Мамырдың 11-і күні экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан қаласына іссапармен барды. Бүгін біз бұрынғы мемлекет басшысын күтіп алу шараларына қанша қаржы жұмсалғанын айтпақпыз.

НАЗАРБАЕВТЫҢ ТҮРІКСТАНҒА САПАРЫ

Мемлекеттік сатып алулар порталында жарияланған мәліметке сүйенсек, Түркістан қаласы әкімдігінің Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі  Нұрсұлтан Назарбаевтың іссапарына тікелей және жанама қатысы бар шараларға бірнеше тендер жариялаған. Атап айтқанда, экс-президент ашылуына қатысатын ғимараттарды безендіруге, театрландырылған қойылым қоюға және ұйымдастыруға бюджеттен 34 651 111 (салықты қосқанда 38 809 244 22)  теңге қаржы бөлініп, тендер өткізілген. Оны «SUNNY FIELD COMMUNICATIONS» ЖШС компаниясы ұтып алған.

Uchet.kz сервисіндегі деректерге қарағанда, компанияны Жаманқұлова Айнұр Мамырханқызы басқарады. «SUNNY FIELD COMMUNICATIONS» ЖШС 2007 жылы тіркелген. Ашық дереккөзде «жарнамамен айналысатын шағын кәсіпорын» деп көрсетілген компания 2010-2017 жылдары аралығында ешқандай салық төлемеген. 2018-2021 жылдары 34 926 735 теңге салық төлеген. Бұдан бөлек, Жаманқұлова Айнұр Мамырханқызының атында «RBS KNOWLEDGE» және «ГР Компани» ЖШС компаниялары бар. Бұл екі компанияның екеуі де мемлекеттік сатып алуларға қатыспайды.

Бұған қоса, Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан Түркістан музыкалық драма театрының ашылу рәсіміне жалпы соммасы 89 285 714 (салықты қосқанда 100 000 000)  теңгелік тендер жарияланған. Оны «А+А Idea Fabric» ЖШС компаниясы ұтқан. Бұл компания 2018 жылы Алматы қаласында тіркелген. Басшысы Орынбасаров Қуаныш Батырбайұлы. Өнер саласында қызмет көрсететін компания 2018 жылдан бері 545 205 708 теңге салық төлеген. Екі тендердің екеуі де «тікелей бір көзден сатып алу» тәсілі бойынша өткен.

 

ТҮРКІСТАН САПАРЫНДА НАЗАРБАЕВ ҚАЙДА БАРДЫ?

Іссапар барысында Нұрсұлтан Назарбаев Музыкалық драма театрдың ашылуына қатысып қана қоймай, су жаңа театрда «Шаңырақ» миниатюрасын тамашалды. Бұдан бөлек, ол тұңғыш президент саябағын абаттандыру жұмыстарымен танысып, Қазақ хандығы мемориалдық кешенінің ашылу салтанатына қатысқан және «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорығы аумағындағы этноауылға барған. Керуен Сарай туристік кешені мен «Алтын Самрұқ» әуедегі театрында Қыз қуу және театрландырылған су шоуы қойылымдарын көрген. Нұрсұлтан Назарбаевты күтіп  алып, шаһармен таныстыру рәсіміне 124 миллион 212 мың 449 теңге қаржы жұмсалған.

ЖАРТЫ МИЛЛИАРД ТЕҢГЕ ЖҰМСАЛҒАН САММИТ

Түркістанда наурыз айында болған түркі кеңесі саммитін ұйымдастыру да жоғарыда аталған «SUNNY FIELD COMMUNICATIONS» ЖШС және «А+А Idea Fabric» ЖШС компанияларын айналып өтпеді. Саммитке байланысты жарияланған тендерлерді дәл осы екі компания жеңіп алған.

«SUNNY FIELD COMMUNICATIONS» ЖШС VIII түркі кеңесі саммитіне байланысты өткен екі бірдей тендерді ұтып алған. Оның бірі 90 255 952.42 теңге болса, екіншісі 147 726 713.12 теңге. Бұл екі тендер де саммит аясында этноауыл галереясын безендіруге, техникалық жабдықтауға, шараны ұйымдастыру мен өткізуге арналған.

Ал «А+А Idea Fabric» ЖШС ұтқан 346 100 000.00 теңгелік тендер саммит аясында концерттік бағдарлама дайындауға арналған. Бұл тендердің қаржысы бастапқыда 500 000 000 теңге болған. Бірақ түркі кеңесі саммиті эпидемиалогиялық ахуалға байланысты онлайн форматта өтетін болғандықтан қысқарған. Бұл үш тендерді қосып алғанда түркі кеңесі саммитіне 584 миллион 082 мың 665 теңге қаржы жұмсалған.

Саясаттанушы Әзімбай Ғали қазіргідей қиын-қытау кезеңде саммит, тойға қаржы бөлуді тоқтату керек деп есептейді. Оның сөзінше, мұнайдың ақшасын шашуды тоқтататын уақыт жетті.

"Осы уақытқа дейін елдің имиджін жасау үшін саммит жасадық. Бағдарламаларымызды айттық. Енді мал шашуды тоқтату керек. Елдің барлығына бір-бір саммит өткізудің қажеті жоқ. Қазір мерекелік шараларға бөлініп жатқан қаржының жартысы ұрланады. Өтірік болса Әзімбайды қудаласын. Сондықтан мал шашпақ ел болмауымыз керек. Қазір біз жер байлығын шашып жатырмыз. Ал еңбек өнімділігі жоқ. Еңбек өнімділігі жоғары болып, демократиялық билік отырса байлықты шашуға рұқсат. Қазір бұның жартысы ұрланатыны анық", - дейді Ғали. 

Нұрсұлтан Назарбаевтың сапары мен түркі кеңесі саммитіне жұмсалған қаржыны қоса есептегенде 708 миллион 302 мың 114 теңге болады. Халықтың әлеуметтік жағдайы нашаралап, қымбатшылық дендеп тұрған уақытта бұл қаржыға не істеуге болар еді? Мысалға, бұл қаржыға 64 391 балаға 11 мың теңгеден бір реттік көмек немесе 16 665  адамға ең төменгі жалақы мөлшерінде (42 500 теңгеден) беруге болар еді. Бұдан бөлек, Түркістан қаласынан 47 отбасына құны 15  000 000 теңгелік 4-5 бөлмелі үй алуға болады.

Жалпы, Түркістан облысы Қазақстан бойынша ең кедей аймақ. Облыста әрбір 10-шы адам кедейлік шегінде өмір сүреді. Балалар кедейлігі бойынша да Түркістан облысы көш бастап тұр. ЮНИСЕФ есебіне сәйкес, Қазақстанда 1 миллионға жуық бала (916 мыңы) әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларында тәрбиеленуде. Оның 13,8 % дәл осы Түркістан облысына тиесілі.

Бұл контент АҚШ даму агенттігі (USAID) арқылы америка халқының көмегімен "MediaCAMP – Орталық Азия бағдарламасы" аясында дайындалды. The Qazaq Times порталы ақпараттың мазмұнына тікелей жауапты жəне ақпарат USAID-тың немесе АҚШ үкіметінің, сонымен қатар Internews ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

The Qazaq Times