Осы аптада ЕО-ға мүше елдердің министрлері одақ пен Шенген аймағына кіруге шектеулерді жеңілдету туралы шешім қабылдады. Енді Еуропаның Дәрі-дәрмек агенттігі мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бекіткен вакцинаны салдырған адамдар Еуропаға бара алады. Мақұлданған тізімге Pfizer, Moderna, AstraZeneca, Johnson & Johnson екпелері енгізілген.
Екпе Еуроодақ аумағына кіргенге дейін 14 күн бұрын салынуы тиіс. Сондай-ақ Еурокомиссияның ұсынысынан кейін одақ кеңесі мен Еуропарламент «вакциналаудың бірыңғай куәлігін» бекітті.
«Цифрлық жасыл төлқұжатта» коронавируспен байланысты барлық мәліметтер: адамның аурулар тарихы, ПТР-тестілерінің нәтижесі және вакциналау туралы ақпарат көрсетіледі. Куәлік 1 шілдеден бастап талап етіледі.
Бұдан басқа, Еуроодаққа мүше әрбір ел «еуропалық бірыңғай куәлігі» жоқ шетел азаматын елге кіргізу мәселесін жеке қарастырмақ.
Жасы бойынша әлі вакцинациялай алмайтын балалар вакцинацияланған ата-аналарымен бара алады. Бірақ олар баланың ПТР тестінің теріс нәтижесін шекарадан өткенге дейін 72 сағат бұрын көрсетуі керек. Еуропалық одақта қазір 12 жастан 15 жасқа дейінгі балаларға BioNTech / Pfizer екпесін егуге рұқсат беру жағы қарастырылып жатыр.
Covishield вакцинасымен (AstraZeneca-ның үнділік аналогы), сондай-ақ қытайлық Sinopharm компаниясының вакцинасын қабылдағандар да Еуроодақ аумағына кіре алады. Себебі аталған екі вакцинаны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы төтенше жағдайда қолдануға кеңес береді. ЕО Кеңесінің шешімінде бірлестіктің әр мемлекеті осы тізімдегі препараттармен толық вакцинацияланған адамдар үшін «Шенген аймағына өтуге рұқсат беріледі» делінген.
Бірақ «Спутник V» вакцинасын қабылдағандар әзірге Еуропаға кіре алмайды. Өйткені, ресейлік екпе әлі де Еуропалық дәрі-дәрмек агенттігінің параллель талдау кезеңінде тұр. ДДҰ-ның негізгі тізімінде «Спутник V» екпесіне «қосымша мәліметтер қажет» деген белгі қойылған. Екпенің сынау мамыр мен маусымға жоспарланған.
Қазір Еуропа туризм үшін шекарасын ашқан мемлекеттер тізімінде жеті ел бар: Австралия, Жаңа Зеландия, Руанда, Сингапур, Таиланд, Оңтүстік Корея және Қытай. Енді Еуропалық кеңес тізімге мемлекет енгізудің басты критерийін өзгертпек: 100 күнде 14 мың адамға шаққанда науқастар саны 75 кейстен аспауы керек. Осы уақытқа дейін 25 кейс деп белгіленген болатын.