Тіркелмеген (ҚДП) Қазақстан демократиялық партиясы ұйымы Қазақстан Конституциясының жаңа нұсқасының жобасын ұсынды. Бұ туралы бүгін, 17 маусымда Алматыда өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды.
"1995 жылы қабылданған қазіргі Конституцияны Назарбаевтың қойын дәптеріне теңейтіндер көп. Өйткені кез келген уақытта қалтасынан суырып алып, оған өзгерістер енгізіп, өзіне қажетті мәселелерді кіргізіп отырғаны белгілі. Сондықтан Демократиялық партия Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын ұсынып отыр" деді ҚДП лидері Жанболат Мамай.
Ұйым ұсынып отырған Конституция Қазақстанның қазіргі Ата заңынан әлдеқайда өзгеше. Құжат 11 бөлімге бөлінген, 138 баптан тұрады. Жанболат Мамайдың айтуынша, өздері ұсынып отырған жаңа Конституцияны әзірлеу барасында дамыған мемлекеттердің заңдары, халықаралық нормалар негізге алынған.
Жоба авторлары бірнеше бапты басты өзгеріс ретінде атап өтті. Олар төмендегідей:
- Бір адам президент ретінде екі рет сайлана алмайды, бір рет бес жылға сайланады;
- Ел астанасының атын Нұр-Сұлтаннан Алашордаға өзгету;
- Елде мемлекеттік тіл ретінде тек қазақ тілін қолдану;
- Қазақстан қандай да бір конфедеративтік квазимемлекеттік құрылымдарға мүше бола алмайды;
- Қазақстан аумағында шетел әскерін орналастыруға толық тыйым салынады;
- Екі палаталы парламенттің орнына бір палаталы 120 адамнан құралған Ұлттық құрылтай құру және оның өкілетін президенттен жоғары ету;
- Баспанаға зәру азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету;
- Этникалық қазақтарға қолдау көрсету;
Қазақстанның қазіргі Конституциясы 1995 жылы бүкіл халықтық референдуммен қабылданған. Сол кезде 95 баптан тұратын елдің басты заңы қазір 98 бап болды. Осы уақытқа дейін Конституциясының 64 бабына парламент арқылы барлығы бес рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Оның басым көпшілігі елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың билігін күшейтуге арналды.