Кеше, 26 шілде күні АҚШ мемлекеттік хатшысының орынбасары Венди Шерман ханым Қытайдың Тянжин (ор.Тяньцзинь) қаласында Қытай лауазымдыларымен кездесті. Кездесуде тараптар «ашық пікірталас» өткізді. Бұл кездесуде АҚШ-Қытай арасындағы негізгі қайшылықтар талқыланды.
Тянжиндегі кездесуде Шерман ханыммен Қытай СІМ басшысы Уаң И және оның орынбасары Шие Фың кездесті. Тараптар бұл кездесуді «ашық» деп сипаттады. Былайша айтқанда екі елдің лауазымдылары қайшылықтар мен келіспеушіліктерді ашық талқыға салды.
Кездесудің жалпы барысын сипаттайтын болсақ, әдеттегідей екі тарап ортадағы қайшылықтар мен келіспеушілікке бірін-бірі айыптап жатты. Соған қарамастан қазіргідей шиеленістің тереңдей түскен кезінде Тянжиндегі кездесу өзіндік жоғары мәнге ие болды.
Шерман ханым Қытайды ынтымаққа шақырды
Шерман ханым қытайлық әріптестерін қайшылықтан шығып, держава ретіндегі жауапкершілігін терең сезіне отырып пандемия, климат өзгерісі секілді жаһандық ортақ мәселелерде Құрама Штаттармен ынтымақтасуға шақырды. Ол бұндай мәлімдемесін «Ассошиэйтед Пресске» телефон арқылы берген сұхбатында жасаған. Шерман ханымның пікірінше, екі ел арасында қайшылықтар көп болғанымен, державалардың жаһандық жауапкершілігі аса маңызды. Оның айтуынша, Құрама Штаттар Қытаймен экономикалық бәсекелестіктің болуына қарсы емес, тек бұл бәсекелестік екі ел арасындағы қарым-қатынастың тұтас болмысына айналып кетуін қаламайды.
Ең қызығы, кездесу қарсаңында Қытай СІМ өкілі Жау Лижиян Бейжіңде жасаған мәлімдемесінде «Құрама Штаттар бір жағынан Қытай мүддесіне нұқсан келтіріп отырып, енді бір жағынан келісімге қол жеткізе алмайды» деген сөздерді де айтып салды. Бірақ, бұл кездесудің екі ел қарым-қатынасы үшін маңызды екенін растады.
Былай қарағанда, қырық жыл жауласқан елдің де кейбір мәселелерде ортақ мүдделері болатыны секілді, АҚШ пен Қытайдың да ортақ мүддесі бар жаһандық мәселелер көп. Кейбір өңірлік мәселелерде де екі держава ортақ мүддеге қарай бейімделуге құлықты. Тянжин келіссөзіне қатысты хабарларға қарай отырып, Құрама Штаттар Қытайды келіссөз үстеліне келтіру үшін осы ортақ мүдделерді көбірек алға тартқанын байқауға болады.
Қытай СІМ жетекшісінің орынбасары АҚШ-ты өткір сынға алды
Дегенмен, Қытай СІМ басшысының орынбасары Шие Фың болса АҚШ-Қытай шиеленісін көбірек Уашингтонның қателігі деп көрсеткісі келді. Ол сөз арасында: «АҚШ екі ел арасындағы қарым-қатынасты тығырыққа тіреді», – деді. Сондай-ақ «Құрама Штаттар Қытайды әлемге ұсқынсыз етіп көрсетуге тырысып отырғанын» айтты. Осыларды айта келіп, Шерман ханымға қарата «АҚШ екі ел қатынасын тығырыққа қарай тіремей, қауіпті саясатты өзгертуі керек» деген пікірін білдірген.
Қытай сыртқы істер министрінің орынбасары сөзінде Жо Байден билігі Қытайдың экономикалық дамуын бақылауына алып, оны тежеуге тырысып отыр деп көрсетті.
Тянжинде талқыланған тақырыптар
Екі ел ортасындағы басты қайшылықтар мен көзқарас ортақтаспай тұрған түйткілердің бәрі дерлік осы кездесуде ортаға салынды.
АҚШ тарабынан көтерілген тақырыптар қатарында адам құқығы, Бейжіңнің Хоңкоңдағы (Гонконгтағы) антидемократиялық репрессиялары, Шыңжандағы геноцид пен адамзатқа қарсы қылмыстар, Тибеттегі зорлық-зомбылық, баспасөз және сөз бостандығы, сондай-ақ Бейжің қолдаған кибер-қылмыстық әрекеттер, Тайуан (Тавань) тақырыбы, Шығыс қытай және Оңтүстік қытай теңізіндегі даушарлар, т.б. Шерман бастаған делегация кездесуде осы аталған мәселелер бойынша кейбіріне алаңдаушылық білрідірп, кейбір мәселе бойынша Бейжіңді айыптап та алды.
Қытайлық ресми БАҚ мәліметіне қарайтын болсақ, Қытай сыртқы істер министрінің орынбасары Шие Фың талқы тақырыбына қатысты екі түрлі тізім ұсынған. Оның біріншісін – «Қателіктерді түзету тізім», екіншісін – «Қытайды алаңдататын негізгі мәселелердің тізімі» деп атаған екен. Бірінші бойынша, Қытай тарабы АҚШтан қытайлық студенттер мен ҚКП мүшелеріне қатысты визалық шектеулерді, қытайлық шенеуніктер мен мекемелерге бағытталған санкцияларды талап еткен. Екіншісі бойынша антиамерикалық және АҚШ-тағы Азияны жеккөру мен кемсітуге, Қытай азаматтарының әділетсіздікке ұшырауы бойынша алаңдаушылық білдірген.
АҚШ пен Қытай лидерлері кездесе ме?
Кешегі кездесудің ауқымы мен көтерген тақырыптардың тереңдігі ақпарат құралдарының назарын аудартты. Бұл жолы Байден мен Ши ортасында кездесу талқыланбағанымен, елдер арасындағы шиеленістің негізгі түйіндері ортаға салынды, бір қарағанда бұл екі еллидерлерінің кездесуіне жол ашылғандай көрінді.
Ақ үй баспасөз өкілі кешегі мәлімдемесінде: «Президент Байден бетпе-бет дипломатиялық кездесуге сенімді. Бұны ол үнемі айтып келеді. Біз кездесудің мүмкіндігі туады деп сенеміз», – деген.
Сарапшылар мен саясаттанушылар АҚШ пен Қытай лидерлері қазан айында Римде өтетін G20 саммитінде кездесуі мүмкін деп санайды.