Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығы (АСЕАН) Джакартада Мьянмадағы дағдарыс бойынша арнайы саммит өткізеді.
The Jakarta Post газетіне сұхбат берген Индонезия Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Тэук Файзашиах: «Ұйымның биылғы төраға елі Брунейден ресми растауды күтеміз. Мьянмадағы ахуалды талқылау бойынша өтетін жиынды 24 сәуірге жоспарлап отырмыз. Қазір Мьянмадағы жағдай күннен күнге ушығып барады. Біз қандай да бір шара қолдануымыз керек», – деді.
1 ақпанда Мьянма әскерилері елде төңкеріс жасап, биліктегі Аун Сан Су Чжи мен бірнеше саясаткерді үйқамаққа алған. Әскерилер былтыр қарашада өткен парламент сайлауының нәтижесімен келіспеген еді. Былтырғы сайлауда Аунг Сан Су Чжи басқаратын Демократияшылардың ұлттық лигасы партиясы жеңімпаз деп танылған. Әскерилер сайлау әділ өтпеді деп санайды.
Оңтүстік Шығыс Азия елін 50 жылдан астам басқарған Мьянма қарулы күштері 2015 жылы Аун Сан Су Чжи билікке келгеннен кейін де саяси және экономикалық ықпалын сақтап қалған. 2017 жылға дейін Мьянманың Ракхайн штатында бір миллион рохинджа мұсылмандары өмір сүрген. Бірақ халқының басым бөлігі будда дінін ұстанатын Мьянма оларды заңсыз иммигранттар деп, азаматтық беруден бас тартқан. Рохинджалар ұзақ жылдар бойы қысым көріп келе жатқандарына бірнеше рет шағымданған.
Сол жылы Мьянманың Ракхайн штатында әскерилер ислам дінін ұстанатын мыңдаған рохинджаны өлтірген. Аймақтан 700 мыңнан астам рохинджа Мьянмамен көршілес жатқан Бангладешке қашқан. Ел билігі Ракхайндағы әскерилердің әрекетін «ел тәуелсіздігіне қауіп төндіретін экстремистермен күрес» деп атады. Мьянманың бұл әрекеті бейбітшілік саласы бойынша Нобель сыйлығын алған Аун Сан Су Чжидің де беделіне нұқсан келтірді.