Кеше, 20 шілдеде жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) смартфонына Pegasus бағдарламасы арқылы тыңшылық жасалған Қазақстан азаматтарының кейбірінің есімін жариялады. Телефоны аңдуға түскендердің арасында Қазақстан президеті Қасым-Жомарт Тоқаев, премьер-министр Асқар Мамин және Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев бар.

OCCRР мәліметінше, Қазақстанға билігі 2 мыңдай нөмірді аңдыған. Әзірге олардың жетеуі белегілі.

  • Серікжан Мәулетбай – Informburo.kz жаңалық порталының тілшісі, әлеуметтік желіде блогтары бар;
  • Бигелді Ғабдуллин – ПЕН-клуб жетекшісі, Central Asia Monitor газетінің бұрынғы бас редакторы, 2017 жылы бопсалау бабы бойынша сотталған;
  • Бақытжан Төреғожина – қазақстандық құқық қорғаушы, "Ар.Рух.Хақ" құқық қорғау ұйымын басқарады;
  • Мартин Вийом – француздың "Аштықпен күрес және даму католик комитеті" гуманитарлық ұйымының қызметкері;
  • Квентин Гиёме – демократиялық өзгертістерді бастан өткеріп жатқан елдердегі азаматтық қоғамға қолдау көрсететінін Cosmopolitan Project Foundation үкіметтік емес ұйымының негізін қалаушы;
  • Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан президенті;
  • Асқар Мамин – Қазақстан премьер-министрі;
  • Бақытжан Сағынтаев – Алматы қаласының әкімі;

Тізімдегі Квентин Гиеме мен Мартин Вийом Қазақстанда беймәлім адамдар болғанымен, болжам бойынша, үкімет қуғындағы банкир Мұхтар Әблязовқа бола осы кісілерді аңдуға тапсырма берген болуы ықтимал. Өйткені бұл екі адам Әблязовпен байланыста болған.

17 үкіметтік емес ұйымның басын қосатын Pegasus Project жобасы израильдік NSO Group компаниясы әзірлеген тыңшы бағдарламасы негізінде түрлі телефон нөмірлерін бұзып кіру (немесе соған талпыну) әрекеттерін зерттеді. Мұндай тапсырысты түрлі үкіметтер берген. Жоба әшкерелеуші материалдарды 18 шілдеде жариялай бастады. Қазір бұл тізімге Еуропа, Азия, Африка және Таяу Шығыстағы 14 елдің басшысы кіреді, олардың арасында Қазақстан президентімен қоса Франция президенті Эммануэль Макрон, Марокко патшасы Мұхаммед VI және Мексика президенті бар.

OCCRP-дың тұжырымы бойынша, ықпалды адамдарды "бәсекелес елдер" не "қызығушы көршілер" нысанаға алған, ал "Қазақстанның іс басындағы президенті мен премьер-министрін өз елдері нысанаға алса керек".

Орталықтың пресс-релизіндегі мәлімет бойынша, Тоқаев "режимдегі нөмірі екінші адам болған кезінде [нысана ретінде] таңдалған" (Тоқаев 2013 жылғы қазаннан 2019 жылғы наурызға дейін Қазақстан сенатының төрағасы қызметін атқарған, яғни елдегі екінші лауазымды тұлға болған). Пресс-релизде авторлар "[нысана ретінде] таңдау 2017-18 жылдары жүргеніне" назар аударады.

OCCRP-дың тұжырымы бойынша, "осы және Қазақстан Pegasus бағдарламасын қолданды деген мұның алдындағы мәліметтегі Қазақстанның телефон нөмірлерін кластерлеу нәтижесінде Pegasus Project журналистері бақылау жүйесін қолданған – Қазақстан мемлекеті болуы мүмкін деген қорытынды жасаған".

"Бұл тізімге кіргендердің телефондарына бұзып кірді деп кесіп айта алмаймыз, бірақ оларға NSO Group-тың (Pegasus тыңшы бағдарламасын әзірлеуші) клиенті болуы әбден ықтимал Қазақстан үкіметі қызығушылық танытқан болуы мүмкін деп болжай аламыз" делінген орталық жариялаған есепте.

OCCRP ақпараты бойынша, оннан аса елде 200-ге тарта журналист пен белсендіні аңдыған. Қазақстаннан бөлек, Pegasus қызметін Әзербайжан, Венгрия, Мексика, Бахрейн, Үндістан, Индонезия Марокко, Руанда, Того, Сауд Арабиясы және Біріккен Араб Әмірліктерінің үкіметтері пайдаланған.

Pegasus тыңшы бағдарламасы қарапайым хабарлама арқылы "аңдылатын" адамның телефонына кіріп, оның жеке мәліметтерін ұрлайды, қажетіне қарай микрофон мен камераны қосады.

"The Qazaq Times"