Қырғыз-тәжік шекара жанжалы екі елдің ғана емес өңірге ортақ кейбір түйткілді түйіндердің ашып көрсетті. Қатталмаған шекара өз алдына, бір-біріне тағдыры тығыз байланысты елдердің арасында болашақ қақтығысқа жол бермеу үшін түбегейлі шешіп, толықтай келісімге келу тиіс көптеген мәселелердің барлығы аңғартты. Атап айтқанда, шекара аттап жатқан анклавтар, даулы су ресурстары, есірткі тасымалы мен контрабандалық «ұры жолдар» және соларды бақылауға алып отырған түрлі топтар. Міне осы секілді мәселелердің өзі елдер арасында ірі қақтығыстарға себеп бола алатынын байқатты. Ал, ондай мәселе бір ғана қырғыз бен тәжік ортасында ғана болып жатқан жоқ.

Аталған ірілі-ұсақты мәселелерді дер кезінде шешудің маңызды екенін біз Орта Шығыс елдеріндегі зобалаңдардан анық көрдік. Алпауыт елдер сол өңірдегі өз мүддесін алға жылжыту үшін елдер арасындағы болмашы, тіпті жай көзге елеусіз түйткілдерді қалай пайдаланып кеткеніне де куә болдық. Қырғыз бен тәжік арасындағы жанжалдың артында өзге мемлекеттердің де мүддесі жатуы мүмкін деген болжамды біз ғана емес, кеше Қырғызстанда эксперттер арасында өткен отырыста да айтты.

Орта Азияда өзге елдерге салыстырғанда Қазақстанның күрделі шекаралық дауы жоқ. Қалай десек те, бұл геосаяси тұрғыда қазақ билігінің белгілі деңгейдегі жетістігі. Дегенмен, көршілес елдер арасындағы шешім таппаған түйіндер тұтас өңір қауіпсіздігіне қауіп төндіруі ғажап емес. Қалай десеңіз, халықаралық қарым-қатынастар жаңа ағысқа аунап түсті, державалар арасындағы тартыс күн сайын үдеп, олар ықпал еткен аймақтардағы тартыс, бәсеке қарқын қосып барады. Соған ілесе біздің өңірдің де халықаралық геосаяси салмағы күн сайын ауырлап, маңызы өзектіленіп, АҚШ, Еуропа алыптары, Ресей, Қытай арасындағы ойын алаңы болып кету кәдігінде тұр.

Қырғызстанның «Кабар» ұлттық агенттігі кеше ресейлік және қырғызстандық эксперттердің қатысуымен сәуір соңындағы жанжалды тақырып еткен талқы отырысын өткізді. Онда эксперттер мәселені түрлі қырынан талдағандай болды. Айталық, үш мемлекеттің шекарасы бар Ферғана аймағындағы даулы мәселе тек шекара таласы ғана емес екендігі ашық айтылды. Жер-су таласы, жол таласынан тыс қырғыз бен тәжік арасындағы жанжалға контрабандалық, есірткі аткезшілік топтарының да әсері бар екенін алға тартты.

Қырғызстандағы «Альфа» арнайы әскери бөлімі ардагерлерінің халықаралық ассоциясының президенті Юри Погиба сөзінде Ферғана өңірінде шекара мен су ресурстарын бөлісу ең елеулі шешім таппаған мәселе болғанымен, шекара аттаған «ұры жолдарға» тосқауыл қоюдың өзі агрессивті үлкен қарсылықтарға тап болып отырғанын айтты. Қақтығыстар кезінде кейбір елді мекендерде өртенген үйлердің көбі дерлік контрабанда мен есірткі саудасына қатысы барға тән екеніне назар аударады. Қырғызстанның ақпарат құралдарында шекара аттаған есірткі саудасы мен контрабандалық топтар туралы және олардың шекара жанжалына болған байланысы жайында толық ақпарат алу қиын. Дегенмен, эксперттердің сөздерінде даулы шекара мәселелерімен қатар бұл айтылғандар да еларалық жанжалға түрткі болып, Қырғызстан мен Тәжікстан ортасындағы тыныштыққа сызат салып отырғаны айтылды.

Аталған талқыда Ауғанстаннан АҚШ пен НАТО әскерлерінің шегінуі өңірдегі қауіпсіздік мәселесінде жаңа мәселелерді алып келеді деген де ойлар айтылған екен. Бұл о бастан белгілі болған еді. Ауғанстанда басым көп аумақты бақылауға алып үлгірген тәліптер шетел әскері кетісімен іргесін кеңейтуге, ірге кеңейтпеген күннің өзінде Орталық Азиядағы біршама әлсіз Тәжікстан мен Қырғызстандағы ықпалын күшейтуге күш салып жатпасына ешкім кепілдік бере алмайды. Онсыз да жанжал Ауғанстанға жиналып жатқан немесе Орта Шығыста белсенділігін сақтап тұрған кейбір террорлық топтардың да назарын өзіне аударып кетті.

Бұлардың бәрін қорыта келгенде өңір тұрақтылығы, қауіпсіздігі, орнықтылығы жаңа сын-қатерге тап болғанын аңғаруға болады. «Бұл түйеде біздің жүгіміз жоқ» деуге келмейтін осы мәселелерде қазақ қоғамы тосын қауіптерді алыстан болжап, сергек танымда болғаны мейлінше тиімді де. Үйтетіні, іргедегі оттың жалыны өзімізге де қауіп.

“The Qazaq Times”