ШҚО Аягөз ауданындағы Майлин ауылының тұрғындары негізгі тасжолға апаратын күре жолды өз арасында жылу жинап, жөндеп жатыр. Биліктен «қайыр болмаған соң» жұрт қалтасынан құраған ортақ қаржыға өз бетінше жөндеп жатыр. Мәселенің мән-жайын білмек мақсатта өңірдегі тілші ауыл әкімімен тілдесіп көрді.

– Ауыл Майлин деп аталады. Аудан орталығына дейін – 24 шақырым. Оның 12 шақырымы – «Өскемен – Алматы» бағытындағы республикалық жол, қалған 12 шақырымы – ауылға дейінгі жол. Біз сол, 12 шақырымды ауылдың азаматтары, мұғалімдер, ауыл әкімшілігі – бәріміз ұйымдасып, уақытша жөндей тұрайық дедік. Технология бойынша жамап жатқаным жоқ, әрине, – дейді ауыл әкімі Ержан Нұрғалиев.

Оның айтуынша, жол 2017 жылы біршама жөндеоген.

– Ой-шұңқырымыз көбейіп кетіпті. Өзіміздің жүретін жол болған соң бюджеттен ақша бөлініп, іске асқанға дейін қарап отырмайық дедік. Қазірше біраз бөлігін істедік, қалғанын алдағы сенбіде жөндеп, республикалық жолға дейін апарамыз ғой. Жылда-жылда шұңқырларға топырақ төгетінбіз, оны жел ұшырып кететін. Биыл бетон құйып жатырмыз, – дейді әкім.

Елдің күшімен салынып жатқан жол туралы ақпарат Facebook пен Instagram желілерінде қызу талқыланып жатыр. Аягөзден

Бұған дейін облыста осыған ұқсас жағдай былтыр күзде болған. Үржар ауданы Көктал ауылының тұрғындары ауылға аспалы көпір салып алған деседі. Көктал ауылдық округінің әкімі Нұрым Сәдуақасовтің айтуынша, бюджеттік жоспарға енбеген стратегиялық маңызды нысанға жатпайтын көпірді 1973 және 1983 жылғы түлектер мен ауыл азаматтары ұйымдасып салған. Ұзындығы 100, ал ені 1,4 метр шамасындағы құрылысқа 10 млн теңге шамасында қаражат жұмсалған. Әкімнің айтуынша, әр жылғы түлектер қал-қадірінше ауылдың кем-кетігіне болысатын көрінеді. «Тыңдаушы Үкіметке» енді «көруші» деген эпитетті тіркеу керек, сонда назар аударар дейді азаматтық белсенділер.

Заңгер Алексей Божковтың сөзіне қарағанда, адамдар Конституциялық құқығын білмей отыр. «Салық төлеп отырғандықтан, олар жолды жөндеп беруді талап етуге құқылы».

Тасқын Болатұлы

ШҚО

"The Qazaq Times"