Азат Азия радиосы (RFA) сайтының хабарына қарағанда, өткен аптада Қытайға қарасты Алтай аймағындағы Қоғам амандығын басқару және Алтай аймақтық Лаңкестікке қарсы тұру қызмет группасы бірлікте «Жалпыға бірдей лаңкестік әрекеттерді әшкерелегендерді марапаттау» хабарламасын таратқан. Бұл хабарлама жергілікті БАҚ құралдары арқылы кең көлемді насихатталған.

Азат Азия радиосының хабарына сүйенсек, хабарлама мазмұны төмендегідей: «Алтай аймағындағы үкімет органдарына және өзге де маңызды нысандарға лаңкестік шабуыл істерін алдын ала әшкерелегендерге 5 млн мен 3 млн юан (шамамен 225 – 135 млн теңге)  көлемінде;  құрал немесе жарылғыш заттар жасырғандарды мәлімдегендерге ¥4 млн.; шекарадан кірген немесе шыққан террористерді анықтағандарға ¥3 млн,; шетелдік лаңкестер мен лаңкестік топтарға қаржылай көмек көрсеткендерді мәлімдегендерге 2 миллион юан көлемінде ақы төленеді», – делінген.

Сонымен бірге, лаңкестік әрекеттерді бейнелейтін фото, видео жазбаларды таратқандар, өзгелерді лаңкестікке, ұлттық бөлшектеушілікке желіктіргендерді және заңсыз автокөліктерді сатып алу, сату, сұйылтылған газды алып жүру, топтық спорттық қимылдармен шұғылдану қатарлы әрекеттерді бірден террорлық әрекет ретінде қаралып, қатаң жазалау шарасы жарияланған. Мұндай әрекет пен жеке адамдарды әшкерелегендерге де мол сыйақы тағайындаған.

АҚШ Калифорния университетінің докторы, профессоры Жоу Гленди Қытай жергілікті үкіметінің жасап жатқан мұндай әрекеттері шектен шыққандық және кісілік құқықты таптағандық деп санайтындығын айтқан. Ол: «Қытай үкіметі радикалды ислам террорлық әрекеттері Шынжаңда етек алып, Пәкістан, Ауғанстанға айналып кетпеуіне тырысып бағуда. Бірақ, менің ойымша, бұл жағдайды тіпті де нашарлату болып саналады. Себебі, ұлттарға қаншалықты қысым түсірсе, наразылық соншалықты күшейеді. Ойлап қараңыз, қаншалық қатаң бақылау болса да, егер бір адам жанкештілік жасаймын десе, қалай да бір амалын табады. Егер, Қытай үкіметі қандай да бір террорлық әрекетпен жүздескісі келмесе, онда халыққа қысым жасауын тоқтатуы керек»,  – деген пікірін білдірген.

The Qazaq Times