Қазақстанда тағы да екі адам "саяси тұтқындар" тізіміне қосылды. Құқық қорғаушылардың сарапшылар кеңесі 19 мамырда жарияланған жаңа тізімге жақында ғана шектеу жазасы түрме жазасымен алмастырылған петропавлдық белсенді Нұрбол Өнерхан мен астаналық белсенді Жәнібек Жүнісовті қосты. Бұл ақпаратты Азаттық радиосы хабарлады. 

Азаттық мәліметінше, Нұрбол Өнерхан – Солтүстік Қазақстан облысы Бірлік ауылынан шыққан азаматтық белсенді. Былтыр күзде Петропавл соты "тыйым салынған ұйымның ісіне араласқаны" үшін оның бостандығын екі жылға шектеген. Жақында 4 мамырда "пробация шарттарын бұзғаны үшін" түрмеге жіберілді. Ал Жәнібек Жүнісов – "тыйым салынған ұйымның ісіне араласқаны үшін" ("Көше партиясы" қозғалысы) үстінен қылмыстық іс қозғалып, қазір тергеу изоляторында отырған нұр-сұлтандық белсенді. Қоғамдық белсенділігі үшін бірнеше рет әкімшілік жауапқа тартылған. Ол 2021 жылдың ақпан айынан бері қамауда отыр.

Елде "саяси тұтқындар" тізімі жиі жаңарып жатыр. Тізімге кейінгі кезде енген белсенділердің көбі "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы және "Көше партиясына" қатысы бар деп күдікке ілінген. Қазақстан соты "экстремистік ұйым" деп таныған ҚДТ мен "Көше партиясын" Еуропарламент "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған. Құқық қорғаушылар екі ұйымға қатысты шыққан сот шешімінің жарияланбағанын айтып, сынаған.

Қазақстанда алғашқы саяси тұтқындар тізімі 2013 жылы жасалған. Құқық қорғаушылар саяси тұтқын деп танығандар қатарында ақын әрі диссидент Арон Атабек, жаңаөзендік белсенді Ержан Елшібаев"терроризмді насихаттады" деп сотталған Кенжебек Әбішев, Алмат Жұмағалиев те бар.

Қазақстан билігі "елде азаматтар саяси пікіріне байланысты қудаланады" деген пікірмен келіспейді және "саяси тұтқындар жоғын" айтып келеді. Ал елдегі саяси қудалау туралы ақпарат тарататын Tirek.info сайтының мәліметінше, жаңадан қосылғандарады есептегенде Қазақстанда барлығы 28 саяси тұтқын қамауда отыр.

"The Qazaq Times"