Астанада "экстремистік ұйымның жұмысын ұйымдастырды және қатысты" деп айыпталып, 1,5 жылға бас бостандығынан айырылған азаматтық белсенді Асқар Қайырбек түрмеде аштық жариялады. Бұл туралы адвокат Гүлшат Дүйсенованың сөзіне сүйенген Азаттық радиосы хабарлады.
Ақпаратқа қарағанда, белсендінің аштық жариялағанына 6 тамызда бес күн болды.
"Ол істі қайта қарап, әділ үкім шығаруды талап етіп отыр. Ол өзін кінәсізбін деп санайды және 405-баптың 1-бөлігі ( "экстремистік ұйымның ісіне араласу") және 405-баптың 2-бөлігі ("экстремистік ұйымның жұмысын ұйымдастыру") бойынша ақтауды талап етеді. Екіншіден, Асқар Қазақстанда бұл бап бойынша көптеген адамға шектеу жазасын беріп жатқанда не себепті өзін бас бостандықтан айырғанын түсінбейді" деді адвокат Гүлшат Дүйсенова.
Оның сөзіне қарағанда, Асқар Қайырбек аштық жариялағаны туралы ресми түрде өтініш жазып, түрме әкімшілігін ескерткен. Белсенді тамақтан бас тартқан, қазір су ғана ішіп отыр.
Соңғы рет 29 шілдеде түрмеге барған адвокат белсендінің еңсесі біраз түсіп кеткенін көрген.
Адвокат осы аптада апелляциялық шағым түсірген. Жуырда қаралуы тиіс. Әзірге сот отырысының күні белгіленбеген.
22 маусымда астана соты Асқар Қайырбекті 1,5 жылға бас бостандығынан айырған. Бұған қоса, бес жыл қоғамдық-саяси жұмыспен айналысуға тыйым салған.