Бүгін, 24 сәуірде Алматыдағы Шоқан Уәлиханов атындағы алаңда тіркелмеген Демпартия белсенділерінің ұйымдастыруымен жер митингісі өтті. Күндізгі сағат 12.00-де басталып, 2 сағатқа жалғасқан қарсылық шарасына 200-ге тарта адам жиналды.
Митингіге келгендер «Қазақстанның ешқандай жері ешкімге сатылмасын, шетелдіктерге жалға да берілмесін» деп талап етті.
«Парламентте қаралып жатқан заңның қабылдануына түбегейлі қарсымыз»
Қарсылық акциясында алғаш болып сөз сөйлеген Демпартия жетекшісі Жанболат Мамайдың айтуынша, билік парламентте қаралып жатқан жер туралы заң жобасы арқылы қазақ жерін шетелдіктерге беруді көздеп отыр.
«Билік парламентте қаралып жатқан заң жобасы заң арқылы шетелдіктерге «орман өсіру үшін» деген желеумен жерімізді 25 жылға жалға беруді мақсат етіп отыр. Және ол заң ауыл шаруашылық жерлерін Қазақстан азаматтарына сатуды көздейді. Оны сатып алатын кімдер? Латифундистер, олигархтар, Назарбаевтың айналасында жүргендер. Қарапайым қазақ он сотық жерге жете алмай жүргенде мысалы, Розиновтың 1,5 млн гектар жері бар екен. Өмір бойы мемлекеттік қызмет жасаған Кулагиннің 80 мың гектар жері бар дейді. Темірхан Досмұхамбетовтің, Болат Назарбаевтың мыңдаған гектар жері бар. Терещенколардың жүздеген мың гектар жері бар. Соның барлығы қайдан келді? Қазір қазақты жерден айыру саясатын көріп отырмыз. Билік бізді тәуелсіздіктен түбегейлі айырғалы отыр. Біз бұған түбегейлі қарсымыз. Заңның қабылдануына түбегейлі қарсымыз» деді Мамай.
«Назарбаевтың жемқор жүйесі тәуілсіздігімізге қауіп төндіріп тұр»
Белсенді Абзал Достияров «мемлекет тәуелсіздігіне қауіп төндіріп тұр» деп Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ол құрған жүйені айыптай сөйледі.
«Назарбаевтың мақсаты – қазақты жерінен айырып, мемлекетімізді құрту. Назарбаевтың жемқор жүйесі тәуелсіздігімізге қауіп төндіріп тұр. Ол құрған диктатор жүйеге, қандықол қарақшы жүйеге барлығымыз қарсы шығуымыз керек. Назарбаевтың билігіне қазақтың жерін талан таражға салғызып қоймаймыз. Жер оның жекменшігі емес» деді Достияров митингіде сөйлеген сөзінде.
Қарсылық акциясында сөз сөйлегендер негізінен «Қазақстан жеріне Қытайдан қауіп төніп тұр» дегенді айтты. Жиналғандар көтеріп тұрған плакаттарда да «Қытайға жер беру – ұлтқа сатқындық!», «Қытай жерімізге көз салмасын!», «Қытай елшісі елші ме, жаушы!», «Қытай зауыттарына жол жоқ!» деген ұрандар жазылған. Десе де, Қытай ғана емес, Ресейден де қауіп бар екені айтқандар болды. Солардың бірі – қоғам белсендісі Рысбек Сәрсенбайұлы.
«Қытайды көп айтамыз, ал солтүстіктегі көршіні неге ескермейміз? Ол Украинада не істеді? Донецк мен Луганскіні қалай бөлшектеді? Мұның бәрі не үшін? Жер үшін. Әзербайжандағы Қарабақ не үшін? Жер үшін. Сондай соғыс, қақтығыстың бізге керегі жоқ» деді Сәрсенбайұлы.
Тосқауылға тап болған шеру
Жиналғандардың ішінен 30-ға жуық адам 2 сағаттай сөз сөйлеп, түрлі талаптар айтылған соң митингіні ұйымдастырушы Жанболат Мамай жиналғандарды Республика алаңына қарай шерулетуге шақырды. Бір топ наразы шерулете бастағаны сол еді, полиция жасағы олардың жолын бөгеп, Республика алаңына қарай жүргізбей тастады. Қарсылыққа тап болған наразылар Уәлиханов алаңына қайтып келді. Сол жерде Жанболат Мамай жиынды қорытындылап, билікке талап қойды, жиналғандар оны қостады.
«Билік біздің шерулетіп жүруімізден қатты қорқып отыр. Басқа да адамдарда бізге қосылып кете ме деп қауіптенеді. Сондықтан да бізді Тәуелсіздік алаңына жебермей тұр. Мына полициялар бізден екі есе көп. Қарсылассақ бір жеріміз зақымдануы мүмкін. Сондықтан тарқайық. Бірақ бұл соңғы митинг емес. Билік біздің бүгінгі айтқан талаптармызды орындамаса, егер сенат даулы заңды қабылдаса, 15 мамырдан бастап Республика алаңында шатыр тігіп, сол жерде аштық жариялаймыз» деді Жанболат Мамай.