Бұдан бір-екі жыл Солтүстік Атлантикалық Қауіпсіздік Одағының 70 жылдығына орай ұйымның болашағына деген күмән-күдік күшейіп, ішкі тұтастығына қатысты сын-пікір күшейіп тұрған еді. АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп НАТО-ның икемділігін жиі сынап, тіпті, қажеті қалмаған ұйым деп те айтқаны бар. Алайда, былтырдан бері, әсіресе АҚШ-тың жаңа админстрациясына ілесе, НАТО ұйымының ішінде де бірқатар тың серпіндер пайда болды. Ұйымның кезекті саммиті әлемнің назарын өзіне аударды.
Бельгияда өткен кезекті жиналыста НАТО-ға мүше елдердің басшылары Қытайдың өсіп келе жатқан әскери қатерімен қатар, кибер қауіпсіздік саласына төнген жаңа қатерлер туралы талқылады. Бұл жолы саммит көпке созылған жоқ, бар жоғы бірнеше сағатта бітті. Бірақ, ұйымның бас хатшысы бастап, өзге де сарапшылар жағынан қазіргі жаһандық жағдайлардан алғанда кезекті жиын аса маңызды мәнге ие болды деп бағалады.
Саммитте белгілі болғанындай, НАТО-ның негізгі мақсаттарының бірі ретінде Қытайдың артып келе жатқан қатеріне қарсы әрекет ету қосылды. Бас хатшысы Йенс Столтенберг те мәлімдемесінде: «НАТО көп мемлекеттерге қорқыныш алып келіп жатқан Қытайдың ықпалына қарсы тұруы керек», – деді. Ұйым ендігі жерде мүше елдермен осы ұстанымды тереңдету бағытында жұмыс алып барады.
НАТО ең алдымен Қытайдың артып келе жатқан әскери қуатынан алаңдайды. Соған қоса, оның коммунистік жүйесінің ұйымға мүше елдердің демократиялық жүйелеріне қауіп төндіреді деп санайды. Қытайдың соңы жылдары белсенді әскери жаңаруы, теңіз күштерінің таңқаларлық тез күшеюі, шетелдерлен әскери базалар құра бастауы әлем елдерін алаңдатып отыр. Оның үстіне НАТО Қытай және Ресей сынды негізгі қарсыластарының бірігіп кетуінен алаңдайды.
Әрине, әлемдегі ең ірі қауіпсіздік ұйымы саналатын НАТО Ресейдің де әскери қадамдарына аса сақтықпен қарап отыр. Айталық, кезекті саммит кезінде Йенс Столтенберг Ресейдің Сирия мен Ливияға зымырандарын орналастырып жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша Беларусь мен Таулы Қарабақ мәселесінен кейін Ресей әскери әрекеттерін күшейткен.