Еуропалық одақтың мемлекет және үкімет басшылары Брюссельде екі күндік саммитке қатысады. Бұл – пандемияға байланысты соңғы екі айдағы алғашқы офлайн кездесу. Ресми мәліметтер бойынша, Еуроодақ елдері Ресейге қарсы енгізілген экономикалық санкциялар мерзімін 6 айға ұзартпақ.
Саммитте тараптар қоғамдастықтың 2021-2027 жылдарға арналған жеті жылдық бюджеттік жоспарын бекіту, €1,07 трлн және ЕО-ны қалпына келтіру қорын талқылайды. Қаржы бөлу мәселесіне байланысты бұл келісімге Венгрия мен Польша тыйым салған.
Саммиттің екінші күрделі тақырыбы – Түркияның Жерорта теңізіндегі іс-қимылы және Анкараға қатысты жаңа санкциялар. Ал Ұлыбританияның ЕО-дан шығуына байланысты Brexit-тен кейінгі екіжақты қатынастар туралы келісім жиынның үшінші күнінде талқыланбақ.
ЕО-ның бюджеттік жоспары
Сонымен бірге Польша президенті Анджей Дуда құжатты мақұлдау туралы алдын-ала келісімге қол жеткізілгенін айтты. «Бұл келісім поляк және венгр тараптарының, сондай-ақ неміс төрағалығының күш-жігерінің нәтижесі», – деген Польша президенті аталған келісімнің ережелерін ЕО-ның басқа елдері қабылдайды деп үміттенетінін білдірді.
Венгрия мен Польша ЕО-ның жаңа бюджеттік жоспары мен Еуропа экономикасын қалпына келтіру қорының бекітілуіне қарсы шықты. Мұнымен қоса екі ел басшылары 2021 жылдан бастап Брюссельден бюджеттік қаражатты мониторингтің нәтижелерін ескере отырып бөлу үшін қоғамдастық елдерінде құқықты бақылау туралы шешімге наразылық білдірді.
Бірақ жеті жылдық бюджет пен қалпына келтіру қорын бұғатталған күйінде қалдыру туралы шешімнің қабылдауны екіталай. Себебі бұл оларды алдағы 7 жыл бойына ЕО бюджетіне тиісті қосымша 180 миллиард еуродан айырады.
Ресейге қарсы санкциялар
Еуроодақтың мемлекет және үкімет басшылары 10 желтоқсандағы саммитте Ресейге қатысты экономикалық санкцияларды ұзарту туралы саяси шешім қабылдайды, оның мерзімі қаңтардың соңында аяқталады. Санкция мерзімін ұзартуға ешбір мемлекет қарсы болған жоқ.
2014 жылы Еуропалық одақ Украинадағы оқиғаларға және Ресейдің Қырымды аннексиялауына байланысты бірқатар санкциялар енгізген. Шектеу шаралары бірнеше рет ұзартылды. Визасыз режим және ынтымақтастық туралы жаңа негізгі келісім келіссөздері тоқтатылды, Ресейдің лауазымды тұлғалары үшін ЕО елдеріне кіруге тыйым салынды және олардың активтері бұғатталды. Сондай-ақ сауда, қаржы және әскери сипаттағы шектеу шаралары енгізілді. Бұған жауап ретінде Ресей ЕО елдерінен бірқатар азық-түлік тауарларын импорттауға тыйым салды.
Brexit тығырығы
Брюссель мен Лондон арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар туралы келіссөздер 15-16 қазанда ЕО саммитінде бекітілуі керек еді. Алайда, Брюссель мен Лондон кезекті мәрте ортақ келісімге келе алмады.
Еуропалық Кеңестің басшысы Чарльз Мишельдің айтуынша, саммитте Ұлыбританиямен серіктестік туралы келісімге нүкте қойылуы тиіс. Сонымен қатар, ол қоғамдастықтың кейбір елдері «келісімсіз» сценарийге дайын болуы керектігін ескертті.
Ұлыбритания 2020 жылы 1 ақпанға қараған түні Еуропалық одақ құрамынан шықты. Брюссель мен Лондон осы жылдың соңына дейінгі өтпелі кезең туралы уағдаласқан. Оның барысында Біріккен Корольдікке бірыңғай еуропалық нарық қағидалары бойынша сауданы жүзеге асыруды қоса алғанда, барлық еуропалық нормалар қолданылады. Британ үкіметі ЕО-мен болашақ байланыстардың форматы туралы уағдаласып, еркін сауда туралы келісім жасасуы тиіс.
2019 жылы Ұлыбритания мен ЕО сауда көлемі шамамен $900 млрд. болған. Егер тараптар бұл жолы да келісімге келе алмаса, 31 желтоқсаннан бастап барлық баждар мен квоталарды қолданып, Дүниежүзілік сауда ұйымының ережелері бойынша сауда жасай бастайды.
Түркия мәселесі
Түркиямен қарым-қатынас тақырыбы ЕО құрамындағы 27 елдің сыртқы істер министрлері отырысының басты назарында болды. Жиын нәтижесінде ЕО дипломатиясының басшысы Жозеп Боррел Түркияға қарсы шара қабылдау керектігін айтқан. Алдын-ала болжамдар бойынша, жақында өтетін Еуроодақ саммитінде Жерорта теңізіндегі заңсыз әрекеттері үшін Түркияға жаңа санкциялар енгізілуі мүмкін.
Өткен аптада Грекияның премьер-министрі Кириакос Мицотакис ЕО саммитінде Түркияға қарсы санкциялар мен қару-жарақ жеткізуге эмбарго енгізуді талап етті. Сонымен қатар, Еуропарламент Анкараға қатаң санкциялар енгізуге шақыратын қарар қабылдады.
1 қазандағы ЕО саммитінде қоғамдастық көшбасшылары Түркияға Жерорта теңізінде, Кипрде, Ливияда біржақты әрекеттерді, сондай-ақ Еуроодаққа және қоғамдастықтың жекелеген елдеріне, атап айтқанда Франция мен Грекияға қатысты агрессивті риториканы тоқтатуды талап етті.
Сол саммитте Еуроодақ елдері Кипрды Беларуське қарсы санкцияларды бекітуге қатысты өз ветосын алып тастауға көндірді. Бұл ретте Никосияның Жерорта теңізіндегі даулы аймақтардағы газ кен орындарында геологиялық барлау қызметін жүргізгені үшін Түркияға қарсы қатаң санкциялар енгізу туралы талабын қаыбылдаудан бас тартты. Оның орнына, ЕО көшбасшылары Түркияны «соңғы рет» ортақ ынтымақтастыққа шақырды.
2016 жылы ЕО-мен жасалған келісім аясында Түркия негізінен Сүриядан келген мигранттар үшін еуропалық шекараны жабуға келіскен. Оның орнына Брюссель босқындарды ұстауға, сондай-ақ визасыз режимге және Түркияның ЕО-ға кіруі туралы келіссөздерді жеделдетуге 6 миллиард еуро беруге уәде берді. ЕО келісілген қаржыны аударды, бірақ визасыз режим және мигранттарды қабылдау туралы келіссөздерден бас тартты.
Нәтижесінде, Түркия аумағында қазір 3 миллионнан астам босқын бар. Еуроодақ өз уәдесін толықтай орындамағандықтан, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған кез-келген уақытта «босқындар үшін Еуропа шекарасын ашатынын» ескерткен.