Қызылорда облысында қуаңшылықтан қаталаған Арал ауданында «төтенше жағдай» кешігіп жарияланды.
Аудан әкімі Серік Сермағанбетов қуаңшылықпен күресу мақсатында 2 млрд теңге қажеттігін мәлімдеді. Қазір 13 округ «қызыл аймаққа» енгізілген.
«Қуаңшылық салдарымен күресу үшін ауданға 2 миллиард теңге қаржы қажет. 13 округ «қызыл аймаққа» енгізілген. Тағы алтауы сары, төртеуі жасыл аймақта тұр. Елді сумен қамтамасыз ету үшін 15 құдық қазылатын болады. Жайылымдарды ұлғайту үшін сегіз арна қазылып, тазаланады. Біз осы жұмыстарды жүзеге асыру үшін техника табуымыз қажет», – деді Сермағанбетов.
Сермағанбетовтың айтуынша, 1,9 млрд теңге республикалық, ал 250 млн теңге облыстық бюджеттен бөлінбек.
Жауын-шашынның межелі мөлшері аз тсүкендіктен, Арал ауданындағы жайылымдардың 90%-ы жарамсыз болып қалған. Маусым мен шілде айындағы шіліңгір ыстықтан Сырдария өзенінің арнасы айтарлықтай тарылған. Ресми дерекке сенсек, осының салдарынан бүгінге дейін 500 бас мал (321 бас сиыр, 237 бас жылқы, бір бас түйе) өлген. Тәуелсіз сарапшылар мен шаруалармен тұрақты байланыстағы қоғам белсенділері шынайы шығын көлемі әлдеқайда көп екеніне сенімді.
Аудан әкімдігі ТЖ режимін енгізуге қажетті құжаттандыру процесіне бір ай арнағанын жеткізді. Нормативті құжаттарды Әділет министрлігіне өткізген. Бюрократия бұралаңында қорадағы барынан айрылған шаруаларға өтемақы берілер-берілмесі әзірге белгісіз. Төрт түліктің 205 мың басына керек 184 мың тонна шөптің 146 мыңын сырттан тасымалдауға мәжбүр.
Осыдан екі жұма бұрын, 3 шілдеде ауыл шаруашылығы министрлігі оңтүстік және оңтүстік-батыс өңірлеріндегі мал қырғыны тоқтап, жағдай қалпына келгенін мәлімдеген. Десе де жұрт әлеуметтік желілерде мемлекеттік көмектің өзі талан-таражға түсіп, жем-шөптен қағылып отырғанын жазып отыр. Желі толған арып-тозған, көтерем малдың фото-бейне материалдары. Өткен сенбіде президент Тоқаев ведомствоға шаң жуытпаған ауыл шарушылығы министрі Сапархан Омаровты орнынан босатып, отставкаға жіберген.
Осыған дейін сарапшылар дер кезінде оң шешім қабылдай алмаған экс-министр Сапархан Омаровтан төтенше жағдайды ертерек енгізуді сұраған еді. Мамандардың айтуынша, ендігі қолдан келері салдары көп ке түсетін қиындықтың зардабын мейілінше азайту жолында әрекет ету керек.