АҚШ президенті Джо Байденнің ресми түрде президенттік қызметін бастағанына 100 күн толды. Осы аралықта ол Трамп ұсынған «Ең алдымен – Америка!» ұранынан бас тартып, ұстанымын «Қайта оралған Америка» деп жариялады. Саяси аренада АҚШ қайтадан көш бастайды деген Байден жүз күн ішінде өз бағытын анық көрсетті.

Біздіңше, Байден үшін ең маңыздысы – ішкі саясат. Бірінші кезекте коронавирусқа қарсы күрес жүргізуді қолға алғандықтан, қазір Америкада азаматтарды вакцинациялау қарқыны жоғары. Сондай-ақ АҚШ Конгресімен жүргізілген келісім нәтижесінде ұлттық экономикаға триллион доллар көмек бөлді.

Жыл соңына қарай АҚШ-тың экономикалық дамуына бюджеттен қыруар қаржы бөлінбек. Елде 100 млн екпе салу міндеті мерзімінен бұрын орындалған. Ендігі мақсат – бұл көрсеткішті 200 млн-ға жеткізу. Бұл өз кезегінде Байденнің танымалдылығын 60%-ға дейін арттырған.

Ендігі кезекте – сыртқы саясат. АҚШ-тың Қытай мен Ресейге қарсы саясаты бұрынғыдан да қатаңдатылды десек болады. Әлемде басты назарда тұрған демократия мен автократия жүйесінің қайсысы тиімдірек деген мәселеде Ақ үй әкімшілігі өз позициясын анық көрсетіп келеді. Байден бұл тұста Ресей коммунистік идеология шырмауынан шыққанмен автократ ел ретінде қалды деп айтқан. Ол Бейжің мен Мәскеуді адам құқықтары өрескел бұзылатын мемлекет ретінде сынға алып, бірнеше мәрте санкция енгізді. Тіпті, ол сұхбатында Путинді «қандықол қылмыскер» санайтынын да ашық айтты.

Дегенмен, Вашингтонның Мәскеуге қатысты санкциялар режимін қатайту туралы шешімі мен Байденнің Путинге Еуропада екіжақты саммит өткізу туралы ұсынысына қарамастан Ресей-Америка қатынастарында әлі айтарлықтай өзгерістер болған жоқ. АҚШ-тың Қытаймен байланысында да дәл солай.

Ауғанстан жағдайында Трамптың ізімен АҚШ әскерлерін шығару саясатын жүргізіліп жатыр. Ал Иранмен байланыста прогресс бар. Байден әкімшілігі мен Иран алдағы айларда ядролық келісімді қайта іске қоспақ. Трамп 2018 жылы ядролық келісімнен туралы шешім қабылдаған.

Байден саясатын сараптағанда, АҚШ ұлттық қауіпсіздік стратегиясын да ескеру керек. Аталған құжатта АҚШ-тың сыртқы саясаты Америкадағы аз топтар емес, жалпы көпшілікке қызмет етуі тиіс деп жазылған. Нәсілшілдік пен дискриминацияны жою, климаттың өзгеруімен күрес, адамдардың тұрмысын жақсарту сияқты мәселелерге ерекше назар аударылады. Стратегияда Еуропа пен Азия елдерімен одақтық қарым-қатынасты дамытудың маңыздылығы бірнеше рет атап өтіледі. Құжатқа Байденнің сайлау алдында берген уәделерінің бірі – халықаралық демократиялық форум өткізу ұсынысы енгізілген. Ол авторитарлық тенденциялар күшейген шақта демократияны қорғау мәселелеріне арналуы тиіс.

Байденнің тұсында АҚШ-тың сыртқы саясаты көпжақтылық пен дипломатияға көбірек жүгініп, Вашингтонның басты одақтастарымен байланыстары қалпына келтірмек. Бұған қоса Байден өзге елдермен бұрынғыша одақтастуға уәде беріп отыр. Солардың ішінде Азия-Тынық мұхит аймағындағы мемлекеттер бар. Ал Орталық Азия тақырыбында байден С5+1 саясатын жалғастырады.

"The Qazaq Times"