Джо Байденнің әкімшілігі Ресейге қарсы жаңа санкция енгізу туралы жарлыққа қол қоймақ. Бұл жолғы санкциялар АҚШ-тың ресейлік кибершабуылдарға, Кремльдің АҚШ-тағы президент сайлауына килігуіне және Қырым аннексиясына жауабы дейді Ақ үй.

Шешім күшіне енсе, америкалық банктерге Ресей банкі, қаржы министрлігі, Ресей әл-ауқат қорының мемлекеттік облигацияларын сатып алуға тыйым салынады.

Америкалық ақпарат құралдарының мәліметінше, 30-ға жуық заңды және жеке тұлғаларға шектеу шаралары енгізіліп, 10-ға жуық ресейліктер АҚШ-тан шығарылады. Санкция тзіміне енетіндер қатарында шенеуніктер мен барлау қызметкерлері бар.

Сонымен қатар, Джо Байден америкалық қаржы ұйымдарына рубльмен ұсынылған бағалы қағаздарды сатып алуға тыйым салу туралы Жарлыққа қол қоюға ниетті. Тыйым маусымнан бастап күшіне енуі мүмкін.

Санкция енгізудің тағы бір себебі – SolarWinds төңірегіндегі дау. Осы жылдың қаңтарында АҚШ барлау қоғамдастығының өкілдері SolarWinds деп аталатын ауқымды кибершабуылдың артында Ресей билігі тұруы мүмкін деген қорытындыға келді. Кибершабуыл тоғыз федералды департаментке және жүзге жуық жеке компанияларға кері әсер кеткен. 18 мыңға жуық субъектке шабуыл жасалған.

SolarWinds компаниясының Orion бағдарламалық жасақтамасы 2020 жылы наурызда шабуыл салдарынан істен шыққан. Хакерлер вирус енгізгеннен кейін аталған бағдарламаны SolarWinds тұтынушылары, соның ішінде АҚШ мемлекеттік органдары және 400-ден астам ірі компаниялар жүктеген және қолданған. Бұл туралы 2020 жылдың желтоқсанында АҚШ Ұлттық барлау департаментінің, ФБР және инфрақұрылымдық және киберқауіпсіздік Агенттігінің бірлескен мәлімдемесінде айтылды. Сол кезде Мемлекеттік хатшы болған Майк Помпео «бұл шабуылға Кремльдің тікелей қатысы бар» деген нұсқаны ұсынды. Ал қаңтардың соңында АҚШ президенті Джо Байден кез келген хакерлік шабуылдың артында Ресей тұруы мүмкін деген. Ал Мәскеу Вашингтонның бұл мәлімдемесіне жауап берген жоқ.

"The Qazaq Times"