Қазақстанда 30 қараша 689 адамнан коронавирус, ал жексенбіде 68 адамнан коронавирус пневмониясы анықталды. Қазіргі таңда 24,5 мыңнан астам (КВИ+ 13 444, КВИ- 11 210) адам ауырып жатыр.
#Коронавирус Күздің соңғы күні, қарашаның 30-ы коронавирус жұқтырған 402 адам айығып шықса, 7 адам өмірден өткен. Жаңадан тіркелген науқастардың ең көбі – СҚО (110), Павлодар (94), Ақмола (90), Қостанай (88), ШҚО (73) облыстарында. Маңғыстау облысында вирус жұқтырғандар мүлдем анықталмаған.
Бір айдан бері эпидемия ахуалы ушығып тұрған ШҚО-дағы жұқтырғандар саны қараша айы басталғалы 6,3 мыңнан асты. Екінші қатарда Павлодар (2198), одан кейін Солтүстік Қазақстан (2041) облыстары орналасқан. Әзірге жағдай тұрақты өңірлер – Қызылорда (31), Маңғыстау (32), Түркістан (65) облыстары. Мұның барлығы қараша айындағы ресми жиынтық есеп бойынша.
ДенМин-нің ресми мәліметінше, емделіп жатқан 13,4 мыңнан аса науқастың 3586-сы ауруханада. Тағы 9858 адам амбулаторлық терапияда. Олардың арасында 912 бала емделіп жатыр. Қарашаның соңғы декадасында ауырып жатқан балалар күрт көбейді. 1 қыркүйектен бері ауырған 1741 оқушыға КВИ+, кемінде 1 мың балаға КВИ- диагнозы қойылған. Қазір ауру ошағы ретінде 66 мектеп уақытша карантинде, жабық тұр.
Ахуалы нашар 232 науқастың арасында 30 адамның жағдайы қатты қиындаған. Және 31 сырқат өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр.
Республика бойынша барлығы 132 мыңнан астам адам коронавирус инфекциясын жұқтырса, емделіп жазылғандары – 116,5 мыңнан асады. Бұл жалпы науқастардың 90%-ға жуығы. Қазан айының ортасынан бері елде коронавирус қайта екпін ала бастады. Десе де президент Тоқаев 16 қараша күнгі мәлімдемесінде солтүстік және шығыс аймақтарда статистиканың бұрмаланғанын айтқан. Редакция Павлодар облысында 59, Қостанай өңірінде 57, Ақмолада 100, СҚО-да 200, ШҚО-да 300 жағдайдың жасырылғанын анықтаған.
#Коронавирус_пневмониясы Сонымен қоса, жексенбі демалыс күні болғандықтан, коронавирус пневмониясына шалдыққан 68 адам тіркелген. Тағы 27 адам айығып шыққан. Пневмонияға шалдыққан 42 мың адамның 30,5 мыңнан астамы жазылып шыққан.
ДДСҰ туыстас дерттің қаупі бірдей екеніне баса назар аударса да Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус пен оның пневмониялық түріне екі түрлі көзқараспен қарайды. Оның анық дәлелі – КВИ+ туралы ақпараттық индикаторлар (аймақтарға таралуы, науқастардың ахуалы, оның ішіндегі стационар мен амбулаторлық бақылаудағылар саны, балалар саны, ӨЖЖА-мен тыныстап жатқандар, айыққандар, жаңа кейстер, қайтқандар) күнделікті жарияланса, ал КВИ- дерегі соңғы үш көрсеткіштен өзге мәлімет берілмейді. Қазір коронавирус пневмониясының аймақтарға таралуы жөніндегі дерегі министр әу баста айтқандай күнделікті не аптасына емес, енді он күнде бір-ақ беріледі. Оның өзінде құжат форматында сайтқа жүктеледі, ведомство ресурстарында ашық әрі түсінікті жарияланбайды.
Қоғамда биылғы 256 мың пневмония жағдайын есепке қоспай, жалпы статистиканы шілдедегі қырғыннан кейін жүргізе бастаған Үкіметтің есебіне күмәнмен қарайтындар көбейген.
#Сөйтсе... Қазақстанда коронавирус өлімі азаймай тұр. 1 қыркүйектен 1 желтоқсанға дейін, биылғы күзде Қазақстанда 43 мыңдай адам індетке шалдығып, 600 адам қайтыс болған (КВИ+ 26 476 кейс, 447 өлім / КВИ- 16 491 кей, 151 өлім).
Өткен қараша айында 24 мыңнан астам адам ауырған және 230-дай адам өмірден өткен. Бұл қазан айында тіркелген толық жиынтықтан да көп. Ресми дерекке сәйкес, қазан айында 9,5 мыңдай қазақстандық ауырған (4439 адам КВИ+ / 4984 адам КВИ-) және 165 адам өмірден өткен (118 адам КВИ+ / 47 адам КВИ-).
Осылайша бірінші толқынның шарықтау шегі – «маусым-шілде қырғынан» кейінгі тамыз айынан бері Қазақстанда дерт жұқтырып ауырғандар 114 мыңнан асып түсті. Осы төрт айдың ішінде індеттен 1,4 мың адам өмірден өткен.
Пневмонияның коронавирустан басқа түрлеріне шалдыққандар саны 358 мыңға жеткен. Жиынтық есебі, 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 131 мыңнан, 1 тамыздан бергі коронавирус пневмониясы 42 мыңнан асқан. ДДСҰ мәліметінше, Қазақстанда ауырғандардың саны 173 мыңға жақындаған. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді. Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардың 3193-і (КВИ+ / U07.1 – 2041, КВИ- / U07.2 – 443, ілеспе аурулардан – 709) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінген 709 адамды жалпы статистикаға қосып есептемейді. Сарапшылар бұған қарсы. Олардың айтуынша, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған.