Коррупция үшін айыпталған «Астана ЭКСПО-2017» компаниясының бұрынғы топ-менеджері Қажымұрат Үсенов рақымшылыққа ілініп, бостандыққа шыққан. Бұл жөнінде жергілікті ақпарат құралдарына сілтемеме жасап "Орталық Азия хабар қызметі" жазды.
2016 жылдың маусымында сот оны қызметін асыра пайдаланып, мемлекет мүлкін жымқырды деген айыппен екі жылға бас бостандығынан айырған. ІІМ қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Үсеновтің бостандыққа шыққанын растады.
Қажымұрат Үсенов «Астана ЭКСПО-2017» компаниясындағы коррупция ісі бойынша айыптарын мойындағаны үшін, оларға қатысты бөлек қылмыстық іс қозғалған 12 адамның бірі.
Сонымен бірге Ауыл шаруашылығының бұрынғы вице-министрі Мүслім Өміряевтің де рақымшылыққа ілінгені хабарланады. Ол 2014 жылдың күзінде 10 жылға сотталған. Сот оған ірі көлемде пара алды, тендер кезінде жеке кәсіпкерлердің мүддесін қорғады деген айыппен үкім шығарған. Өміряев өзіне тағылған айыптарды мойындамады.
Қазақстанда рақымшылық тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай жүргізіліп жатыр. Онда ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталғандарды да бостандыққа шығару қарастырылған.
“The Qazaq Times”