Жексенбі, 13 желтоқсан күні таңертең Алматы қаласы әкімдігінің алдындағы жерде «Ұмытылмас 1986 2011» деген жазу пайда болды. Бұл жөнінде Instagram әлеуметтік желісінде Rukh2k19 тобы хабарлады.

«Біз бостандық ұрпағымыз. Біз 1986, 2011 жылдары болған репрессия мен халыққа қарсы қылмысты еш ұмытпаймыз әрі билікті кешірмейміз. 2020 жылғы 16 желтоқсанда сағат 12:00-де республикамыздың алаңдарында біз, қазақстандықтар, өзгерістер үшін бірігеміз!» – делінген Rukh2k19 хабарламасында.

Алматы әкімдігі ғимаратының алдында жазылған "месседж". 13 желтоқсан 2020 жыл. Фото: rukh2k19

Бірер сағаттан кейін әкімдік алдындағы жазуды өшіріп тасталған.

16 желтоқсан — Қазақстан тәуелсіздігі күні. Бұл күн Қазақстанның жаңа тарихында тағы екі оқиғамен байланысты аталады. Осыдан 34 жыл бұрын дәл осы күні Кремльдегі биліктің Геннадий Колбинді советтік Қазақстанға басшы етіп тағайындағаннан кейін қазақ жастары Алматының орталық алаңына жиналып, наразылық танытқан. Совет билігі жастардың бейбіт митингісін күш қолданып, басып-жаншыған. Митингіден кейін жүзге жауапқа тартып, соттаған, жұмыстан шығарған. 2011 жылы 16 желтоқсанда Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен мұнайшылардың бірнеше айға жалғасқан бейбіт наразылық акциясын полиция оқ атып таратқан. Ресми мәлімет бойынша, «Жаңаөзен оқиғасы» кезінде 17 адам көз жұмған.

Алматыдағы Нұрсұлтан Назарбаев көшесінің бойына экс-президент күні ілінген баннер. 1 желтоқсан 2020 жыл. Фото: Аян Қалмұрат / Азаттық радиосы

Rukh2k19 тобы бұған дейін биылғы 1 желтоқсанда Алматыда белгісіз біреулердің «Адам атына 47,3 млрд теңге жұмсады» деген жазбасы бар көлемі он метр баннерді көшеге іліп кеткенін хабарлаған. Баннерді Қазақстанда билік Тұңғыш президент күні деп жариялаған 1 желтоқсанда таң алдында Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілген даңғылдың бойына іліп қойған.

"The Qazaq Times"