Украина президенті Владимир Зеленский қақтығыс аймағына айналған Донбасқа барды.
Украина президентінің Кеңсесі Зеленскийдің украин сарбаздарымен кездесуді жоспарлап отырғанын айтты.
Биыл ақпанның соңынан бастап Донбаста атысты тоқтату туралы келісім өрескел бұзылып, Ресей-Украина қақтығысы қайта бағыт алды. Екі жақта да қаза тапқандар бар. Олардың дені сарбаздар және бейбіт тұрғындар да бар.
Қазір Ресейдің тұрақсыздандырушы әрекеттері Украинаның шығысындағы шиеленісті ушықтыра бастаған. Наурыздың соңында Тhe New York Times газеті Мәскеудің Украина шекарасына 4000-ға жуық әскер жібергенін жазды. Басылымның мәліметінше, Ресей 23 наурызда аяқталған әскери жаттығулардан кейін Украина шекарасына жақын аймақтан әскер шығармағандықтан, АҚШ пен Еуроодақ бұл жағдайды қатаң бақылауға алған. Себебі шекараға әскер жіберу – мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтіруі мүмкін. Сонымен бірге, әлеуметтік желілерде Ресей Брянск, Воронеж және Ростов облыстарына, аннексияланған Қырымға да әскерилер жіберіп жатқандығы туралы хабарламалар жарияланды.
Ресей Украинаның Қырым түбегін 2014 жылы наурызда заңсыз аннексиялап алып, түбектегі әскери әлеуетін күшейте бастаған. 2014 жылы көкьтемде Украинаның шығысындағы Донецк және Луганск облыстарында ресейшіл сепаратистер мен үкімет әскері арасында қақтығыс басталған.
Украина мен Батыс елдері Мәскеуді сепаратистерге қолдау көрсетіп отыр деп айыптайды. Бірақ Кремль мұны жоққа шығарады. Алайда, 2016 жылы қарашада Халықаралық қылмыстық сот Украина шығысындағы қақтығысты «Украина мен Ресей арасындағы халықаралық қарулы қақтығыс» деп таныған. Америка мен Еуроодақ елдері Қырымды Ресей жері ретінде мойындаған емес.