Алматы қаласында белгісіз біреулер оппозиция мен азаматтық қоғам «заң жүзінде отставкаға кеткенімен, биліктің барлығын уысында ұстап отыр» деп есептейтін экс-президент Назарбаевқа арналған муралды «бүлдіріп кетті».
Бүгін, 8 шілдеде Instagram желісіндегі Qazaq Koktemi Rukh арт қозғалысы мен Rukh2k19 оппозициялық тобының парақшасында муралдың өзгертілген суреті пайда болды. Онда бұрынғы президенттің жас кезіндегі суреті DC Comics-тің зұлым кейіпкерлерінің бірі Джокерге ұқсап қалған.
Жароков және Мыңбаев көшелерінің қиылысындағы гараж қабырғасына бейнеленген муралдағы «Ұлы дала ұлы» деген латын тіліндегі жазу «Ұлы дала ұры» деп өзгертілген. Forever Young тіркесіне «крест» қойылып, Cancel деген сөз пайда болған.
Ұстаным-пікірін «көркемөнер-креатив тілде» білдіріп жүрген арт-қозғалыстың инста-парақшасында экс-президентке арналған үндеу де жарияланды:
Qazaq Koktemi-нен Нұрсұлтан Назарбаевқа хат
Нұрсұлтан,
Заңның алдында адамның бәрі тең, сенің де барлық жауыздығыңа жауапқа тартылатын күнің алыста емес.
Өзіңе қанша ескерткіш қойсаң да, халық сені тек қарғыспен еске алатын болады.
Өзгерістер таяп қалды.
Сен ұлы дала ұлы емес, ұлы даланың ұры мен жауызысың!
Азаттық радиосының хабарлауынша, тілші бейсенбі күні таңертең муралдың палаткамен жабылғанын көрген. Бір қызығы, өзін таныстырмаған бір топ адам келіп тілшіге кедергі жасап, суретке түсірмеуді және телефоннан дереу өшіруді талап еткен.
Осыған дейін #qazaqkoktemi хештегімен Назарбаев тұсындағы саясат пен оның салдарын сынайтын бірнеше жазба жарияланған. Әдетте Қазақстанда құқық қорғаушылар жиі айыптайтын Елбасы туралы заңның негізінде ерекше құзіретке ие экс-президент Назарбаев туралы ашық та өткір мәлімдеме жасаған азаматтардың түгел дерлігі жазаға тартылады. Отандық онамастика саласында қалыптасқан айырықша нұронимдер қатарында (30 жылдай билік еткен бұрынғы президенттің) туған күні қарсаңында бой көтерген 18-інші ескерткішінде «Ұлы дала ұлы» деген жазу қосарланып қойылған еді.