Шілде айының алғашқы жартысында коронавирус эпидемиясы осы күнге дейін тіркелмеген деңгейде өршіді. Небәрі екі аптада 60 мыңға таяу адам ауырды. Қазір оның 53 мыңға жуығы (КВИ+ бойынша 51 895, КВИ- бойынша 1629) емделіп жатыр.
ДенМин дерегіне қарағанда, емделіп жатқан 52 895 науқастың 16,5 мыңнан астамы ауруханада, 36 мыңы амбулаторлық бақылауда. Эпидахуалды сараптау матрицасында 13 өңір қызыл, екі облыс сары аймаққа енген.
Жыл басталғалы 340 мыңнан астам адам коронавирус пен оған ұқсас пневмонияға шалдыққан. Қаңтарда 34 мың, ақпанда 27 мың адам ауырды. Көктем шыға наурыз айында 34 мыңға жетіп, қайта екпіндеген індет үшінші толқынға ұласты. Сәуірде 78 мыңнан және мамырда 67 мыңнан аса адам сырқаттанды. Жаз келе маусымда біршама саябырсып, тәулігіне орташа есеппен 1300-дей жағдай тіркеліп жатты. Алайда шілдеге қарай былтырғы сценарий қайталанды. Инфекция жұққандар күрт көбейіп, былтырғыдай желіде қазанама жиі жазыла бастады. Билік екпе алуды міндеттеудің тура-жанама шараларын қолға алды. Шілденің екінші декадасы барысында күнде рекорд. Бұрын-соңды ресми есепте көрсетілмеген цифрлар күн сайын бойлатпай өсіп барады.
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың апта ортасындағы сөзіне қарағанда, бұл – әлі басы. Ол 14 шілдеде жариялаған болжамында «дельтай штамының таралуы эпиджағдайға айтарлықтай әсер етіп отырғанын мәлімдеді. Төртінші толқынның шарықтау шегі тамыз айында өтеді делінген жаңарған болжамда. Жағымсыз сценарий бойынша, шілде-қыркүйек айларында 400 мың адам вирус жұқтырады. Жағдай шынайы сценарийде өрбісе, 355 мың адам және жағымды нұсқада дамыр болса, онда күздің алғашқы айына дейінгі аралықта 330 мың адам сырқаттануы мүмкін деседі. Індет өршіген тамыз айында үш нұсқа арасында тәулігіне 5-6 мың науқас анықталауы ықтимал. Дегенмен қазірдің өзінде күніне 5 мыңнан аса адамнан ПТР сынамасы оң көрсетіп жатыр.
Пандемия жарияланғаннан бері дүниежүзінің бір бөлшегі Қазақстанда (былтыр 13 наурыздан) 541 мың адам (КВИ+ 483 мың, КВИ- 58 мың) ауырды. Осылайша елулікке енуден дәмелі тоғызыншы аймақ аурушаңдық көрсеткіші бойынша, әлемде Worldometers дерекқоры, Джонс Хопкинс университеті және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 44-орынды бірнеше ай тұрақ етіп келеді.
Ал өлім есебін ашыңқырасақ, жалпы вирус жұққандардан 10 808 адам (КВИ+ / U07.1 – 4909, КВИ- / U07.2 – 3532, ілеспе аурулардан – 2367) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінгендерді жалпы статистикаға енгізбейді. Бұған қарсы сарапшылардың сөзіне қарағанда, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған.
Былтырғы «маусым-шілде қырғыны» биыл «шілде-тамызға» жылыстағандай. Елде ауырып жатқандар көп. Билік мұның себебін үндіктандық дельта штамының кеңірек таралуымен байланыстырады.