Израиль коронавирусқа қарсы ойлап тапқан жаңа вакцина сынағының үшінші кезеңін бастайды. Сынақтың үшінші фазасы зерттеу ретінде Украина мен Грузияда өтеді.

Бүгінге дейін Израильде ересек тұрғындардың 80%-дан астамы шетелдік екпені қабылдаған. Вакцинациялау науқанының қарқынды жүргізілуіне байланысты індеттің беті қайтты. Сондықтан болса керек, мұнда жаңа вакцинаны тексеруге, екпе сынағына қатысуға ниетті адам табылмаған. Ал сынақтың соңғы сатысында препаратты індет дендеп тұрған елде ондаған мың адамға егіп, тексеру қажет.

Мәліметтер бойынша, вакцина стоматит вирусы негізінде жасалған. Бұл жануарлар арасында тарайтын ауру және адамға қауіпсіз. Вакцина сынағының Грузияда өтетіні белгілі болған соң, дәл осы елдердің әлеуметтік желілерінде препарат қауіпті деген ақпарат тарай бастады.

Осы аптадан бастап қайтадан «қызыл аймаққа» енген Грузияда жаппай екпе егу енді ғана басталды. Себебі вакцина қолжетімсіз болған. Келесі аптаның соңынан бастап 37 медициналық мекемеде алдын ала жазылмай, вакцина алуға болады. Сондай-ақ Грузияда үш айдан артық тұрып жатқан шетелдіктер те екпе салдыра алады. Ал Израиль екпесінің нақты кімдерге сыналатыны әзірге белгісіз.

"The Qazaq Times"