктер осы бағыттағы жұмысты жалғастырып, жағдайды ерекше бақылауда ұстауы қажет. Егін жинауға дайындық мәселесінде де қаржылай және материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша барлық шаруа қолға алынды», – дейді ол.

Асқар Маминнің болжауынша, Қазақстан астықтан тарықпайды, өзін толық қамтамасыз ете алады. Экспорттық әлеует жоғары деңгейде, 6,5-7 млн тонна көлемінде қала бермек.

«Сондықтан басты міндетіміз – егін жинауды уақтылы әрі сапалы өткізу. Жалпы мынадай мәселелерге көңіл бөлгім келеді. Біріншіден, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен облыстардың әкімдіктері қыс мезгіліне жем-шөп қорын сапалы дайындау және оның бағаларын тұрақты болуын қамтамасыз етсін.Екіншіден, егінді сапалы жинап қана қоймай, бидай өінімін дұрыс сақтау шартын бақыласын.Сондай-ақ, элеваторлардың егін қабылдау мен жинауға әзірлігін қамтамасыз ету қажет. Үшіншіден, Энергетика министрлігіне егін жинау кезінде жанар-жағар маймен уақтылы қамтамасыз ету мәселесін тұрақты бақылауды тапсырамын», – деді ол.

Биыл, Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында оңтүстік-батыс аймақтарда бұрын-соңды болмаған құрғақшылық жайлап, жем-шөп жетіспеушілігінен жұрттың қолдағы малы қынадай қырылып қалды. Соған қарамастан жауапты мекемелер, соның ішінде екі облыстың әкімдігі, ТЖД және Қазгидромет жұт жуандаған аймақтарда ТЖ жариялауға негіз жоқ деген тоқтамға келді. Азаматтардың бір бөлігі алапат жұттың боларын дер кезінде бағамдап-қамданып үлгермеген Үкіметті  айыптайды. Бұл жөнінде өзіне шаң жуытпаған ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров шілдеде отставкаға кетті. Өңірдегі халық әлі де қолы көмекке жетпегенін айтады.

Республикалық жедел штабтың жұмысы айқын емес немесе ашық дереккөздерде жүйелі көрсетілмейді. Жұттың зардабы етек алып, қоғам сынын күшейткен соң жем-шөпті сыртқа шығаруға тыйым салынды.

The Qazaq Times