Қазақстанның экс-денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен оның орынбасары Олжас Әбішев мемлекетке 1,5 млрд теңге көлемінде шығын келтірді деген күдікке ілінді Бұл туралы Vlast.kz сайты жазды.

Сайттың хабарлауынша, 5 мамырда тергеу сотында прокурор Төлеген Жарасбаев Біртановтың үйқамақ мерзімін тағы бір айға созуды сұраған. Прокурор бұрынғы министрдің шектеулерге қарамастан хат жолдап, отбасы, адвокатынан басқа адамдармен араласып, "ереже бұзғанын" атап өткен. Айыптау тарабы оған медициналық мекемеден басқа жаққа баруға толық тыйым салуды, телефон арқылы келіссөз жүргізбеуді, хат жолдамауды, отбасы, адвокатынан басқа ешкіммен сөйлеспеуді міндеттеуін сұраған. Үйқамақ мерзімін 14 маусымға дейін созуды өтінген. Сот 6 мамырда жалғасады.

Тергеу органдарының болжамынша, 2015 жылы денсаулық сақтау министрлігі хорваттың Ericsson Nikola Tesla компаниясымен құны 17,8 млн доллар болатын "денсаулық сақтау саласындағы ақпараттық платформаны" елге әкелу бойынша келісім жасасқан. Бірыңғай дерек қоры сақталады делінген платформа денсаулық сақтау саласындағы ақпараттық жүйені біріктіруі тиіс болған.

"Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов платформаның жұмыс істемейтінін біле тұрып, [бұрынғы вице-министр] Олжас Әбішевпен келісіп, 2018 жылы 17 емдеу мекемесінде платформаны пилоттық тұрғыда пайдалану туралы бұйрыққа қол қойған". Прокурор іс жүзінде пилоттық пайдалану жүзеге аспады деп санайды.

Айыптау тарабының айтуынша, бұрынғы министр мемлекет басшылығына платформаның 17 мекемеде сыналғаны жайлы ақпарат беріп, жаңылдырған. Ал вице-министр Әбішев "мемлекеттік сатып алу туралы" заңға жүгінбей 2018 жылы қазан айында Ericsson Nikola Tesla компаниясымен 9 млн долларға келісім жасасып, жұмыс атқарылмаса да желтоқсан айында актіге қол қойып, Ericsson Nikola Tesla компаниясына 6,8 млн долларды аударған. Былтыр ақпан айында Біртанов платформаны өнеркәсіптік пайдалануға енгізу туралы бұйрыққа қол қойған. Бірақ платформа әлі іске қосылмаған дейді айыптау тарабы. Прокурор осылайша Біртанов, Әбішев және өзге тұлғалардың әрекетінің салдарынан мемлекетке 1,5 млрд теңге көлемінде шығын келді деп санайды.

Бұған дейін Біртановтың адвокаты Дмитрий Куряченко тергеу органдарында бұрынғы министрдің кінәсін дәлелдейтін бұлтартпас айғақтар жоғын алға тартып, "тергеу органдарының әрекеті істі объективті жүргізуге емес, Біртановты қудалауға бағытталып отыр" деп мәлімдеген еді. Адвокат даулы платформаның жұмыс істеп тұрғанын, іске платформаны жасаған Ericsson Nikola Tesla өкілдері, не мердігер, не платформаны қабылдаған комиссия мүшелері тартылмағанына назар аударған. Адвокат платформаны қабылдау-пайдалану актісіне қол қоймаған Біртановтың заңсыз қудаланып жатқанын, оның үйқамақта заңсыз отырғанын да айтқан.

2017 жылдың қаңтарынан бастап денсаулық сақтау министрі қызметін атқарған 49 жастағы Елжан Біртанов былтыр маусымда коронавируспен ауырғандар саны күрт көбейіп, ауруханаларда орын жетпей жатқан тұста қызметінен бостылған. Ал қараша айында ол «ірі көлемде қаржы жымқыру» күдігі бойынша ұсталды. Ол сол кезден бері үйқамақта отыр. 26 наурызда сот оның қамау мерзімін 30 сәуірге дейін ұзартқан.

"The Qazaq Times"